Қиын жағдайда дайын болуы керек рюкзак

Қиын жағдайда дайын болуы керек рюкзак
Фото: http://look3.ru/

Өмірде әртүрлі жағдайлар кездеседі. Ертеңі түгілі, бүгін не жағдай боларын ешбір жан білмейді. Бірақ әр адамның мақсаты мен арманы болашақтың жарқын болуына жетелейді. Дәл қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай уақытта біреу керек-жарағыңды салып, рюкзак дайындап қой десе ешкім мән бермейді. Себебі бұрын мұндай жағдай басыңа келген емес. Келмей-ақ та қойсын.

Алайда табиғаттың тосынсыйы мен өмірдің қаталдығы әрқашан дайын болуға мәжбүрлейді. Сондықтан әр адам "қара сөмкені" қамдап қоймаса да, оған қандай заттар салынатынын біліп алғаны жөн. Сонымен сіздің қиын жағдайда пайдаланатын сөмкеңіз мынадай болуы керек. Бұл, әрине, жалпылама ортақ дүниелер. Өзіңізге керек дәрі-дәрімек немесе қажет заттарды бірінші есіңізге алған жөн.

Ең бірінші, сөмке таңдау кезінде ұқыптылық танытыңыз. Мектептен қалған портфель немесе қолайсыз зат салатын сөмке мұндайға жарай қоймас. Сол себепті үлкен, әрі ыңғайлы арнайы рюкзак алып қойғаныңыз дұрыс.

Екіншіден, бұзылмайтын әрі құнарлылығы мол тағамдар алуға тырысыңыз. Мұнда, әрине, консервіленген тағамдар салған жөн. Себебі сақталуы ұзақ әрі алып жүруге де қолайлы. Мүмкіндігінше тамағамдарды көптеп салыңыз. Себебі адам қозғалған сайын оған күш берер қорек міндетті түрде керек.

Үшіншіден, ыңғайлы аяқ-киім дайындап қойыңыз. Егер сізге рюкзак қажет болған жағдайда міндетті түрде ыңғайлы бәтеңке әлде крассовка болғаны дұрыс. Өзіме ыңғайлы деп жеңіл макаси немесе туфли алудың қажеті жоқ. Өйткені сізге ұзаққа шыдайтын аяқ-киім керек.

Киім таңдауда да мұқият болыңыз. Күнделікті қолданыста пайдаланып жүрген киімнің сапасын өзіңіз де жақсы білесіз. Әскери киім болса тіпті жақсы. Себебі әскери киімнің шыдамдылығы мен қолданыста ыңғайлылығы жоғары. Егер мұндай киіміңіз жоқ болса су жұқтырмайтын киім тапқаныңыз жөн. Жауынның астында қалып қойсаңыз көп көмегі тиеді. 

Төртіншіден, сіріңке сақтап қойғаныңыз дұрыс. Тамақ дайындағанда, түнде жарық әрі жылу ретінде от жаққанда немесе өзге де қолданыстарда оттың пайдасы мол болады. Су жұқпайтын арнайы сіріңке жасап қойсаңыз болады, өйткені ағаштан жасалған сіріңкенің су болып қалмасы екі талай. 

Мұның барлығы қиын жағдайдан сәл де болса есіңізді жиып алуға көмегі тиері сөзсіз. Айналаңызға қарап, дұрыс бағамдап алған соң өзіңіз де ары қарай қимылдауға әрекет жасайсыз. 

B. ZHAQSYMBET