- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Ең ерекше туған...
Ең ерекше туған күн сыйлығы
«Адамның бір қызығы бала деген»... Бәріміз үшін туған күн ең асыл мереке. Соның ішінде, әсіресе, балалар қауымы 365 күн бойы сағына күтеді. Дәл сол күні ойлаған арманы, тәтті тілегінің орындалғанын шын қалайды. Ұл балалар, аңыз, әңгіме, фантастикалық мультфильмдердегі қаһармандар секілді болғысы келсе, қыздар жағы перизат, ханшайым болуды армандайтыны анық. Ал мына бір оқиғаны оқи отыра, армандардың орындалатынына тағы да бір көз жеткізесіз.
Бир-Тавиль (арабша – құдық, судың көзі) – солтүстігі Египетпен, оңтүстік, батыс, шығыс бөліктері
Судан мемлекеттерімен шектесетін, сусыз, құмды, шағын ғана жер аумағы. Бір қызығы, бұл құмды жер ешқандай мемлекеттің меншігінде емес. Яғни, аталған екі мемлекет те бұл жерді «алғылары» келмейді. 2014 жылдың маусым айында Вирджиния штаты Абигдон қаласының Джеремайя Хитон есімді тұрғыны Бир-Тавильдің өзінің меншігінде екенін жариялаған. Америкалықтың сөзіне қарағанда, оның Эмили есімді қызы ханшайым болғысы келеді екен. Көңілін қалдырғысы келмеген әкесі қызының бала арманын орындауға барын салған. Жалпы аумағы 2 мың кв. метр болатын жерге Хитон түйе бастаған көшпен 14 сағат жүрген. Хитон Солтүстік Судан Патшалығы деп атап, Бир-Тавильді өзінің жеке мемлекеті деп таныған. Маусымның он алтыншы жұлдызы күні қызының жеті жасқа толғанына орай, өздері туларын іліп, өзін – патша, қызын – ханшайым атаған. Осыдан кейін, қызын «Эмили ханшайым» деп атайды екен. Ту көк түсті, оның ортасында алтын тәж бен төрт ақ жұлдыз бейнеленген. Тағы бір қызық, туды Хитонның балалары салған екен. Эмили ханшайымның айтуы бойынша, бұл патшалық Африкадағы балаларға көмектеседі екен.
Ричмонд университетінде жұмыс істейтін, саясаттану және халықаралық зерттеулер ғылымының профессоры Шейла Карапиконың айтуынша, Бир-Тавиль жерін жекеменшікке алу үшін Хитон көршілес екі мемлекет – Египет және Судан мемлекеттерінен және Африка одағынан келісім алуы керек екен. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымы және сол тәрізді халықаралық ұйымдарға өзінің патшалығы туралы хабардар етуі тиіс.
Джеремайя Хитон құмды Бир-Тавиль жерінде ауылшаруашылығын дамытқысы келетінін де жасырмады. Ол Египет пен Судан мемлекеттері келісім берсе, бұл жоспарын жүзеге асыратынына сенімді. Күн және жел электростанцияларын салу да «Хитон Патшаның» жоспарында бар. Оның айтуынша, Солтүстік Судан патшалығы жүз пайыз электрмен қамтылады. Бірақ қазіргі таңда патшалық әлі мойындалмаған.
Аталған оқиға өткен жылдың ең қызық жаңалығы саналса, Walt Disney мен кинорежиссер Морган Сперлик бұл туралы фильм түсірмекші.
Оқи отырыңыз:
1. "Мауглидің туысқандары" немесе жануарлар тәрбиелеген балалар
3. Анакондаға жасалған тәжірибе сәтсіз аяқталды (Видео)
4. Смартфонсыз өмір сүру сананың дамуын кешеуілдетеді
5. Ат құлағында ойнаған америкалықтар
6. Люксембург туралы қызықты мәліметтер
Сурет: mirioverde.com, apparat.cc
Е. Жұмабайұлы