"Шекарасыз халық аралық комедия"

Егер адамзат тарихында жазылған жырларды алып қарасаңыз, соның дені әрі жалпыға танымалдары махаббат жайлы. Адамзат махаббатты жырлаудан шаршамаған. Неге десеңіз, махаббат хикаялары әр алуан боп келеді. Ол хикаялар ешқашан бір-бірін қайталамайды. Себебі, махаббатта шекара жоқ! 

21 қазан күні Meloman холдингының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы "Bekmambetov Cinema" кинотеатрында ресейлік «Шекарасыз» (Без границ) фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фильм өндірушілерінің айытуынша, бұл шекарасыз халық аралық комедия. Фильмде бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірімен мүлдем байланысы жоқ қатар өтіп жатқан төрт хикая көрсетілген. Жай хикаялар емес, махаббат хикаялары. Егер бірінші оқиға Мәскеу аэропортында болса, екінші оқиға алып шаһардың орталығында, ал үшіншісі Арменияда, төртіншісі Грузияда өтуде. Әрқайсысы өзінің ерекшелігімен әрі өміршеңдігімен қызық.

Мысалы, аэропортта өтіп жатқан оқиғаның басты кейіпкерлері – аэропорт қызметкерлері мен танымал футболшы. Қызметкерлер бір күн бұрын өткен маңызды футбол матчында футболшының гол соға алмағанына наразы және оның әр ісіне сынмен қарайды. Ал ойыншы өз кезегінде ондай сындарға үйреніп қалған, өз басының мәселелерімен өмір сүретін адам. Екі жақ бір-бірімен кездескенде арада кикілжің туып, артынша ол кикілжіңнің нәтижесі көп мәселенің ауызын ашуға алып келеді. Екінші оқиға желісіне келсек, онда әкесінің ақшасына өмір сүріп үйреніп қалған жас жігіт досымен бәске түседі. Бәстің шарты бойынша ол ұнатқан қызын ақшаның көмегінсіз өзіне қаратуы тиіс. Жеңсе, досы оның айтқанын орындайды, ал жеңілсе, ол өзінің қымбат көлігін досына сыйға тартады. Бұл оқиға қалай аяқталатынын және бұл оқиғадан да қызық үшінші әрі төртінші оқиғалардың қандай екенін ашып жазбай-ақ қояйын, оны бүгіннен бастап өзіңіз еліміздің кез келген кинотеатрына барып көре аласыз.

Фильмдегі әр оқиғада үлкен мағына жатыр, әрқайсысының айтар ойы бар. Бірі адамды толық танымай жатып, ол жайлы шешім шығаруға асықпауға үндесе, екіншісі ақшаның әркез маңызды емес екенін көрсетеді. Үшінші оқиға болса махаббатты уақыт та "өлтіре" алмайтынын, ал төртінші оқиға махаббаттың ерте-кеші жоғын жырлайды.

"Шекарасыз саяхатта, шекарасыз өмір сүр, шекарасыз арманда, шекарасыз ғашық бол!" - деген ұраны бар бұл туынды комедия жанрында түсірілген.