- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Грантқа түсе алмай...
Грантқа түсе алмай қалсам, не істеймін? #2
Алдыңғы мақалаларымызда грантқа түсе алмай қалсақ қандай университеттер таңдауға болатыны, оқу ақысына жеңілдіктер жайында жазып және сіздерді сабырға шақырып, барынша демеу болуға тырыстық. Енді бюджеттік мәселені шешуге аздаған бағыт берейік.
Көптеген университетте оқу ақысы өте қымбат екені белгілі. Балаларын оқытамын деп өздерінің жылдық табысын түгелімен соның жолына сарп етіп отырған ата-аналар қаншама?!. Өзегін жарып шыққан бауыр етін қатарынан кем қылмау үшін аузындағы асын да жырып береді. Ал бұл жағдай бағып-қағып, оқыту ата-анасының міндеті деп санайтын кейбір балалардың ойына да кіріп-шықпайды.
Өзіңізден кейінгі бауырларыңызды, ата-анаңызды ойлайтын болсаңыз, «жұрт не айтады» деген жалған намысқа бой алдырмай, университет таңдауда үлкендермен келісіп отырып шешім қабылдағаныңыз жөн.
Сіз таңдайтын мамандық бірнеше оқу орнында бар. Ал оқу ақысы білім ордасының атағы, дәрежесіне қарай әр түрлі болады. Мысалы, заң саласына қатысты мамандықтар Қазақ Ұлттық университетінде 700 мың теңге болса, Экономика және құқық академиясында 350 мың теңге. «Менеджмент» мамандығы да солай. Алматы экономика және статистика академиясында мектептен кейінгі тапсырушыларға 250 мың теңге, колледжден кейінгілерге 280 мың теңге. Ал дәл осы мамандық Қазақ-Британ техникалық университетінде 1 млн 400 мың теңге. Айырмашылық жер мен көктей екенін көріп отырсыз.
Оқу ақысының арзан болуы – білім сапасының тым нашар болуы деген сөз емес. Оқимын деген адам білімді қайдан, қалай болса да алады. Сіздің ендігі мақсатыңыз университет мұғалімдерінің бар білгенін өзіңізге сіңіріп, айтпағынын сұрап алу. Әрине, атағы жер жарған беделді университетте оқуды бәрі де қалайды, бірақ ата-анаңызға масыл болып алған атағыңыз кімге керек? Жай мақтанға бас ұрамын деп, одан да құнды дүниелер бар екенін естен шығармаңыз. Бірнеше оқу орнына қоңырау шалып, бағасын біліңіз де, көрпеңізге қарай көсіліңіз.
Оқимын, істеймін, боламын деген адамға мемлекет бар жағдайды жасап қойды. Оқу ақысын төлеуге шамасы жетпейтіндерге білім алуға арналған несие де қарастырылған. Ондай несиені студент оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқан соң өзі төлейді. Тек бір жаман жері алған ақыңызды еселеп қайтаруыңыз керек. Ол әр банкте әр қалай жүзеге асады (Казкоммерцбанк – жылына 8%, Альянс банк – жылына 9%, Халық банк – жылына 12% үстеме).
Оқу орындарына құжат қабылдау уақыты 25 тамызға дейін жалғасады. Одан соң да қабылдайды деп жатады, бірақ уақытында тапсырып үлгергеніңіз дұрыс. Ал кешігетін жағдай болса, тапсырғыңыз келетін оқу орнына телефон шалып, ескертіп қойған абзал.
Ақылы бөлімге тапсыруға орын шектеулі деген қаңқу сөз естиміз. Әр ЖОО өздеріне ақылы бөлімге көп студент түскенін қалайды, сондықтан қаржыңыз болса, қандай жағдайда да қабылдап алуға тырысады.
Барлық талапкерге үлкен өмірге аттаған қадамдарына құтты болсын айтып, енді басталар нағыз өмірге ақ жол тілейміз.
@. @assel_assanova