Планетамызды ойыншылар құтқара ала ма?

Планетамызды ойыншылар құтқара ала ма?
Фото: kinobiz.com

Бүгін, 2 шілде күні Меломан компаниясы мен Ретро ФМ радиосының бірігуімен Глобус кинопаркінде америкалық "Пиксельдер" фильмінің жабық көрсетілімі ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл фильм өзгелерден басты постерімен ерекшеленеді. Неге десеңіз, кез келген кинотуындының постерінде басты рөлдерді сомдайтын актерлер мен фильм идеясының астарлы символы бейнеленеді. Ал бұл фильмнің постерінде көрерменді қуантқан Адам Сэндлер, Джош Гад емес, өткен ғасырдың 80-жылдарында танымал болған аркада ойындарының бірі "Pac man"-нің суреті ғана бейнеленген.

Фильмнің көрсетілімі Адам Сэндлер мен Джош Гадтың Қазақстан халқына сәлем жолдауымен басталды.

Сэндлер ойнайтын фильмдердің барлығы комедия жанрында болғандықтан, фильмнің алғашқы тизерінен бастап көрерменді қызықтырды. "Пиксельдер" деп аталған фильм сюжеті қызық бола ма, жоқ па ешкімге белгісіз. Алайда бұл фильмді соңына дейін көрген адам қайталап көруді жоспарлауы әбден мүмкін.

Фильмнің шиеленісу кезінде көптеген адамға танымал болып үлгерген Эшли Бенсон шығады. Ерекше костюм, батыл мінез бен сұлулық астасқан Леди Лиздің рөлін Эшли толықтай алып шықты деуге болады. Фильмге түскен әрбір актер өзінің шебер екенін танытқаны сөзсіз. Бұл ең алдымен таланттың, содан соң жақсы сценарийдің нәтижесі.

Фильмнің сюжеті бойынша басты кейіпкері Сэм кішкентайынан аркада ойындарына қызығатын. Әр ойынның өзінің алгоритмі болады. Соны түсінген адам кез келген ойында жеңіске жетеді. Сэм талай байқау, жарыстарда чемпион атанады. Алайда есейген соң кәдімгі қара жұмысшы болады. Бір күні өзге ғаламшардан қауіп төнеді. Олар жерге пиксель түрінде келіп, тіршілік көзін жоюға ұмтылады. Бұл Сэмнің қаһарман атануға мүмкіндігі.

Крис Коламбустың жетекшілігімен түсірілген бұл фильмнің бюджеті 110 000 000 АҚШ долларын қамтыды. Фильмде пайдаланылған графика, декорация, құрылыстар расында да өте күрделі. 

Негізінде фильмде өзге планетадан келген нәрселер пиксель емес, воксельдер. Түсірілімге дейін жүз шақты ойын автоматтарын іздеп, қайта құруға тура келді. Donkey Kong ойынының платформасының биіктігі 20 м болды.

Ф. Абилова