Америка киноакадемиясы "Оскар" премиясынан үмітті фильмдер тізімін жариялаған болатын. Номинация саны бойынша Дэвид Финчердің "Манк" фильмі мен Хлоя Чжаоның "Көшпенділер жері" туындысы көш бастап тұр. Бүгін номинанттар тізіміндегі көруге тұрарлық, берері мол атақты фильмдердің бестігін назарларыңызға ұсынамыз.
Mank | Манк
Дэвид Финчер – халыққа өзінің "Семь", "Бойцовский клуб" және "Девушка с татуировкой дракона" атты триллерімен, Facebook тарихын баяндайтын "Социальная сеть" туындысымен танымал. Одан бөлек, оның сериялық кісі өлтірушінің санасына көз жүгірткен "Охотник за разумом" сериалы үздік экранизация атанған еді.
"Манк" фильмінде сценарий жазушы Герман Дж. Манкевич пен оның "Гражданин Кейн" атты фильмімен жұмысын баяндайды. Басты рөлді Гари Олдман сомдайды. Екінші санатты рөлдерді Аманда Сейфрид, Лили Коллинз және Том Берк сомдайды.
Туынды Netflix сервисінде 4 желтоқсанда шықты. АҚШ-та шектеулі түрде сатылды. Оған шолу жасағандардың ойы екіге бөлінді. Кино сыншылар актерлік шеберлік пен режиссер жұмысын бағалағанымен, интерпретацияға келгенде автор ойымен келісе қоймады.
"Манк" 78-ші "Алтын глобус" премиясы кезінде алты негізгі номинацияға іліккен еді. Енді Финчердің фильмі "Оскар" премиясында он номинация бойынша бағын сынап көреді.
Nomadland |Земля кочевников | Көшпенділер жері
Хлоя Чжао — "Оскардан" үмітті, қытайдан шыққан алғашқы әйел-режиссер. Фильм тұрғылықты жеріндегі зауыт жабылған кезде жұмыссыз, үйсіз қалған 60 жастағы жесір Ферн туралы. Ол фургонға бар затын салып алып, штаттан штатқа көшіп жүреді. Оның отбасысы жұмыс іздеп елді кезіп жүрген "көшпенділер" болады.
Фильм тұсаукесері 2020 жылдың 11 қыркүйегінде өтті. 77-ші Венеция кинофестивалінде басты сыйлық "Алтын арыстанды" жеңіп алды. Торонтодағы Халықаралық кинофестивальда көрермен көзайымы атанса, Америкалық киноөнер институты мен АҚШ Ұлттық киносыншылар кеңесі фильмді 2020 жылдың үздік ондығына қосып қойды. "Көшпенділер жері" "Алтын глобуста" премиясында "Үздік драмалық фильм" және "Үздік режиссер" номинацияларын жеңіп алды. Чжао бұл номинациялар бойынша жеңіске жеткен екінші әйел және алғашқы азиялық болып тарихқа кірді.
The Trial of the Chicago 7 | Суд над Чикагской семеркой | Чикаголық жетеудің соты
Аарон Соркиннің фильмі 60 жылдардың аяғында Вьетнамдағы соғысқа қарсы шыққан пацифист тобының соты туралы баяндайды. Актерлік құрам мен Соркиннің ерекше сторителлинг шеберлігі фильмді соңғы жылдардығы ашық әрі нақты пікір білдіру көзі еткендей. Соркин Саша Барон Коэн, Эдди Редмэйн, Джозеф Гордон-Левиттм, Марк Райланс, Джереми Стронг және өзге де әртістермен мемлекеттік полициядан халықты қорғау тақырыбын көтереді. Фильм 2020 жылдың қазан айында Netflix сервисінде жарыққа шықты.
The Father | Отец | Әке
Энтони Хопкинс Лондонда жалғыз өмір сүріп жатқан, қызының ойынша күтушіге зәру қарт әкенің рөлін сомдайды. Ол болса күтуші қажет емес дейді, барлық үмтікерді қайтарып жібереді. Флориан Зеллердің драмасы 2012 жылы жарыққа шыққан француз пьесасының негізінде түсірілген. Басты рөлдерді Хопкинс пен Оливия Колман сомдайды. Әлем бойынша тұсаукесері "Сандэнс" кинофестивалінде 2020 жылдың 27 қаңтарында өтті.
Minari / Минари
Бұл драманы корей текті америкалық режиссер Ли Айзека Чун түсірді. Фильм 1980 жылы америкалық қоғамға үйренісуге тырысып жүрген корей отбасының басынан кешкендерін баяндайды. Кейіпкерлер арман қуып, Арканзастағы кішкентай фермаға көшіп келеді. Артынан олардың салт-дәстүрді ұстанатын әжелері келеді. Бірақ, "америкалық арманға" жету жолында қиындықтар мен мәселелерге тап болады. Фильм алғаш рет "Сандэнс" кинофестивалінде көрсетеліп, әділ-қазылар алқасының шешімімен Гран-при және көрермен көзайымын жеңіп алды.