«Мәреге алғаш жеткен қабірге соңғы кіреді» – «Бен-Гур» (2016)

7 қыркүйек күні Meloman компаниясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы Esentai кинопаркінің IMAX залында Атырау облысынан шыққан талантты режиссер Тимур Бекмамбетовтың «Бен-Гур» атты фильмінің арнайы көрсетілімі өтті,- деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.

«Бауыр – бауырға, құл – империяға қарсы» сөзі ұран етіп алынған фильмнің сценариін Джон Ридли, Кит Р. Кларк, Лью Уоллес жазған, ал продюсерлері Дункан Хендерсон, Шон Дэниэл, Марк Барнетт, т.б. Драма, шытырман оқиғалар, атыс-шабыс жанрларын біріктірген фильм $100 000 000 қаражатқа түсіріліп, әлемдік аренаға 17 тамыз күні шықты, содан бері $54 087 603 қаржысын қайтарды.

Бір үйде өскен бірі асыранды, бірі туған Джуда және Мессала есімді бауырлар ажырамастай боп жүріп, жолдары екі айырылады. Бірде достасып, бірде қастасып жүріп, арада кешірілмейтін кек алауы лапылдайды.

Бейтаныс бейшараға қол ұшын созған Джуданың қайырымы өзіне таяқ боп тиеді де, ол жақсылыққа жамандықпен жауап қайтарып, қарақан басының қамын ойлайтын біреу боп шығады. Мұны кеш түсінген Джуда сол сәтте отбасы және сүйгенінен қол үзіп қалғанымен қоймай, алда қандай азапты күндер күтетінін елестетіп те үлгермеді.

Бітпестей болған бес жылда құлдыққа түсіп, кемеде тоқтамастан ескек есумен отырады. Аяқ астынан алапат болғанда, басқалары өзі өлмеудің амалын жасағанымен, одан түк шықпайды, ал «Барлығымыз опат болмас үшін, бәріміз біріміз үшін күш біріктірейік» деп ұрандаған Джуда тылсым таңғажайып арқасында жалғыз өзі аман қалады.

Кинолардың барлығында дерлік данышпан қария ролін сомдайтын актер Морган Фриман бұл жолы да сол бағытынан танбай, Шейх Илдерим атауымен ат баптайтын әрі оны жарысқа қосатын парасатты ақсақал бейнесінде көрінеді. Джуда ғайыптан тайып жағаға аман шыққанда осы Шейх Илдеримнің қолына түсіп, сегіз қырының бірі – ат баптау өнері арқылы аман қалады.

Бір қалада бейбіт тіршілікте жүріп бір-бірінен көз жазып қалуын тағдырым деп, үмітін ерте үзетін ғашықтарға Джуда үлгі болып, "бес жыл бұрынғы көйлегімен әлі жүрген" сүйіктісі Эстерді іздеп табады. Өміріне мән кіргендей боп, тіршілікке талпына түседі.

Анасы мен қарындасының мүрделерін іздеп өмір сүргенде қандай қиындықтарға төпеп беретінін фильмнен көрерсіз. Ал төрт аттың тізгінін ұстап, арба мініп жарысқа шыққанда басың бәйгеге тігілгендегі сезімді бастан кешкендей етіп сезіндіре алған киноның құдіретіне, оператор Оливер Вуд пен монтаж жасаушылар Доди Дорн, Ричард Фрэнсис-Брюс, Боб Муравски еңбектеріне бас имеске болмас. Суреттерді салған Наоми Шохан, Роберто Карузо, Марко Фурбатто және әуенмен әрлеген Марко Белтрами төккен тері мен еткен еңбегі де ерен.

Джудо мен Мессала төрт ат жеккен арбамен жарысып, жан алысып-жан берісіп жатқанда, бірде Джудомен бірге арбада ойқастап келе жатсаң, бірде аренадағы жанкүйерлермен бірге "Қане, Джудо, әп бәрекелді" деп жан ұшырып отырасың.

Автор, сценарий жазушы, режиссерлер халыққа айтпағын, асыл сөздерін, орамды ойларын кейіпкер аузына салып береді ғой. Мұнда да «Бірді білмей тұрып, көпті жазғырма», «Біздің бар мағынамыз – махаббатта», «Мәреге алғаш жеткен қабірге соңғы кіреді» деген секілді көптеген терең мәнді ойлар айтылды.

Фильм көрерменді кешірімділікке, мейірімділікке, қаһармандыққа, шыдамдылыққа, сүйе білуге, күте білуге шақырады. Көпшілікті көп күттіріп, көрермен көңілінен шыққан фильмді 8 қыркүйек күнінен бастап барлық кинотеатрдан тамашалаңыздар. Бір сәт барлығын ұмытып, басқа әлемге еніп, бой сергітіп аламын десеңіз, «Бен-Гур» фильмі – дұрыс шешім болар.