Жазғы аптап ыстық пен теңізден ескен бриз эстетикасын беретін 5 фильм  

Жазғы аптап ыстық пен теңізден ескен бриз эстетикасын беретін 5 фильм  

Мынадай аптап ыстықта әлі еңбек демалысына шығып, саяхатқа аттанбағандарға арналған киноленталар тізімін ұсынамыз. Кадрлар дені бассейн мен теңіз жағалауының сұлулығын бейнелейді.

1. «Бассейн», 2003 жыл
Артхаустық киноның классикасына айналған бұл туынды Француз Ривьерасындағы виллалардың көркем өміріне бойлатады. Осы жерге шабыт іздеп келген жазушы Шарлотта Рэмплингті бұл сұлулық елітіп әкетеді. Әдемі көріністер, детективтік сарын мен жазғы теңіз самалы ... Мегаполис секілді ыстық тас джунгли тұрғындарына бұл фильм бір жұтым таза ауадай болады.

2. «Бассейн», 1969 жыл
Бұл алдыңғы туындының дүниеге келуіне себепкер болған классикалық кино. Стопкадрлары инста әлемді жаулаған нағыз эстетикалық лента.

Қызғаныш махаббатты өлтіре ала ма? Жак Дереннің фильмінде бұл сұраққа біржақты жауап берілген. Десе де картина сізді сезімдер табиғатын тануға шақырады. Ален Делон, Джейн Биркин мен Роми Шнайдер сынды аңыз тұлғалардың атағы шарықтап тұрған кезінде түсірілген туынды сізді нағыз француз кинематографының атмосферасына бойлатады. Олардың сұлулығы ғана емес, фильмнің стилистикалық шешімдері де көрерменді бей-жай қалдырмайды. 

3. «Ұрланған сұлулық», 1996 жыл
Тоскананың сұлу пейзажы, Лив Тайлер дене сымбатын айқындай түсетін романтикалық шәйкөйлектер  хас суреткер Бернардо Бертолуччи туындысының көркемдігін арттыра түседі. Кино «Алтын пальма бұтағының» номинанты атанып, киноөндірістің өзге де беделді марапаттарын алған. Сюжет әкесін іздеген бикештің есею жолын көрсетеді.

4. "Теңіз жағасында" (2015) 

Атақты Голливуд жұлдызы Анджелина Джоли режиссураға бет бұрғалы көп болды. Оның алғашқы картиналарының бірі осы – "Теңіз жағасында".

Туындыда бір-бірінен әбден жалыққан, әңгімесі таусылған ерлі-зайыптылар сезімі суреттеледі. Күйеуі – шығармашылық дағдарысқа ұшыраған белгілі жазушы. Ал әйелі – кезінде атағы дүркіреп тұрса да, сахнадан кетуге мәжбүр болған биші. Олар отбасылық қиындықтардан шығар жол таппай, ажырасудың аз-ақ алдында жүрген жұп.

Махаббатты қайта жаңғырту үшін Францияның Оңтүстігінен шабыт іздеп, саяхатқа аттанған. Жалғасын өзіңіз қарап көріңіз. Айтпақшы, жазушыны Бред Питт сомдайды. Сондықтан бұл олардың жеке өмірінен тым алыс емес. 

4. «Париж күте тұрады», 2016 жыл
Элинор Копполаның фильмі диваннан жатып-ақ француз Провансына саяхат жасағысы келетіндерге арналған. Кинода гедонизм, флирт пен жағалаулардың мінсіз пейзаждары "жырланады". Сюжет бойынша күйеуі үнемі жұмыстан босамайтын бикеш Канн қаласынан Парижге көлікпен аттанады. Жолда бірнеше қалаға соғады. Бар болғаны екі күндік саяхат кейіпкердің жан-дүниесін төңкеріп, өмірдің әдемі екенін еске салады.

5.«Мұң үштағаны», 2022

Десертке 75-ші Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» жеңіп алған швед режиссері Рубен Эстлундтың туындысын ұсынамыз. «Мұң үштағаны»(Triangle of sadness) фильмі заманауи «Титаник» іспетті. 

Жоғарғы сән әлемінде өмір сүретін қазіргі уақыттың байлары бір лайнерде жиналады. Ғашықтар – топ-модельдер. Теңіз эпизодтарының көркемдігіне тамсанбау мүмкін емес. 

Бұл 48 жастағы режиссердің Канн фестивалінде алған екінші жоғарғы марапаты. Ол өзінің алғашқы «Алтын пальма бұтағын» 2017 жылы "Шаршы" (The Square) фильмімен иеленді.

Фестивальдегі алғашқы көрсетілімінде көрермен фильмнің командасын сегіз минуттық ыстық қошеметпен қарсы алды. Жабылу салтанаты кезінде жоғары марапатқа ие болған фильм екінші рет көрсетілді. Пандемияға байланысты фильм түсірілімі екі рет үзілген екен.

А. Оралқызы