"Мауглидің туысқандары" немесе жануарлар тәрбиелеген балалар

"Мауглидің туысқандары" немесе жануарлар тәрбиелеген балалар

Р. Киплингтің джунглиде өскен жабайы бала - Маугли туралы повесін оқыдыңыз ба? Оқымаған күннің өзінде, осы повестің желісімен түсірілген кино не мультфильм көрген боларсыз?! Ал, шынайы өмірде осындай жағдайға тап болған, яғни, табиғат ортасында өскен балалар жайында естігеніңіз бар ма? Жоқ болса, бүгінгі жазбамыз жануарлар арасында өскен "Мауглидің туысқандары" туралы болмақ. Оқу барысында, олардың жандарында данагөй Каа, мейірімді Балу, ержүрек Акела сынды достар болмағанын, небір қиындықтарды бастан кешіргендерін білетін боласыздар... Аңдарды анасы деп танып, адамдық қалыптан айрылып қала жаздаған балалар жайында мына қызықты деректер сіздерді бей-жай қалдырмайтынына сенімдіміз.

Маймыл тәрбиесіндегі угандалық бала

1991 жылы жергілікті ауылдың шаруа әйелі джунглиге отын жинауға барса, маймылдардың жиналған тобын кездестіреді. Және олардың ортасында бір кішкентай баланың жүргенін байқайды. Оның сөзіне қарағанда, баланың қозғалысы маймылдардан аумайды, төрт аяқтап еркін қозғалып, олармен емін-еркін сөйлесіп жүрген. Әйел дереу ауылға келіп, көрген-білгенін ауыл тұрғындарына айтып берген. Ауыл тұрғындары баланы қалайда ұстап, ауылға алып келуге бел буады. Бірақ, алғашқыда Джон ұстатпай, бір ағаштан бір ағашқа секіріп, ауыл тұрғындарын әбден діңкелетеді. Қаумалаған қалың жігіттер ақыр соңында баланы ұстап, маймылдар ортасынан алып шығады. Ауылға әкеліп, баланы ретке келтірген соң, бір ауыл тұрғыны 1988 жылы із-түссіз жоғалып кеткен бала екенін аңғарады. Джон сөйлеу қасиетіне ие болғаннан кейін, барлық жағдайды кеңінен айтып берген. Маймылдар оған олардың «тілімен» сөйлеуді, тамақ табуды, ағаштан ағашқа еркін секіруді үйреткен екен. Бір қуантарлығы, Джон еш қиындықсыз адам өміріне тез бой үйреткен. Сонымен қатар, оның вокалдық қыры ашылып, ән айта бастаған. Угандалық Маугли қазіргі таңда «Африка қазынасы» атты балалар хорымен гастрольдік сапарда жүрген көрінеді.

Ит арасында өскен қыз

Бес жыл бұрын бұл оқиға ресейлік және шетелдік басылымдардың бетінен түспеген екен. Чита қаласында бес жасар Наташа есімді қыз табылған. Ол ит секілді жүріп, ыдыстан ит секілді су ішіп, үріп жүрген. Наташа осыған дейінгі өмірінде ит-мысықтармен бір бөлмеден тұрып келген. Наташамен бірге тұрмаған ата-анасы, осы оқиға туралы әртүрлі дәйек берген. Анасы – 25 жастағы Яна әкесінің Наташаны алып кеткенін айтса, әкесі – 27 жастағы Виктор анасының Наташаға дұрыс қарамайтынын және қайыненесінің айтуы бойынша алып кеткенін айтып әлек. Кейіннен тексеру кезінде бұл отбасының үйінде Наташаның әкесі, атасы мен әжесі тұратыны белгілі болды. Бір өкініштісі, бұл үй санитариялық талаптарға мүлдем сай емес: не су жоқ, не жылу жоқ.

Қызды тауып алған кезде, ол кәдімгі ит секілді адамдарға үріп, жүгіріп жүрген. Наташаны ата-анасынан алып кеткен соң, қамқорлыққа алу мекемесінің қызметкерлері қызды адамзат қоғамына тез бейімделуі үшін оңалту орталығына орналастырған. Ал қыздарын қараусыз қалдырған қатыгез ата-ана темір тордың ар жағына жөнелтілген екен.

«Құс та болғым келмейді, қанатым бар...»

2008 жылы бұл волгоградтық баланың оқиғасы жұршылықтың жағасын ұстатқан. Туған анасы өз баласын екі бөлмелі пәтерде құстармен бірге қамап «өсірген». Белгісіз себептермен анасы баласының тәрбиесімен айналыспай, онымен сөйлеспей, тек тамақ беріп отырған. Нәтижесінде, бала жеті жасына дейін құстармен өмір сүрген екен. Құқық қорғау органдарының қызметкерінің сұрағына бала тек құстарша қанатын қағып, шырылдап «жауап» берген. Бала тұрған пәтерде құстардың торы бар екен. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, анасы психикалық ауытқуға душар болған. Ол даладағы торғайларға жем беріп, оларды үйіне апарып, олардың дауыстырын тыңдап кереуетінде жата берген. «Өзі ауру анасы баласына қайдан қарасын? Тіпті, оны құстардың бірі деп ойлаған болуы керек» деген пікірде бар. Құқық қорғау органдары баланы оңалту орталығына орналастырып, ал 31 жастағы анасын аналық құқығынан айырған.

Жалғасы бар...

Сурет: hanimalworld.com.ua

Е. Жұмабайұлы