Венеция кинофестивалінде Педро Альмодовардың жаңа фильмі көрсетіледі

Венеция кинофестивалінде Педро Альмодовардың жаңа фильмі көрсетіледі

Педро Альмодовардың El Deseo компаниясына тиесілі YouTube каналда жаңа фильмнің алғашқы ресми тизерін жарияланды. Оның премьерасы Венеция кинофестивалінде болады.

"Қатар ана атанғандар" аталатын картина Мадридтің мүлдем екі түрлі ортасына тиесілі тұрғындары Дженис пен Терезаның бір күнде ана атануы туралы оқиғаны баяндайды. Рөлдерді Милена Смит, Айтана Санчес-Хихон, Росси де Пальма, Джулиета Серрано, Исраэль Элехальд, сонымен қатар 8-ші рет режиссермен бір фильм түсірілімінде жұмыс істеп отырған Пенелопа Круз ойнады.

Байқап отырғаныңыздай, аса талантты Альмодовар тағы да әйелдер тақырыбын қоғаған. "Мен фильмдерімде басымдықты әйелдерге берсем ғана шынайы дүние шығара алатындай көремін. Испан әйелдері "тірі" әрі тым экспрессивті келеді. Мен олардың жан тебіренісін дәл өздеріндей сезіне алатындаймын ",- дейді режиссердің өзі бұл туралы.

Естеріңізде болса, карантинге дейін өткен соңғы Венеция кинофестивалінде испаниялық режиссер әрі сценарист Педро Альмодовар "Өмірлік жетістіктері үшін" "Алтын арыстанмен" марапатталған еді.

Фестиваль басшысы Альберто Барбера 69 жастағы Альмодоварды Бунюэльден (Луис Бунюэль "Андалусиялық төбет" атты сюрреалистік фильмімен танымал. Картинаны Сальвадор Далимен бірге түсірген.) кейінгі аса талантты испан режиссері деп атады.  

Ол сол жылғы Канн фестивалінде "Дерт пен атақ" (Dolor y Gloria) атты жаңа картинасын ұсынды. Ол кинематография мен театрдағы шығармашылықты жеке өмірден ажыратуға тырысатын өнерпаздар жолындағы қиындықтар туралы әңгімелеген. Тақырып өзге болғанымен, ол әйел, ана бейнесінен аттап өтпейді.Оның анасын мұнда да мінсіз Пенелопа Круз сомдаған еді.

А. Оралқызы