Тікелей эфирде – ұзату той

Тікелей эфирде – ұзату той
Фото: kino.kz

19 наурыз күні "Kinopark 11 (Есентай) IMAX 3D" кинотеатрында «Кез келген бағаға той» («Той любой ценой») атты отбасылық комедияның БАҚ өкілдеріне арналған көрсетілімі өтті. Фильмді «Aray Media Group»,«BozOK Film», «KANAIDAR Production» компаниялары бірлесіп, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен түсірген.

Режиссерлері: Қанағат Мұстафин және Айдын Сахаман.
Сценарийін жазған: Алишер Утев, Біржан Қабылбаев, Мадияр Нұрмағамбетов, Қанағат Мұстафин, Жанат Қасабеков, Айдын Сахаманов.
Актерлер: Шәріп Серік, Айым Сейтметова, Азат Сейтметов, Данагүл Темірсұлтанова, Ғани Құлжанов, Әсел Акбарова, Жан Байжанбаев, Ақбота-Нұр Сейтмағамбет, Динара Бақтыбаева, Қайрат Нұртас, Айқын Төлепберген, Салтанат Бақаева.
Продюсерлер: Айдархан Әділбаев, Алмас Әлімжанов.

Бір қарағанда, әдеттегі қазақтардың той тақырыбы деген ой келуі мүмкін. Алайда бұл «Ұзату тойына» арналған алғашқы фильм. Әдеттегідей қала мен ауыл өмірін салыстыру, бірін озық, бірін кем көрсету емес. Режиссер Қанағат Мұстафин сұхбатында: «Мен өз халқымды қаралап, қазақты мазақ еткім келмейді» деді. Айтқандай-ақ, юмор жанрсы болғанымен, фильмде ешкімді келеке ету, күлкі қылу байқалмайды. Бүлдірмей-ақ күлдіріп, комедияның өзге әдістерімен жүрекке жол табады.

Отбасындағы татулық, бауырлардың бір-бірі үшін жан беруге даяр екені, қандай той болса да өте жоғары деңгейде өткізуді ата-ана мойнындағы борыш санайтыны, құдалар алдында, келетін қонақтар алдындағы мерейі үстем болуын бірінші кезекке қоюы, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеуі, ақшадан да басқа бақыт сыйлайтын ұғым көп екені, шын көңілмен сенгенде ғана армандар орындалатыны – барлық оқиға осы фильмде тоғысады.

Қазір бір той жасау үшін несие алып, қарызға бататын қазақтарға қалауын тапса қар жанып, артық шығынсыз той жасауға, оны абыройлы етіп өткізуге болатынын көрсетеді. Наурыз мейрамымен тұспа тұс келген ұзату тойында Қыдыр атаны ұтымды көрсетіп, армандар міндетті түрде орындалатынын әдемі көріністермен жеткізеді.

Фильм сценраийі алты ай жазылған, орысша-қазақша аралас тілінде түсірілді, алдағы уақытта міндетті түрде толықтай қазақша нұсқаға дубляж жасалады деп жоспарланып отыр.

Алдағы күндерге той жоспарлап, оны қалай қызықты өткіземін деп бас қатырып жүрсеңіз, фильмге барыңыз, біраз идея алып келеріңіз анық. Наурыз мейрамында қыдырып, көңіл көтеріп, күліп келгіңіз келесе, отандық өнімді қолдаңыз, 21 наурыздан бастап кинотеатрларда көрсетілетін фильмнен қапы қалмаңыз.

@. @assel_assanova