"Махаббат әткеншегі" фильмі - режиссердің тырнақалды туындысы

"Махаббат әткеншегі" фильмі - режиссердің тырнақалды туындысы

«Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» т.с.с. балалар киносын түсірген режиссер Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаев әке жолын қуып, «Махаббат әткеншегі» деп аталатын тырнақ алды фильмін көпшілік назарына ұсынды.

«Махаббат әткеншегі» фильмі қазіргі заман жастары туралы мелодрама. Марат есімді жас жігіт екі жыл әскерде болып, ел алдында азаматтық борышын өтеп келеді. Екі жыл ішінде оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Тек Әнелге сезімі өшкен жоқ. Бірақ, Марат әскерде жүргенде көп нәрсе өзгереді. Сүйікті қызы Әнел тұрмысқа шығып кетеді. Жақын досы Сәкен қылмыстық топтардың біріне жақын болады. Әскерден келген Марат кездейсоқ көшеде Әнелді кездестіріп қалғанда, оның жақында босанып, ана атанғалы жатқанын көреді. Сүйіктісінің сатқындығын сезген Мараттың жаны ауырады. Осы кезде оған Әнелдің құрбысы Мира көмекке келіп, қолдау білдіреді. Ақылына көркі сай Мира ару Маратты ұнатып қалады. Әйтсе де, ол ақылға салып, өз сезімін білдірмей, Мараттың Әнелге кешіріммен қарауын өтінеді. Көп ұзамай Марат Әнелдің өз еркімен тұрмысқа шықпағанын біліп, сүйіктісін ренжіткен жандардан кек алуды көздейді. Себебі, әр адам бұл өмірде жасаған барлық іс-әрекетіне жауап беруі керек.


Басты кейіпкерлерді сомдаған барлық актерлердің бұл алғашқы жұмысы. Аружан Джазилбекова, Әділ Тәліпов, Динара Тілендиева, Орынғали Ахметов, Марат Тойшыбеков, Сәуле Рахмедова т.с.с көпшілікке актерлік қырынан танылды. Фильмге түсу үшін атақты «Санта-Барбара» телехикаясының жұлдызы Лэйн Дэвис шақырылған. Сондай-ақ, фильмге «Ұлытау» вокалды-аспапты ансамблінің мүшелері түскен. Ал фильм саунд-трек шығармасының авторы - Қыдырәлі Болманов.

Балалар фильмінің негізін қалаған Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар әке жолын қуып, режиссер болғанменен, әке ізін жалғастырған емес. «Махаббат әткеншегі» - пәк сезіммен қатар, зұлым әрекеттерге толы фильм. Жас қыз-жігіт махаббатының айналасын режиссер қылмыстық әрекеттермен қоршап, фильмді шетел актерімен толықтырды. Өкінішке орай, көрермен қауым шетел жұлдызының фильмдегі шағын ғана рөлінің қаншалықты маңызды екенін аңғарған жоқ.

Тоқтар Қарсақбаев баспасөз орталығында сынға аса мән бермейтіндігін, бүгін даттаған жанның, ертең келіп мақтап, алғыс айтатындығын айтып қалды. Фильмде кейбір оқиға желісі аяқсыз қалады. Туындының сюжеттік желілері өзара үйлеспейді. Кейіпкерлердің диалогтары қысқа. Қалай болғанда да, «Қазақфильм» студиясының қолдауымен түсірілген «Махаббат әткеншектегі» қазақ киносының қорын бір фильмге арттырды.

Суреттер: kazakhfilmstudios.kz

Ғ. Ұзақ