Ұлттық ұлан қатарын жас сардарлар толықтырды

Ұлттық ұлан қатарын жас сардарлар толықтырды
Фото: ұлттық ұлан

Петропавл қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институты Ұлттық ұландағы ең үлкен өңірлік қолбасшылық «Оңтүстікті» 59 жас офицермен толықтырды.  Аталған оқу орнын  командалық, тәрбие және әлеуметтік-құқытық жұмыстар бағыты бойынша, автомобиль қызметі, тыл қызметі сияқты мамандықтармен бітіріп шыққан жас түлектер оңтүстік өңірдің Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда  қалалары мен Алматы облысының Ұзынағаш ауылында орналасқан әскери бөлімдерде өздерінің алғашқы офицерлік қызметтерін бастамақшы.

Түлектерді әскери бөлімдеріндегі қызметтеріне жібермес бұрын, өңірлік қолбасшылықтан шеберлік сабақтарын, нұсқаулық сабақтар, Ұлттық ұлан ардагерлерінен ақыл-кеңестер алулары үшін оларға Алматы қаласында  оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Жиын барысында қызметтік-жауынгерлік тактика, әдістемелік дайындық, техникалық дайындық, ату жаттығулары, дене даярлығы, сондай-ақ әскери педагогика мен психологиядан білімдері мен машықтары сыналып, қызметті ұйымдастыру, жеке құраммен жұмыс жүргізу тәртібі турлы нұсқаулық сабақтар өткізілді.

Оқу-әдістемелік жиынның алғашқы күні  жас түлектердің өздерін қолбасшылыққа таныстыруынан басталды. Өңірлік қолбасшылық қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы генерал-майор Андрей Достаевич Каскелеңов жас офицерлерді қызметтік-жауынгерлік жұмыстың жағдайымен таныстырып шықты.

Жас түлектер үшін  қызметтегі алғашқы қадамының алдында бұндай оқу-әдістемелік жиын өткізудің рөлі зор екенін айтып өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің мүшесі, көп жылдар Ішкі әскерде қызмет етіп, бірнеше толқын офицерлерді тәрбиелеген отставкада полковник В.Я.Мезин: - Жас офицерлердің  мықты маман болып шығуына оның барған ұжымы, командирі, аға бастықтарының ықпалы зор болмақ. Ол алған білімін іске асыру үшін, алғашқы уақытта, аға буыннан қолдау қажет. Сондықтан жас мамандарды үйретуден жалықпаған жөн. Дұрыс бағыт беріп отырсақ, аз-ақ уақытта әрқайсысы өз ісін дөңгелентіп алып кетеді, - дейді ардагер офицер.

Ұлттық ұланның  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Қайрат Михаилұлы Ақтанов  түлектерге иықтарындағы   «жұлдыздардың» қандай жауапкершілік пен салмақ артып отырғанын, офицер деген атқа лайық болып жүрулерін ерекше тапсырып,  алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Жас лейтенанттар қолбасшылықтың қолынан алғашқы офицерлік сөмкелерін алды.

Жиын барысында жас түлектер Алматы қаласындағы 28 гврдияшы-панфиловшылар саябағына барып, Отан үшін от кешіп, құрбан болған боздақтар құрметіне мәңгілік алауға  гүл шоқтарын қойды .

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жанындағы Армия үйінің әскери-тарихи музейі қызметінің басшысы, Кеңес Одағының Батыры, әскери қайраткер генерал-майор И.В.Панфиловтың жиен немересі Алуа Бақытжанқызы Байқадамова  28 гврдияшы-панфиловшылар мемориалын  және Армия үйінің әскери-тарихи музейін жас офицерлерге таныстырып шықты. Алуа Бақытжанқызының экскурсиясы өте мазмұнды, әрбір тарихи шындық бүге-шегесіне дейін айтылғандықтан болар, лейтенанттар рухтанып, қанаттанып шықты.

Жиынның екінші күні түгелімен полигонға арналды. Оқу-әдістемелік жиынға қатысушылар ату шеберліктерін шыңдап, дене даярлығы бойынша нормативтер тапсырды. Әскери техниканың мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар жеке құраммен жұмыс істегенде, олардың моральдық-психологиялық ахуалын зерделеу, қызметтік-жауынгерлік  жұмысқа дайындау барысында моральдық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарының әдістері мен түрлері бойынша нұсқаулық сабақтар өтті.

Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданы Кеңес ауылынан Әскери институтқа түсіп, офицер болып шыққан лейтенант Ғазизов Ринат Нұрланұлы алға қойған мақсаттарымен бөлісті: «Мен офицер болуды бала күнімнен армандаған едім. Сол арманым жетелеп, Ұлттық ұланның әскери институтына түстім. Бұл оқу орына түсу үшін жан-жақты дайындық қажет екенін де білдім, сондықтан алдыма мақсат қойып, білім іздедім, шымыр болу үшін, спортпен үзбей айналыстым. Бүгін, міне, осы арман-мақсатымның алғашқы қадамдарына жол бастадық. Мен Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімі БТР-дағы жедел мақсаттағы батальонның 2 жедел мақсаттағы ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. Бұл лауазым   менің офицерлік жолымның сәтті бастамасы деп ойлаймын. Маған артылып отырған үмітті ақтауға тырысамын. Отаныма адал қызмет етемін!»

– Ақ жол саған, лейтенант! – демекпіз біз де, – Ең алдымен ата-анаңның, отбасыңның, еліңнің, Отаныңның үмітін ақта! Қызметте қырағы бол, табанды бол. Қиындыққа жасыма, жігеріңді жани түс. Офицер атыңа лайық бол!

Майор Данара Баймағанбетова
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

А. Қажиев