Қазақстанға «Годзилла» келді

Қазақстанға «Годзилла» келді

Алып кесіртке туралы әйгілі франшизаның жаңа фильмін қазақстандықтар бүгіннен, яғни 15 мамырдан бастап көре алады. Бұл туралы meloman.kz мультимедиялық порталы хабарлап отыр.

Жапонша ゴジラ (годзира), ал әлемге Годзилла болып танылған алып кесіртке туралы фильмнің биыл 60 жылдығы. Соған орай фильм режиссері Гарет Эдвардс франшизаның жиырма тоғызыншы фильмін шығарып отыр. Ал культқа айналған фильмнің америкалық нұсқасын Роланд Эммерих 1998 жылы түсіріп қойған болатын.

«Годзилла, әрине, зұлымдықтың белгісі. Фильмнің негізгі көтерген тақырыбы адам мен Годзилла кейпіндегі табиғаттың соғысы. Бұл тартыста жеңіске жету мүмкін емес. Табиғат әрқашан да жеңіске жетіп отырады – фильмде айтқымыз келген негізгі ой осы», – дейді фильм режисері Гарет Эдвардс.

Фильмнің түсіріліміне қанша қаражат жұмсалғаны ресми түрде мәлім болған жоқ. Бірақ режиссердің "материалдық жағынан жақсы қамтамасыз етілген" және "400 адамнан тұратын түсірілім тобымен фильм түсіру оңай емес" деп меңзегенінен-ақ фильмге өте көп ақша жұмсалғанын бағамдай беріңіз. Тіпті, нақты емес деректерде, фильмге кеткен қаражат $160 млн. доллар болғаны да айтылыпты. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейінгі түсірілген «Құбыжықтар» («Монстры») фильмінің қаражаты тек $500 мың болған.

Бұл фильмде алып кесірте жалғыз құбыжық емес. Фильм тизерінде көрсетілгендей, онда ұшатын құбыжықтар да болады. Ғылымның қателігінен пайда болған птеродактильге өте ұқсайды. Мұны тизерінен де көре аласыз: 

Осыған орай, фильм туралы қызықты деректерді ұсынамыз:

  • Бұл фильм Warner Bros. студиясының Legendary Pictures студиясымен бірігіп жасағат соңғы жұмысы.
  • Бұған дейінгі соңғы "Годзилла" 1998 жылы шыққан. Сонда бұл годзилла туралы франшизалардың арасындағы ең ұзақ мерзім бойы көрерменге ұсынылмаған сериясы.
  • Фильмнің постері мен трейлері тұңғыш рет Comic-Con көрмесінде 2012 жылы көрсетілген болатын.
  • Фильмнің екінші аты – «Наутилус».
  • Шығармашылық келіспеушілік салдарынан продюсерлер Дэн Лин мен Рой Ли жобадан шығып кеткен.
  • Фильм франшизаның 60 жылдығына орай шығып отыр.
  • Фильмнің операторы Шеймас Макгавари қызық бір жағдайға тап болған. Ол көршілес алаңда түсіріліп жатқан «Маймылдар ғаламшары: Революция» («Планета обезьян: Революция») түсірілім тобының арасында адасып жүріп қалған. Сөйтсе, аталған фильмнің түсірілім тобы да олармен бірге Ванкуверде жұмыс жүргізіп жатқан екен. Қолына фотомер құралын алып, арлы-берлі жүрген ол өз қателігін кейіндеу бір-ақ біліп, өз түсірілім тобына қосылыпты.
  • Режисер Гарет Эдвардс пен дизайнерлер тобы Годзилла туралы барлық фильмдерді көріп шыққан екен. Осыған орай, Эдвардс былай дейді: «Мен фильмдерді былай көргім келді: ойлап көріңіз, 1950 жылы Годзилланы өз көзімен көрген Toho киностудиясының дизайнерлері қалай бейнелейтін еді? Міне, біз де оның табиғатын барынша дәл беруге тырыстық».
  • Бұл фильмде Брайан Крэнстон есімді актер басты рөлді сомдайды. Ол бұған дейін ауыр індетке шалдыққан адамның рөлін сомдаған болатын («Во все тяжкие»). Ал 1954 жылы шыққан тұңғыш фильмде түскен Такаси Симура да оның алдында түскен фильмде дәл сондай рөлді сомдаған екен («Жить» 1952).

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: musicacinetv.wordpress.com

А. Құлтай