Алғашқы көмек: Қол жарақаты

Алғашқы көмек: Қол жарақаты
Фото: gdevrachi.ru

«Қатер – аяқ астында» демекші, қарап жүріп бірнәрсеге ұрынып жатсақ, саусағымыздың ұшы ауырса да, жанымыз сол жерге үйіріліп қалады. Осындай кезде қандай ем қолдануға болады? Бұл сұрақтың жауабын мына жазбамыздан оқи аласыздар.

1. Қолыңызға ауыр салмақ түсіріп алсаңыз...

Шегені қағып жатып, балға қолығыздан шығып кетіп, саусағыңызға тиіп кетсе, жаныңыз саусағыңыздың ұшында тұрады. Бұл жағдайда мұзды саусағыңызға сағат сайын 20 минут басып отырыңыз. Егер тырнағыңыздың астына қан жиналса, дәрігерге көрінген дұрыс. Кей адамдар «көгерген тырнақ түсіп қалады да жаңа тырнақ өседі» деп, дәрігерге бармай жүреді. Бірақ ойлағандай болмай жатса, «отпен ойнамау керек». Дереу дәрігерге барып көрініңіз.

2. Саусағыңызды кесіп алсаңыз...

Қолыңызды пышақпен не шынымен кесіп алсаңыз, қанды қалай тоқтату керек? Алдымен жарақаттың орнын сабынмен жуу қажет. Содан соң, жарақаттың орнын дәкемен орап қойыңыз.

3. Қолыңызды терісі зақымдалса...

Велосипедпен келе жатып, құлап қалдыңыз делік. Қолыңызды жырып алсаңыз, не істейсіз? Алдымен зақымдалған терінің бетін жуу керек. Кейін таза шүберекпен сүртіңіз. Жол-жөнекей дәріхана кезіксе, бактерияға қарсы май алып, қолыңызды дәкемен таңып тастаңыз.  

4. Саусағыңыз шығып кетсе...

Баскетбол не волейбол ойнап жүріп, саусағыңыз шығып кетсе, не істесе болады? Бұл жағдайда саусағыңыздың ұшын жаймен тартып, сүйекті орнына келтіріп көріңіз. Айтарлықтай қатты ауырмаса, мұз басыңыз. Кейін саусағыңыз ауырсын, ауырмасын дәрігерге барып көрініңіз. Егер жағдай ойдағыдай болмаса, ем қабылдаңыз.

5. Қатты соққы алсаңыз...

Футбол ойнап жүріп, саусағыңызды ауыртып алсаңыз, жарақаттанған саусағыңызды «көрші» саусағыңызбен бірге таңып тастаңыз. Ісіп жатса, 4 сағат сайын мұз басып отырыңыз. Ісігі басылмай жатса, дәрігерге қаралу керек.

Есіңізде болсын! Мұз көп болған сайын жарақат тез жазылады.

Г. Берік