- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- ҰБТ-ның алғашқы күні...
ҰБТ-ның алғашқы күні 2 мыңнан аса түлек шектік баллдан аса алмады
20 маусым күні елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша 2102 жас түлек шектік баллдан аса алмады. Бұл туралы Ұлттық орталық тестілеудің директоры Рамазан Әлімқұлов айта кетті.
- Кеше 33 ҰБТ өткізу орталығында түлектер тест тапсырды. 20 маусымға 14 250 өтініш түскен еді, оның 13 897-і тестілеуге қатысты. Бір қатысушының нәтижесі есепке алынбады. 11 795 түлек шектік деңгейден асты, 2 102-сі аса алмады, - деді Рамазан Әлімқұлов брифинг барысында.
ҰБТ-ның алғашқы күні 140 балл жинаған түлек болған жоқ. Ең жоғарғы балл 137 болды. Кеше тапсырғандардың жинаған орташа көрсеткіші 80,9 баллды құрады. Өткен жылы аталған көрсеткіш 77,5 болған.
- Ең жоғары баллды әлі ешкім жинаған жоқ. Алда әлі 7 күн бар. 140 балл жинайтын талапкерлер әлі болатынына сенеміз, - деді Рамазан Әлімқұлов.
Сондай-ақ биыл тестті ағылшын тілінде тапсыруға да болады. Бұған 46 жас түлек өтініш берген. Кеше солардың алғашқысы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тапсырып шықты.
Айта кетейік, биыл оқу грантын бөлгенде "Алтын белгі" иегерлеріне тек бір ғана басымдық беріледі. Ол - ҰБТ нәтижесі бойынша балл саны бірдей болып, бір орынға бірнеше үміткер таласқан жағдайда ғана "Алтын белгі" иегері ескеріледі. Биыл мектеп бітіруші түлектерге арнайы жеңілдіктер де қарастырылған.
Н. Үсенова