Мультфильмді қазақша дубляждау үшін қанша ақша жұмсалады?

Мультфильмді қазақша дубляждау үшін қанша ақша жұмсалады?
Фото: kaztv.kaztrk.kz

Жуырда «Джунгли кітабы» қазақ тілінде көрерменге жол тапты. Мемлекеттік тілде сөйлеген Голливудтың 14-ші өнімі. Дубляж жұмыстарына қанша қаражат жұмсалады? Кассалық табыс шығынды жаба ма? Бұл cұрақтарға жобаны жүзеге асырумен айналысып жүрген «Болашақ» қауымдастығы  жауап берді.

- Фильмдерді қазақша дыбыстауға қанша қаражат бөлінеді?

- Дубляждауға шамамен 80-100 мың АҚШ доллар қаражат жұмсалады. Барлық жобаларымыз әлеуметтік сипатта және ешбір коммерциялық мақсатты көздемейді. Сондықтан, билет сатылымынан түскен қаражат бойынша кинопрокаттаушы компаниялардан нақтырақ білуге болады.

- Әлеуметтік желіде «Маугли кітабының» Алматы, Шымкент кинотеатрларында көрсетілмей жатқаны туралы мәселе көтерілді. Осыған байланысты «Болашақ» қауымдастығы тарапынан қандай шаралар қолға алынады?

- Кинотеатрлардың басым көпшілігі жекенің меншігінде болғандықтан, біздің Қоғамдық ұйым оларға ешбір міндет жүктей алмайды. Дегенмен, біздің тарапымыздан барлық кинотеатрларға фильмдердің қазақ тіліндегі нұсқасы бар екенін хабарлап, көрермендерге қолайлы уақытта (prime-time) көрсетілуі туралы өтініш хаттар жолдануда. Қазіргі таңда кинотеатрлардағы дубляждалған «Джунгли кітабы» фильмінің жағдайы әлдеқайда жақсы. Өзіміздің атымыздан күнделікті қазақ тіліндегі «Джунгли кітабы» көрсетілімдері жайлы ақпаратты әлеуметтік желідегі парақшаларымызда жариялап отырамыз. «Болашақ» Қауымдастығы әріптестерімен бірігіп Голивуд фильмдерін дубляждау жобасын 2011 жылдан бастап іске асыруда. Қазіргі таңда 14 кинофильм қазақ тілінде әлемдік премьера күні жарыққа шығып үлгерді. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік тілді дамыту және әлемдік танымал фильмдерді еліміздің көрермендеріне қазақ тілінде қолжетімді ету. Біздің қауымдастық үкіметтік емес ұйымдардың арасында бірінші әрі жалғыз болып, голивудтық фильмдерді қазақшаға аударуда.

«Меломан» компаниясынан алынған дерек бойынша ең жоғары табыс тапқан фильмдердің тізімін «Көліктер-2» бастайды. Анимациялық фильм 7 аптада 104 659 АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан. Салыстыру үшін, фильмнің орысша нұсқасының табысы осы уақыт ішінде Қазақстан нарығында 645 170 АҚШ долларын құраған.
2. «Қара киімділер — 3» - 3 122 140 теңге (19 899 АҚШ доллары).
3. «Монстрлар университеті» - 2 618 050 теңге. (16 334 АҚШ доллары).
4. «Батыл жүрек» - 126 499 735 теңге - 1 988 610 теңге. (12 481 АҚШ доллары). Дубляж жұмыстарына 19 миллион теңге қаржы жұмсалған.
5. «Жаңа Өрмекші адам» - 1 812 400 теңге (11 485 АҚШ доллары).

Дереккөз: baq.kz

Е. Жұмабайұлы