- Негізгі бет
- Қазақфильм
- "Оралман" фильмі Мангейм-Хайдельберг...
"Оралман" фильмі Мангейм-Хайдельберг кинофестивалінде бақ сынайды
Қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбековтің "Оралман" фильмі 9-19 қараша күндері өтетін 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалінде бақ сынайды. Бұл туралы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Фильм сюжеті туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыздың тағдырын баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.
"Фильм Германияның фестиваліне қатысқалы жатқаны үшін қуаныштымын. Менің туған ауылым Алдабергенде немістер көп тұратын. Сыныптастарымның жартысы немістер еді. Олардың көбі 80-жылдардың аяғында тарихи отандарына оралды. Олар да атамекендерінде түрлі қиындыққа тап болды. Сондықтан да репатрианттар тақырыбы - бүкіл әлемде өзекті", - дейді Сәбит Құрманбеков.
Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалі 1952 жылдан бері өткізіліп келеді. Фестиваль киноиндустрияның кәсіби мамандарына және киносүйер қауымға арналған. Жыл сайын фестивальге 500 кәсіби маман мен 60 мың көрермен қатысады. Бұл өз кезегінде кинофестивальдің ауқымы кең және Германиядағы ең ірі фестивальдердің бірі екенін дәлелдейді. Фестиваль аясында режиссерлермен, актерлермен және продюсерлермен кездесулер ұйымдастырылады.
Фестиваль келесі аталымдар бойынша үздіктерді анықтайды: "Үздік фильм", "Арнайы жүлде", "Жетістіктері үшін арнайы жүлде". Негізгі конкурстық жүлдеден басқа фестиваль аясында кинотеатр иегерлері және Халықаралық кинобаспасөз федерациясы (ФИПРЕССИ) өздерінің марапаттарын табыстайды. Сондай-ақ көрермендер көзайымы жүлдесі де беріледі.
Биыл фестивальдің бас жүлдесіне отандық картинадан басқа 21 фильм таласқа түседі. Осы орайда Франция, Аргентина, Дания, Эстония, Исландия, Үндістан, Иран, Израиль, Түркия, АҚШ, Германия және басқа елдерден картиналар ұсынылып отыр. Жеңімпаздар есімін 2017 жылы 19 қараша күні фестивальдің жабылу салтанатында жариялайды.
Айта кетелік, "Оралман" фильмі биылғы сәуір айында Иранда өткен халықаралық "Фаджр" кинофестивалінде "Азияның үздік фильмі" жүлдесін, ХХ Халықаралық "Religion Today" кинофестивалінің "Үздік фильм" номинациясын, сонымен қатар Астанада өткен XIII ХІІІ халықаралық "Еуразия" кинофестивалiнің бас жүлдесін жеңіп алды.