"Дориан Грейдің портреті" фильмінің кейіпкері әйел адам болады

St.Vincent лақап атымен белгілі Энни Кларк есімді әнші Оскар Уайльдтің атақты романын экранизациялауға кірісті.  Әлемде ең көп оқылатын туындылар қатарындағы "Дориан Грейдің портретіне" өзгеше көзқарас танытып отырған әнші басты кейіпкерді түпнұсқадағыдай ер адам емес, әйел адам ретінде көреді екен.

Картина шығарылымымен Lionsgate студиясы айналысса, ал сценарийді Дэвид Бирк жазып жатыр. Фильм Кларк ханымның екінші режиссерлік жұмысы болғалы тұр. Оның кино әлеміндегі дебюті былтыр болған еді. Қысқаметражды фильм The Birthday Party аталады. Бұл туынды "ХХ" қорқынышты фильмдер антологиясына еніп үлгерді.

Әйгілі ағылшын жазушысы Оскар Уайльдтің "Дориан Грейдің портреті" шығармасымен барша әлем оқырмандары жақсы таныс. Бұл шығарма әлі күнге дейін ағылшын әдебиетінің жауһарлары санатынан түскен емес. Уайльд романды бар болғаны 3 апта ішінде жазып бітірген. Бұл – оның алғашқы әрі соңғы романы.