- Негізгі бет
- Кино
- Disney ханшайымдары қай...
Disney ханшайымдары қай жерде тұрады: Аниматорларға шабыт берген елдер
Кинематография өкілдері түсірілім алдында фильмде немесе сериалда көрініс табатын жерлерді зерттеуге барады. Ойдан шығарылған әр әлемнен өмірде бар қалаларды және атрибуттарды байқауға болады. Disney ханшайымдары туралы мультфильмдер қандай елдермен байланысты екенін зерттеп көрейік.
"Батыл жүрек": Шотландия
Мультфильмдегі оқиға орта ғасырдағы Шотландияда Дунброх патшалығында өтеді. Бұл жер ойдан шығарылған, бірақ ол көптеген тарихи шынайы сипаттамаларға ие. Мысалы, корольдік сарай Шотландиядағы Эйлин Донан және Данноттар сарайларынан айнымайды. Сценаристер сарайды дөң үстінде орналастыруды жоспарлайды, бірақ оларға әдемі Данноттар шабыт сыйлайды: нәтижесінде, олар оқиға орнын жағалауға ауыстыруды шешеді.
Мультфильмдегі Дунброх патшалығы
Мультфильмдегі табиғат Ұлыбританияның солтүстік бөлігінің табиғи көрінісін қайталайды. Соның ішінде, кинематографистер Каледон қарағай ормандары сақталған биік таулы аймағынан шабыт алған.
Кейіпкерлердің гардеробы Орта ғасырдағы шотланд сәнінің талаптарына сәйкес келуі және "қолдан тігілген" текстурасымен ерекшеленуі керек болды. Суретшілер әр қауымға атақты шотландтық торлы оюдың бірегей дизайнын ойластырған.
Шотландиядағы Эйлин Донан және Данноттар қорғандары
Мультфильмді қараған кезде детальдарға мән беріңіз. Ханшайымның бөлмесіндегі шахматтар – 1831 жылы Льюис аралынан табылған ортағасырлық шеберлер дайындаған атақты жинақ. Қазір ол Шотландиядағы Ұлттық мұражайда сақтаулы тұр. Егер Мерида патшайымға сиқырланған тәтті торт бөлігін ұсынған кездегі жеріне мән берсеңіз, тәрелкенің қасында қызылкүрең гүлді байқауға болады. Бұл түйетікен гүлі – Шотландияның ұлттық белгісі.
"Елена – Авалора ханшайымы": Латын Америкасы
Елена Кастильо Флорес ("Елена – Авалора ханшайымы" мультсериалындағы басты кейіпкердің толық аты-жөні) – Disney анимациясы әлеміндегі латынамерикалық ақсүйек билеушілердің бірінші мұрагері. Ол тұратын сиқырлы жер испаниялық жергілікті тұрғындардың мәдени және дәстүрлі ерекшеліктерін қамтиды.
Авалор патшалығының түпбейнесі – Мексика. Жобаны жасаушылар жергілікті мәдениет ерекшеліктерін ұғыну үшін сол жаққа барған. Продюсерлер Теотиуакан ежелгі қаласынан шабыт алған. Бұл жұмбақ пирамидаларымен танымал қала. Оның негізіне ұшатын ягуарлар өмір сүретін авалор храмы мен таулары алынған. Олар мультсериалға кездейсоқ таңдалмаған. Ол екі түрлі жануардың қосындысы: Латын Америкасының ежелгі мекендеушілері – ягуар мен Ара тотықұсы. Сьюзо – Еленаның досы әрі түлкі-елес. Ол әр адамның жануарлар әлемінде егізі бар деген майя ырымына негізделе таңдалған.
Теотиуакан ежелгі қаласы
Мультсериалды жасаушылар оны дайындаудың әр кезеңінде латиноамерикалық мәдениет сарапшыларының кеңесіне жүгінген. Мысалы, Елена салтанатты балға киген қызыл көйлекті бразилиялық дизайнер ойлап тапса, саундтректерді "Латын Грэммиі" жүлдесінің жеңімпазы Габриэлла Морено жазған. Музыка латынамерика мәдениетінде қаншалықты маңызды рөл атқарса, бұл мульфильмде де соншалықты маңызды рөл атқарады: әр бөлімде кейіпкерлер мариачи мен сальса стиліндегі музыкаға билейді және ән салады.
"Моана": Полинезия
Моана – шығу тегі полинезиялық Disney ханшайымы. Ал Мотунуи – Полинезия аймағына кіретін Тынық мұхитында шашыранды орналасқан мыңдаған аралдардың жинақтық атауы. Моана есімі гавай тілінен "мұхит" деп аударылады.
Мультфильмді жасау кезінде режиссерлер бірнеше ай бойы полинезиялық мәдениет пен мифологияны зерттеп, шабыт табу мақсатында және жер шарының беймәлім бөлігі туралы дұрыс білім жинау үшін Фиджи, Самоа және Таитиде саяхаттаған. Олар Сигатока құмды төбе Ұлттық саябағына, Фиджи мұражайына және археологиялық қазындыларға барған. Бұл жерлер нағыз қазына қоймасы болып шықты: жәдігерлер арасында ежелгі қайықтар, құрал-саймандар және сазды бұйымдар болды.
Самоа
Мультфильмді дайындауға тіл мамандары, тарихшылар және антропологтар да кірісті. Тіпті, татуировкаларға дейін зерттелді: ол жергілікті тұрғындар үшін жай әшекей ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа берілетін өнер.
Саундтрек авторларының бірі – Опетайя Фоаи. Ол – жергілікті фольклордың дамуына үлес қосықаны үшін "Ең үздік тынық мұхиттық орындаушы" сыйлығымен марапатталған әнші.
"Мұзды өлке": Норвегия
Disney студиясының аниматорларын Эренделді жасауға Норвегия шабыттандырған. Бұл патшалықтың есімінің өзі Арендал деп аталатын норвег қаласына ұқсайды. Ханшайымдар өмір сүретін сарай көрермендерді Ослодағы Акерсхус қорғанына апарады. Ал Эльзаның мұзды сарайын "құру" үшін мультфильм авторлары Квебектегі мұзды мейманхана ішіндегі жарық сәулелерінің сынуын ұзақ бақылаған.
Эльзаның мұзды сарайы мен Квебек мұзды мейманханасы
Фильмде қар маңызды рөл атқарады. Аниматорлар Вайоминг штатындағы Джексон-Хоул аңғарына қардың түрі әртүрлі ауа райы шарттарында және түрлі жарықта қалай өзгеретінін зерттеуге барған. Сондай-ақ қар жамылғысы барлық мүмкін заттармен және материалдармен өзара әрекеттескенде қандай әсер беретінін бақылаған.
Мультфильмде пайда болған барлық аттар ежелгі жергілікті "норвег фьорд" тұқымынан болып келеді.
"Мұзды өлке-2" мультфилімінің жаңа трейлері шықты
"Рапунцель: Шиеленіске толы хикая": Франция
Рапунцель өмір сүретін патшалық ойдан шығарылған, бірақ бір ғана көпірмен баруға болатын бұл жартасты арал-қала Нормандиядағы әдемі Мон-Сен-Мишельді еске түсіреді. 709 жылы салынған бұл бекініс-қала Бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұралары тізіміне кіреді.
Мультфильмдегі патшалық
Басқалардан алшақ және жасырын орналасқан ханшайым мұнарасы орналасқан алқапты жасау кезінде аниматорлар Рокамадур деп аталатын кішкентай француз қалашығынан шабыт алған.
Мон-Сен-Мишель
Рапунцельді қамауда ұстаған мұнараның қасында орналасқан сарқыраманың түпнұсқасы – Йосемит саябағындағы калифорниялық сарқырама. Ол – әлемдегі ең биік сарқыраманың бірі. Disney студиясында спецэффект бойынша жұмыс істейтін маман оны әртүрлі ракурстан суретке түсіру үшін арнайы сол жерге бірнеше күнге барған.
А. Жапатова