40-ына шыдағандар Әскери ант қабылдады

40-ына шыдағандар Әскери ант қабылдады
Фото: massaget.kz

13 желтоқсан күні, 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында Алматы әскери техникалық мектебінің сарбаздары әскери ант қабылдады. Жауынгерлік курсты тәмәмдаған тәрбиеленушілер емтихан бағалары жазылған және 40 күн тәрбиеленуші болғандығын растайтын сертификаттарға ие болды. Бұл құжатты азамат жергілікті жердің қорғаныс бөліміне өткізеді. Сертификат мекемеге тапсырылған күннен бастап 30 күн ішінде әскери билет дайын болады және құжатты азамат халыққа қызмет көрсету орталығынан алады.

Таңғы сағат 10:00-ден 12:30-ға дейін жалғасқан іс-шарада жауынгерлердің ата-аналары мен жақын адамдарының қарасы көп. Әскери тұлғалардың ұйымдастыруымен жүзеге асқандықтан ант қабылдау рәсімі дәл уақытында басталды. 

Салтанатты шараның басында ҚР ҚМ Алматы әскери техникалық мектебінің директоры, полковник Мирас Жылгелдин құттықтауын жолдады.

Қазақстан Республикасы және оның халқына ақтық демі қалғанша адал қызмет етуге ант берген жауынгерлер бағдарлама бойынша әскери жаттығулар көрсетті. Жекпе-жекке шыққан тәрбиеленушілер әдемі әскери қимылдармен көрерменнің назарын аударса, келесі жасақталған топ автомат арқылы дефиле жаттығуларын көрсетті. Оқу бағдарламасын меңгеріп, сынақ тапсырмаларын сәтті орындаған сарбаздар мақтау қағаздарымен марапатталып, ата-аналарына алғыс жарияланды.

Ал, аса белсенділігімен, ұжымды басқара білетін қасиетімен көзге түскен бірқатар сарбаз «Қазақстан патриоты» төсбелгісімен марапатталды. Әскери ант қабылдау рәсімі ресми түрде аяқталысымен жауынгерлерді құттықтау басталып кетті. 

24-27 жас аралығындағы тәрбиеленушілер бұл әскери техникалық мектепте атқыш мамандығының қыр-сырларымен танысып, тәжірибеден өтеді. Оқу жаттығу кезінде, әскери дәріс уақытында атқыш мамандығының ең негізгі ақпараттары айтылады. 2013 жылдан бері жүзеге асқан  бұл бағдарлама мемлекетке де, әскери билетті алуға асығатын азаматтарға да тиімді жағдай жасауда.

150 сарбазбен бірге Массагет порталының бас редакторы Ербол Жұмабайұлы да Әскери ант қабылдады. Ол әскердегі белсенділігі мен үздік оқу нәтижелері үшін жоғарыда айтылған "Қазақстан патриоты" төсбелгісімен марапатталды.

А. Қажиев