- Негізгі бет
- Қазақстанда жасалған
- Ұлт тұлғалары бейнелеген...
Ұлт тұлғалары бейнелеген монеталарды қайдан сатып алуға болады?
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі номиналы 500 теңгелік "Қазақстанның бейнелеу өнері" монеталар сериясынан "Á.Qasteev "Búrkitshi" коллекциялық монеталарын және номиналы 100 теңгелік "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" сериясынан "I. Jansúgirov. 125 jyl", "S. Seifýllin. 125 jyl", "B. Mailin. 125 jyl", "T. Rysqulov. 125 jyl" коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады.
Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Номиналы 500 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Күміс монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
"Brilliant uncirculated" дайындау сапасы бар мельхиор қоспасынан дайындалған монеталар арнайы полиграфиялық ораумен шығарылады. Коллекциялық монеталарды "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Коллекциялық монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық аумақтық филиалдарында, сондай-ақ www.nationalbank.kz сайтындағы Интернет-дүкен арқылы сатып алуға болады.
"Á.Qasteev "Búrkitshi" монеталарының сипаттамасы:
Бұл монета ұлттық мәдениетіміздің байлығын танымал етуге және Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі (графика, мүсін, бейнелеу, мозаика және т.б.) бағыттардың толық аясын ашып көрсетуге арналған "Қазақстанның бейнелеу өнері" монеталар сериясын жалғастырады.
Монетаның дизайнында қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы, Қазақ КСР Халық суретшісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбілхан Қастеевтің (1904 жылғы 14 қаңтар – 1973 жылғы 2 қараша) "Бүркітші" деген картинасының бейнесі пайдаланылды. Монеталар түрлі түсті басу технологиясын қолдана отырып күмістен дайындалды.
Монетаның аверсінде орталық бөлігінде ою-өрнек аясында QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY ∙ РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН" деген жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы орналасқан. Төменгі бөлігінде – монетаның номиналы, соғылған жылы және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін жазба бар. Жоғары бөлігінде "Á.Qasteev "Búrkitshi" деген жазба және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тауар белгісінің (логотипінің) бейнесі орналасқан. Бейнелер және жазбалар жылтыр бетте орындалған.
Монетаның реверсінде қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің "Бүркітші" деген картинасының бейнесі орналасқан.
Техникалық сипаттамалар:
Монеталар 925/1000 сынамды күмістен дайындалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 35х45мм, дайындау сапасы – "proof", таралымы – 1 000 дана.
"I. Jansúgirov. 125 jyl", "S. Seifýllin. 125 jyl", "B. Mailin. 125 jyl", "T. Rysqulov. 125 jyl" монеталарының сипаттамасы:
Бұл монеталар қазақ тарихындағы әйгілі тұлғалардың туғанына 125 жыл толуына арналған.
Ілияс Жансүгіров – қазақ әдебиетінің классигі, ақын. Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы.
Сәкен Сейфуллин – заманауи қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын және жазушы, мемлекет қайраткері. Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы.
Бейімбет Майлин – қазақ жазушысы, драматург.
Тұрар Рысқұлов – белгілі саяси және мемлекет қайраткері.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық оюөрнектің элементтері. Айналдыра "QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN" деген жазбалар бар. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін "100 TEŃGE" деген жазбалар орналасқан.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) Қазақстанның стильдендірген контурлы картасының аясында портреттік бейнелер, қазақ киіз үйінің элементтері (кереге), қазақ киіз үйінің сәні (басқұр) ретінде орындалған "125 JYL" деген жазбалар және соғылған жылын білдіретін "2019" деген жазбалар
Техникалық сипаттамалар:
Монеталар мельхиор қоспасынан дайындалған, массасы – 11,17 грамм, диаметрі – 31 мм, дайындау сапасы – "brilliant uncirculated", таралымы – әр түрі 7000 дана.
Н. Үсенова