"Көкжалдар мекені" фильмі туралы қызықты деректер

Көрермендер жүрегін жаулап алған түріктің атақты «Көкжалдар мекені» телехикаясының жалғасы бар ма? «2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы» Неджадидің өмірін қалай өзгертті? Актердің біз білмеген басқа да қандай да бір өнерлері бар? Полат Алемдар кім? Жалпы осы телехикая туралы қызықты мәліметтерді сіздерге ұсынбақпыз.

Актердің толық аты жөні – Мұхаммед Неджади Шашмаз. Абдұлқадир - Шашмаздың ұлы. 1971 жылы 15 желтоқасанда Түркияның шығыс аймағындағы дамыған, әдемі Елазыг қаласында дүниеге келген. Туризм мамандығы бойынша Канадада білім алған. Алты жыл АҚШ-та тұрып жатқан Неджади 2001 жылы жазда отбасына демалысқа келген. Кездейсоқ қайтар күнге билетті 11 қыркүйекке деп алған. Мінген ұшақтары АҚШ-қа барар жолдан 11 қыркүйек оқиғасы себебінен қайтарылған. Ата-анасы АҚШ-қа бармай-ақ, жандарында болғанын қалаған еді. Әке-шешесінің сөздерін тастап кете алмаған Неджади АҚШ-та тұрудан біржола бас тартады. Өмір жолын Түркияда жалғастыруға бел байлайды.

Ол Анкарада сақтандыру агенттігін ашты. Бір күні оған атақты режиссер Осман Сынав өзінің телехикая түсіретінін, оған бас рөлді ұсынатынын айтады. Ойланып көргісі келетінін айтқан Неджади, бір айдан соң келісімін береді. Көп ұзамай екеуі Ыстамбұлда кейін жұлдызы жанатын «Көкжалдар мекені» телехикаясының келісімшартына қол қояды.

Бұдан ары Неджати «Көкжалдар мекені» телехикаясының басты рөліндегі Полат Алемдарды сомдайды. Актерлік білім алмаған Неджади телехикаямен бірге танымалдығы артып, көрерменнің көзайымына айналады. Бұл телехикаяның әлі талай жыл түсірілетінін білмесе керек. Жұрт бұл телехикаядан соң актерді өмірінде Неджади емес, Полат деп айтып жүретін болған. Актердің өзі «Көкжалдар мекені» телехикаясы бар өмірін өзгерткенін, жеке шаруалармен айналысуға уақыт қалмағанын айтады. Кейіпкеріміздің бұл фильмнен басқа, өмірінде ешбір фильмге түспегенін ескерте кетейік.

Актердің Ражи Шашмаз («Көкжалдар мекені» сериялының сценаристі) және Зүбейр Шашмаз деген екі бауыры бар. Актердің жастық шағында өзі шығарған тасавуфтық діни өлеңдері және жас кезінде Анкарада жүріп басынан өткен ғашықтық оқиғасынан туған өлеңдері бар. Актер туындыларын «Акш» деген жыр жинақ кітап етіп шығарады. Кітапта «Ғашықтықтың нәубеті», «Сен және тікен», «Балықтардың исі», «Сенің даусың» атты тамаша өлеңдері бар.

Актер 2012 жылы 41 жасында, 20 жастағы Ыстамбұл университетінің экономика бөлімінде оқыған Нагехан Кашыкшымен отау құрды. Тойларын 12.12.2012 күні жасады. Өзінің айтуы бойынша ата-анасы да тойларын 12.12 күні жасаған екен. Қазігі таңда 2013 жылы туылған Али Надир атты ұлы бар.

Фильмдегі Полат кім?

Полат Алемдар Түрік мемлекеті тарапынан құрылған құпия ұйымның арнайы дайындалған жансызы. Шетелдерде құпия қызметтерде жұмыс істеген. Соңғы үш жылын Түркиядағы мафияның ішіне кіріп, іштей құртумен өткізген. Кез келген қару түрін қолдана алады, төбелес өнерін жетік біледі. Ағылшын, француз, араб, күрт, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Ол психологиялық жақсы қаруланған, ақылдылығымен қарсыластарын қапыда қалдырады. Әртүрлі қауіпті оқиғаны өз пайдасына жарата білетін адам. Тумасынан басқарушылық қасиетке ие. Жауларына қаншалықты мейірімсіз болса, зәбір көрген, езілген бейкүнә жандарға соншалықты шапағаты мол қорғаушы.

«Көкжалдар мекені»

«Көкжалдар мекені» телехикаясы «Асау жүрек» сериялының түсірілімі біткен соң қолға алынған. Фильм 2003 жылғы 15 қаңтарда Пана фильм тарапынан, «Көкжалдар мекені. Тосқауыл» деген алғашқы бөлімі түсіріліп, көрсетіле бастады.

Екінші «Көкжалдар мекені. Террор» бөлімі түсірілгенімен 2007 жылы 18 ақпанда көрсетілімнен алынды. Бұл бөлім Түркияның ішкі күштерінің саяси тартыстарын, даулы оқиғаларды экранға шығарғаны үшін тыйым салынды.

Сонымен қатар «Көкжалдар мекені. Палестина», «Көкжалдар мекені. Ирак» бөлімдері түсірілген. Қазіргі таңда телехикая желісі әлемдік саяси күштер, массондық жүйе, Сириядағы оқиғалар барысы және әлемдік кейбір саяси жағдайларды тұспалдап фильмге арқау етуде. Бастарын қауіпке тіккен бұл фильм көрсетілімінен бері талай рет фильмге қатысты әлемдік дау-жанжалдар туындаған. Дипломатиялық ресми жауаптар жолданды. Талқыланды. Түркияның сыртқы саясаты мен Еуропа және Израильмен арадағы саяси қатынасына әсер еткен. Неджади Шашмазға және фильмнің сценариін жазушыларға қастандық әрекеттері жасалған. Осыдан соң олардың жеке өмірлерінде де жандарында полиция күзетіп жүретін болды. Былтыр қараша айында фильм түсірілімі барысында Полат Алемдар жүргізіп келе жатқан автокөлік басқарудан шығып кетіп, жол көлік оқиғасын тудырған. Нәтижесінде бас рөлдегі актердің жағы сынып бір ай ауруханада емделген. Түрік баспасөз беттерінде телехикаяның бітетіндігі, соңғы бөлімі ғана түсіріліп жатқандығы, басты рөлдегі Полат Алемдар телехикаяға түсуден шаршағандығы туралы ақпарат тараған. Алайда, Pana фильм кеңесшісі ресми мәлімдеме жасап, бұл мәліметтер қауесет екенін, фильм аяқталмайтынын, әлі талай түсіріле беретінін айтты.

Түркияда ең көп тамашаланатын телехикая

Бір бөлімі 120 минуттық бұл телехикаяны, Youtube порталынан екі ай ішінде 36 миллион 305 мың адам ашып көреді. Бір ғана бөлімін 1 жарым миллион, ал арнаның ресми сайтынан апта сайын 1 миллион адам тамашалайды екен. Youtube порталында телехикаяның арабша және ағылшын, орыс тіліне аударылған бөлімдері бар. Сондай-ақ көру және есту мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нұсқалары да дайындалған.

«Көкжалдар мекені» телехикаясының барлық бөлімдерін қосар болсақ 711 миллион минут уақыт болады екен. Телехикаяның Фейсбуктағы ресми сайтында 4 миллион 370 мың мүшесі болса, Полат Алемдар парақшасында 2 миллион 250 мың мүшесі бар. Басқа да әлеуметтік желілерде мыңдаған қолданушылары бар. Телехикая Түркиядан бөлек Германия, Бельгия, Голландия, Австрия, Ұлыбритания, Швеция, Ресей, Мысыр, Қырғызстан, Қазақстан, АҚШ және Австралия телеарналарында көрсетіледі.

«Бағасы қымбат» дейді отандық телеарналар

Телехикаяның көрсетілгеніне 12 жыл болды. Жаз мезгілінде үзіліс жарияланып, жылдың қалған 3 мезгіл бойы түсіріледі. Қазіргі таңда түріктің «D» каналында көрерменге жол тартуда. Елімізде бұл телехикаяның бөлімдері «Хабар», «31» арналарынан көрсетілген. Соңғы жылдары көрсетілмейді. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, телехикая құны қымбат. Жоғарғы сапада түсірілген, Голливуд мамандары атсалысатын, бюджеті қомақты телехикаяны сатып алуға қаражат жетпейді. Біздегі арналар телехикаяның соңғы жылы түсірілген бөлімдерін жыл өткесін, ескіріп, құны арзандаған кезде алып көрсететінін мамандар айтуда.

Дайындаған: Тұрықбайұлы Назар