- Негізгі бет
- Кино
- Айтса сенбейтін оқиға...
Айтса сенбейтін оқиға
5 наурыздан бастап отандық киноқорға "Жаным, ты не поверишь!" атты комедия қосылмақ. Фильм режиссері – Ернар Нұрғалиев.
Фильм тұсаукесерінде түсірілім тобы сөз сөйледі. Туындының төрт продюсері (Жандос Айбасов, Ернар Нұрғалиев, Азамат Дулатов, Тимур Шевченко) бар.
Жандос Айбасов сөзін "Бөлінбей, бәріміз біріге жұмыс істесек, керемет фильм шығады" деп түйген болатын. Біріккен ұжым дайындаған өнімнің нәтижесін көруге халық бұл жолы көп жиналды.
Фильм комедия жанрында түсірілсе де, айтар ойы салмақты. Бейбіт шеру, бала тәрбиесі, дәрінің қымбаттауы, достықтың шын бейнесі, қоғамнан қалып қойған адам, психикалық дерт, мал ұрлығы, қылмысты жасыру, тағы сол секілді мәселелер бір фильмге арқау болғаны сонша, бір-бірімен қалай шиеленіскенін аңғармай қалуға болады.
Жоғарыда тізілген мәселелер негізі күлетін де нәрсе емес. Бірақ біздің қоғамда болып жатқан соң, өз-өзіңе сарказммен қарайсың да, сол образдардан кейде көрші апайды, кейде нағашы ағаңды, кейде тіпті өзіңді танып, еріксіз күлесің.
Шытырманға толы фильмде интрига көп. Қай жерде қандай қылмыс болатынын сезбей, аяқ астынан өлімнің куәгері атанасыз. Соңы да "жалғасы бар" деген үн тастайды.
Фильмде қолданылған ескі әндер жақсы таңдалған. Роза Бағланова, Дос-Мұқасан, Нұр-Мұқасан секілді әншілердің хит туындылары құлаққа жағымды және тақырыпқа сай келеді. Өшіп, қолданыстан қалып бара жатқан мақал-мәтелдердің рөлін, маңызын да көрсете білген сценаристерге алғыс. Айтпақшы фильмнің сценарийін Жандос Айбасов, Алишер Утев, Ернар Нұрғалиев бірігіп жазған.
Саундтрек, локация, актерлік құрам таңдауда команда еш жаңылмаған. Хоррор сәтте шошынып қалатыныңыз болмаса, құлақ та, көз де рахаттанады. Фильмде жаңа актерлер де, танымалдары да бар. Бірақ ең қызығы, Дулыға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров, Алмат Сағатов, Рүстем Жаныаманов, Қадырғали Көбентайларды жаңа образда, басқа қырынан танып, мәдени шоктан ләззат аласыз. Бірақ бір образдың басы артық болғандай. Оның кім екенін фильмнен көре аласыздар. Комедия 5 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеарында көрсетіледі.
Жүрегі ауыратын, психикасы әлсіз жандарға көруге болмайтын тұстары болғандықтан, +18 деген ескертпесі бар. Сіздің басыңыздан осындай шытырман өтсе және оны біреуге айтсаңыз, оның сенбейтіні белгілі.
Г. Берік