Алматыда ресейлік "28 панфиловшы" фильмінің түсірілімі өтті

Алматыда ресейлік "28 панфиловшы" фильмінің түсірілімі өтті
Фото: st.tengrinews.kz

Ресейлік түсірілім тобы "28 панфиловшы" фильмінің бірнеше кадрын түсіру үшін Алматыға келді.

Түсірілім жұмыстары аяқталып, қазір картина пост-продакшн сатысына келді. Айта кетейік, фильм түсіріліміне дайындық жұмыстары 2013 жылы басталған болатын, ол кезде команда ақша жинауды қолға алды. Ниетті адамдар қаржылай көмек көрсетті. "28 панфиловшы" фильмінің бюджеті - 2 миллион доллар, оның төрт миллион рублі (шамамен 64 мың доллар) - ТМД елдері мен еуропалық мемлекеттердің қайырымды тұрғындары жинаған ақша. Сонымен қатар, түсірілімнің ортасында қаржыландыруға Ресей мен Қазақстанның мәдениет министрліктері қосылды. Қоюшы-режиссер Ким Дружининнің айтуынша, Қазақстан фильмді қолдауға 18 миллион рубль аударған, сонымен қатар, түсірілімді ұйымдастыру жұмыстарына көмектесті.

"28 панфиловшы" фильмінің жұмыстарына Ресей, Украина және Қазақстан актерлері қатысты. Қазақстандық жауынгердің ролін актер Азамат Нығманов сомдады, ол 2013 жылы Алматыда өткен "Еуразия" кинофестивалінде "Үздік актер" сыйлығын иеленген болатын. Сонымен қатар, картинаға қырғызстандық актер Азиз Бейшеналиев қатысты, ол Ақан Сатаевтың "Ликвидатор" фильміндегі ролі арқылы танылған.

"28 панфиловшы" фильмі 1941 жылғы күзде болған оқиғаларды көрсетеді, ол кезде немістер Волоколамск түбінде Мәскеуден екі сағаттық жерге таяды. Алайда сол тас жолда генерал Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы болды. Қарашаның 16-сы күні (генерал қайтыс болардан екі күн бұрын) Панфилов дивизиясының 1075 полкының 2-батальонының 4-ротасы Ұлы Отан соғысында аңызға айналған ұрысты бастан кешірді. Бұл ұрыста 28 панфиловшы Дубосеково разъезі маңына бекініп, немістің танк батальоны жолына тұрып, оларды тоқтатқан. 28 гвардияшыл-панфиловшының ерлігі Мәскеу үшін шайқастың ең жарқын символына айналды.

Дереккөз: Тengrinews.kz

Е. Жұмабайұлы