- Негізгі бет
- Кино
- "El Freeman": "Америкалық...
"El Freeman": "Америкалық арман" қуған иммигрант
Кеше Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында Америкаға арман қуып барып, жолдан жаңылған жігіттің басынан кешкендерін баяндайтын "El Freeman" (Азат) фильмінің жабық көрсетілімі өтті.
Фильмнің бас кейіпкері Лос Анджелесте заңсыз жолмен жүк тасушы болып күнін көріп жүрген жас жігіт — Эл. Үй-күйсіз ол көлікте түнеп, тапқан табысымен қарыздарды жабуға мәжбүр. Өзінің досы Артурмен бірге ол өздерінің тапсырыс берушілерінің үйлерін тонайды. Жұмыс барысында Эл Амбассадор есімді жағызбасты қартпен танысады. Жақын араласа, оның жақсы адам екенін ұққан ол ұрлық жасаудан бас тартады. Бірақ, қасындағы серіктесі Артуға оның бұл идеясы қатты ұнай қоймайды.
Кинодағы кейіпкер мен өмір кейіпкері:
Биыл қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстаннан 34,2 мың адам көшіп кеткен. Жылдағы көрсеткіштен 8,3%-ға жоғары. Бестік қатарына АҚШ та кіреді. Көбінің "америкалық арман" қуып кететіні жасырын емес. Бірақ, бәрінің жолы бірдей бола бермейді. Біреуі бармақ тістеп елге қайта оралса, енді бірі аяққа тұру үшін өмірінің жартысын құрбан етеді. Кинодағы Эл шынайы өмірден алынған. Оның да басында арманы мен мақсаты болды. Бірақ, бөтен жер өз "бөтендігін" көрсетті.
Америка Құрама Штаттарындағы қазақтардың басынан кешкен оқиғаларымен бөлісіп жүрген әріптесіміз Ербол Молдажанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қызықты ақпаратпен бөліскен болатын: "Америкада алғашқы айларда жанымды жеп жұмыс істедім. Ішіп-жемнен тиып, ақшамды барынша үнемдедім. Артық-ауыз қыдырмадым. Ойымның бәрі көбірек ақша табу болды. Қайда шақырады, сонда жұмыс істей бердім. Арасында 2-3 сағат ұйықтап тұрып кеткен күндер де болды. Бірақ, жарты жылдан кейін "заряд" бітті. Ештеңеге бұрынғыдай құлшыныс жоқ. Оған себеп: айдың соңында қалатыны - бір сумма. Қанша тапқаныңмен, мұндағы қымбат өмір табыстың біраз бөлігін қағып алады. Содан жанталасуды қойдым. Қазір өзімнен ештеңе аямаймын. Жаным қаласа, тоқтап, демаламын. Ұнатқан тамағымды жеймін. Friday сайын достармен жиналып тұрамыз. Қысқасы, дәл қазіргі сәтпен өмір сүріп жүрмін. Бірақ болашақта бірдеңе істеу керек екенін түсінемін. Өйткені, бел де баяғыдай емес, көп "нагрузкаға" шыдамайды" — деп беймәлім қазақстандықтың өмірін баяндапты.
Кейіпкерлер арасындағы басты байланыс – олардың мақсаттарының шашыраңқы болуы. Ерік-жігер, талпыныс пен мақсат болмаса, мемлекеттік экономикалық жағдайы ешқандай рөл ойнамайды. Өмірдегі кейіпкер өзінің бір орында тұрып қалғанын қалай ұқса, фильмдегі Элге белгісіз бір адам жол сілтейді. Амбассадор есімді азамат Элге: "Сенің қалай адасқаның маңызды емес, өйткені бағытыңды өзгертуге сенің кез келген уақытта мүмкіндігің бар" — деп кеңес береді. Элге бұл күш береді.
Киноны көру үшін көрермен өзің қалай дайындауы керек?
Бірден фильмнің біз үйренген стильден өзгеше екенін ұғынып барғаныңыз жөн. Фильмде уақыт та, оқиға да "секіріп өтеді". Таңертең саябақта басталған әңгіме бірден кешкісін көлікте жалғасады. Фильмде мұхит толқыны, шағалалар, кешкі қала, яғни пейзаж жиі көрсетіледі. Бас кейіпкердің образын ашуға тырысады. Бірден Эл сізге енжар адамның бейнесін еске түсіреді. Кейін оқиға өрбіген сайын өз ойы мен пікірі бар адам екенін түсіне бастайсың. Ең жағымды кейіпкер – Эл мен Амбассадордан гөрі, Саммер есімді бойжеткен. Бірақ, оның тарихы ашық көрсетілмейді. Қыздың гүл сатушысы екені ғана мәлім. Оның бейтаныс жігітпен байланысы, олардың қарым-қатынасы ашылмайды. Кейін Эл мен Саммер кездесіп, Амбассадорға барған шақта үлкен экранда "Екі күн өткен соң" деген жазу пайда болады. Бірақ, екі күннің неге жұмсалғаны да сол күйі беймәлім болып қалады. Қозғаған идеясы ғана көрерменді соңына дейін ұстап отыратын сәттер кездеседі. Фильмде клиффхэнгер тәсілі жиі қолданады. Соның бәрін есепке ала отырып, режиссер мен сценарий жазушының өзіне тән стилі бар деп ақтап алуға тырысамыз.
Сізге ұнауы мүмкін:
Актерлердің ойыны көңіліңізден бірден шығады. Элдің шынымен жолы болмай жүрген жігіт екеніне сенесіз. Артурға қарап-ақ бірден ішіңізде оның жақсы кейіпкер емес екенін ұғасыз. Жағымсыз кейіпкерлерге деген аяушылық сезімі мүлде болмайды. Ал, жағымды кейіпкерлерді жан-тәніңізбен қорғайсыз. Олардың өмірінде бәрі олар ойлағандай болуын тілейсіз.
Фильм және түйін:
Фильм 2017 жылы түсірілген. Әлдеқашан өзінің өзектілігін дәлелдеп, бірнеше әлемдік жүлделерге ие болып үлгерген. Элдің басынан кешкен оқиғалары арқылы тағдырдың сынағына қарамастан, адам болып қалудың қаншалықты маңызды екенін ұғамыз. Бойындағы адамгершілік қасиетін материалдық жағдайға алмастырмай, өзіңнің бағытынды қалыптастыру – Элдің ең үлкен ерлігі болғандай. Өмірде адасу да, қателік те болады. Бірақ, сен қай жерде жүрсең де өзіңің адам атыңды жоғалтпауың керек.
P.S "El Freeman" фильмін 12 желтоқсаннан бастап барлық кинотеатрлардан көре аласыздар.
Т. Есқали