40 күндік әскерде сарбаз не үйренеді?

40 күндік әскерде сарбаз не үйренеді?
Фото: massaget.kz

40 күндік әскердегі сарбаздың 1 күндік өмірі жайлы фоторепортаж ұсынған едік. Ал, бүгін осы тақырып шеңберінде 40 күн ішінде сарбаздың не үйренетінін жазамыз.

Әскери өмірді көріп, заңдылықтарына бағыну – ер азаматтың міндеті. Әкелеріміз осы борышын өтеуде 2 жыл туған елден шалғайда жүрді. Ал, одан кейінгі өзгертулер бойынша әскер мерзімі 1 жылға дейін қысқарды. 2013 жылдан бері 1 жылдыққа қоса, 40 күн ішінде әскери билетке қол жеткізу мүмкіндігі туды. Алматы қаласындағы әскери техникалық мектеп жауынгерлерді қысқа мерзімде әскери мамандықты меңгеріп шығуға ықпал жасайды. Инженерлік дайындық пәні бойынша оқытушы Мұса Кибаров Массагет порталының тілшісіне әскери дәрістің жүргізілуін, теориялық сабақтың маңыздылығын айтып берді:

 – Осыдан 10 жыл бұрынғы сарбаз бен бүгінгі жауынгердің ақпаратты игеріп, әскери дәрісті қабылдауы жер мен көктей. Ғаламтор кең өріс алып, барлығына бірдей қолжетімді бола түскен сайын әскердегі жауынгердің ақпаратты тек оқытушыдан емес, ғаламтор беттерінен алуына да мүмкіндік көбейді. Қазіргі сарбаздар мен айтқан дәрістің жартысын біліп отырады. Яғни, теориялық жағынан білімнің негізі қаланған. Біздің мақсат осы теорияны тәжірибемен ұштастыру. Сол себепті тәрбиеленушілерді оқу жаттығу алаңдарына жиі апарып тұрамыз.

Мұса мырза тілге тиек еткен үлгілі сарбаздардың бірі – 5-взвод, 3-бөлімше командирі Жеңіс Рамазанов. Осыған дейін ғылым саласында жұмыс атқарып, өз уақытында міндеттелген әскерге бара алмаған Жеңіс массагеттің тілшісімен әскери тұлға есебінде сұхбаттасты.

 – Осыған дейін ҚазҰАУ-де 4 жыл бакалаврда, 2 жыл магистратурада оқыдым. Оқуымды тәмамдағаннан кейін мамандығым бойынша жұмысқа орналасып, қазір ғылым саласында қызмет етіп жүрмін. 1 жылдық әскерге барсам, жұмыстан айырылып қаларым сөзсіз. Сол себепті 40 күндік әскерді таңдадым. Бұл ортаға келгелі әскери өмірге деген қызығушылығым артты. Отанды қорғау – азаматтық борыш, еркектіктің белгісі. «Әке көрген оқ жонар» дегендей Солтүстік мұзды мұхитында өз борышын өтеген әкемнің жолын қуып, мен де әскерге келдім.

«40 күндік әскерге келетіндер 1 жылдық әскери өмірден қашып, қиындыққа төзгісі келмейтін жалған жауынгерлер» деп сын айтушылар да аз емес. Осы пікірдің рас-өтірігін ажыратып алмаққа, әскери техникалық мектептің тәрбие және патриоттық жұмыс директорының орынбасары Серік Қуатовпен тілдестік.

 – Мен бұл пікірмен келіспес едім. Себебі, біздің әскери техникалық мектепке азаматтар әскерден қашу үшін емес, әскерге жақын болу үшін, болашақта әскери қызмет атқару үшін түседі. Әскери техникалық мектепке 1 жылда мыңға жуық азамат қабылданды. 40 күндік борышын өтеп, қолына әскери билетін алған осы мың сарбаздың жартысына жуығы бүгінде әскери салада қызмет етіп жатыр.

40 күндік әскер жайлы ойы зерек оқырман қандай пікірде екен? Азаматтың қысқа мерзімде өз борышын өтеуі дұрыс па, бұрыс па?

А. Қажиев