Грантқа түсе алмай қалсам, не істеймін?

Грантқа түсе алмай қалсам, не істеймін?
Фото: voxpopuli.kz

Ата-анамызға салмақ салмай, грантқа түсу – әрқайсымыздың арманымыз. Өкінішке орай, жеңілдік бәріне берілмейді. Егер сіз грантқа түсе алмай қалсаңыз, көңіліңізді түсірмеңіз. Ата-анаңыз бен өзіңіздің жағдайыңызды жеңілдететін тәсілдер көп.

Өткен жылы менің де сіңлім грантқа түсе алмай қалды. Қайғыдан қан жұтып, ешкіммен сөйлеспей қойды. Сөйтіп жүріп ақылы бөлімге тапсыруға Астанаға аттанды. Бір-бірімізді жарты жыл көрмей жүргенде "кетер кезде отбасымдағы адамдарға жылы қабақ танытып, жақын араласпадым" деп өкінген болатын. Біз сол кезде мейірім, махаббат, сағыныш деген ақшадан да қымбат, маңызды сезімдердің болатынын тағы да ескерген едік.

Қазақстанда оқу ақысы қымбат екені жасырын емес. Енді өз-өзіңізді қолға алып, алыс қалаға оқуға аттанғанша, уақытыңызды тиімді өткізуге, бар күшіңізді ЖОО-да жақсы оқуға жұмылдырып, жігеріңізді жиыңыз.

Егер жоғары оқу орнында өзіңізді көрсетіп, біліміңізді дәлелдеп, өте жақсы бағаға оқитын болсаңыз, оқу барысында-ақ грант иегері атануыңызға мүмкіндік бар. Қазір грантқа түскен студенттің орны босаса, оны сізге береді.

Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында (КИМЭП) бірінші курста тек ең жоғары балл алатын болсаңыз, GPA көрсеткішіңіз 4.0 болса келесі курстан бастап тегін оқуға ауысу үшін өтініш жазуға мүмкіндігіңіз бар. Бірақ мұнда тек қана білім көрсеткіші емес, академиялық жетістігіңіз, қаржылық жағдайыңыз да қаралатын болады.

Халықаралық бизнес университетінде (UIB) ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысқан студенттерге, университет жұмыстарына белсене араласқан, академиялық жақсы жетістіктерге жеткен студенттерге жыл сайын жүз жеңілдік қарастырылып, 50% жеңілдік жасалады.

Егер «Алтын белгі», ерекше аттестат, республикалық және халықаралық олимпиада, ғылыми жоба жүлдегері болып, грантқа түсе алмай қалсаңыз, жеңілдік алуға мүмкіндігіңіз бар. Экономика және құқық академиясы (АЭП)  «Алтын белгі» иегерлеріне алғашқы жылға 100% тегін оқу мүмкіндігін береді. 60 ұпайдан жоғары жинағандарға да өзіндік жеңілдіктері бар.

Қазақ Ұлттық университетінде де аздаған жеңілдіктер бар. Ерекше аттестат иегерлеріне алғашқы жылы 15% жеңілдік береді. Ал ауылдық мектептерден «ең жақсы», «жақсы» бағаға оқып келген студенттерге оқу ақысының алғашқы жылына 10% жеңілдік жасайды.

ҰБТ-дан 75 ұпайдан жоғары жинаған болсаңыз, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында оқу ақысын 20% аз төлеуге мүмкіндік аласыз. Әр университеттің осындай көптеген жеңілдігі бар. Жан-жақтан тезірек сұрастырып, университеттердің сайттарына кіріп, қысылмай қоңырау шалып, қажетті ақпаратыңызды толық біліп алыңыз.

@. @assel_assanova