Қанатты қалам иесі Бейімбет Майлиннің туғанына – 125 жыл

Қанатты қалам иесі Бейімбет Майлиннің туғанына – 125 жыл
Фото: Орталық мемлекеттік архив, massaget.kz

Еліміздің Тәуелсіздікке жету жолында құрбан болған батырларымызды, шешен жырауларымызды, үкімет басқарған азаматтарымызды, алып атанған ақын жазушыларымыздың мұраларына тоқталмасқа болмас. Солардың бірі – қазақтың классик жазушысы, жазықсыз құрбан Бейімбет Жармағанбетұлы Майлин.

Бейімбет Майлиннің өмірін, шығармашылығын зерттеген зерттеушілер бар, сондай-ақ Бейімбет Майлин туралы жазылған өлең жолдары, мақалалар, естеліктер, кітаптар да жетерлік. Зерттеушілеріміздің ішінен Бейімбет Майлиннің ауыр тағдырын, азапты өмірін және шығармашылық бай қазынасын терең зерттеген публицист, жазушы, ғалым, профессор, Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Тоқтар Әбдірахманұлы Бейісқұловтың еңбегі зор.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне белгілі жазушы өзінің жеке қор құжаттарын 2011 жылы өткізген болатын. Тоқтар Бейісқұлов еңбегі де ел-жұртқа, әдеби ортаға кеңінен танымал. Халықтың көкейіндегі жер, тіл мәселелері, танымал тұлғалардың істері туралы жарық көрген дүниелері аз емес. Осы уақытқа дейін алуан тақырыпқа, сан түрлі жанрда 200-ден астам мақала жазған. Оның алпысы Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығына арналған. Әдебиет проблемалары, оның тарланбоздары туралы көлемді еңбектері баршылық.

Қаламгердің ғылыми шығармашылығының үлкен бір саласы – қазақтың классик жазушысы, алыптар тобының ардақтысы, жазықсыз атылып кеткен  Бейімбет Майлиннің, оның отбасының бастан кешкен қиындықтарын көпшілікке жеткізу. Бұл зерттеу жұмысына 40 жылға жуық өмірін арнаған. Бейімбет Майлинге арналған ең алғашқы еңбегі – белгілі ғалым Темірғали Нұртазиннің басшылығымен жазылған "Талантты да тағанды журналист" атты дипломдық жұмысы. Бұл бағытта "Б. Майлин – журналист" (1979), "Қанатты қаламгер" (1983), "Бейімбетті атқан кім?" (2000) еңбектері жарық көріп, "Би аға" естеліктер жинағын құрастырып шығарды.  Автордың талай жылғы ізденісінің жиынтығы ретінде "Қилы заман азабы" (2003) кітабы, "Бейімбет Майлин және ұлт өнері" атты деректі публицистикалық эссесі жарық көрді.

Тоқтар Бейісқұлов Бейімбет Майлиннің жарық көрмеген, ғылыми айналымға енбеген "Кездескендер", "Оспан Олжабаев", "Күлегеш жеңгей" сияқты повестерін, 30-ға жуық очерк, мақалаларын архивтен тауып баспасөздерде жариялатқан. Сондай-ақ ҰҚК (КНБ) архивінен Би-ағаның жеке істерімен танысып және 74 бүркеншік (псевдоним) аттарының тізімін жасаған. Жазушының бүркеншік есімдермен жариялаудың  себебі біріншіден, табиғатынан қарапайым, екіншіден көзге шыққан сүйелдей көріне беруді ерсі санады, үшіншіден, жоғары мәдениеттің үлгі-өнегесіне табынған.

Тоқтар Бейісқұловтың мақсаты Бейімбет Майлиннің барлық жарияланған және жарияланбаған еңбектерін, фотоларын, хаттарын мұра ретінде жинақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу болды. Архивтерден табылған еңбектері мен Бейімбет Майлин шығармаларының көп томдығын құрастырған. Оларды әңгімелері, өлеңдері, поэмалары, пьесалары, повестері, романдары деп 12 том көлемінде шығарған.

Сонымен қатар Т.Бейісқұлов жергілікті әкімдерге хат жазып, Бейімбет Майлиннің туған жері Қостанай қаласынан арнайы мұражай ашу және аудан атын беру туралы хат жазып, мәселе көтерген. Қазіргі таңда Таран ауданының атауы Бейімбет Майлин ауданына өзгертілген.

Тоқтар Бейісқұловтың жеке тектік құжаттарының жинағында Бейімбет Майлинге қатысты қызықты деректер бар. Олар Бейімбет Майлин туралы мақалалар, Бейімбет Майлиннің көп томдық шығармалар жинағы, Бейімбет Майлинді қызметтерге тағайындау және басқа жұмыстарға тарту жөнінде хаттамалар, жарияланымға енбеген пьеса, фельетон, очерк, повестер құжаттарының топтамасы бар.

Архив құжаттарынан байқасақ Бейімбет Майлин үшін жазушылық пен журналистика өмірі шығармашылығының қос саласындай болып, оларды бірінен бірі бөле жара қарамай, қатар дамытуға күшін жұмсаған, шабытын шыңдаған қаламгер. Оның журналист ретінде жазған очерктері, публицистикалық және проблемалық мақалалары да жетерлік. Сонымен  қатар ол әзіл-сықақ  жазудың шебері екен. Бейімбет Майлин фельетон жазуды ХХ ғасырдың бас кезінде бастаған. Фельетондарында әдет-ғұрып, тіл мәселесі, бай мен кедейлердің іс-әрекеттерін қара сөзбен жеткізген.

Өмірінде өшпес із қалдырған әйгілі жазушы Бейімбет Майлиннің қаламынан қалқып шыққан құнды дүниелер бүгінде әдебиет пен тарих беттерінде сақталмақ. Бүгінде қаламгердің шығармашылығы мен өмір жолына қатысты деректер, зерттеушілердің зерттеу еңбектері Орталық мемлекеттік архив қорында сақтаулы.

Қорытындылай келе, еліміздің Тәуелсіздікке жету жолында құрбан болған зиялы азаматымыздың мұраларын шашау шығармай қорып, болашақ ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі
Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері Айханым Максымканова

А. Қажиев