Марғұлан Ақан. Аялдама (Әңгіме)

Марғұлан Ақан. Аялдама (Әңгіме)

У-шу. 

Алматы вокзалының алдында толған адам. Бірі келіп жатқандар, бірі кетіп жатқандар. Екі ортада сабылып тәшкі сүйреп ит тірліктің қамытын басына қаптап жүрген, нан табу үшін жаны мен тәнін де беріп әрлі –берлі сенделген жастар. Ешкім оларды туа салып бұл тірлікке үгіттеген жоқ. Бірақ үгітсіз үкім осылай шықты. Оған амал не. 
Тәшкі аламыз! Тәшкі! Тәшкі керек пе аға?! Қаптаған адамның арасында осынау дауыс анық естіледі. Құлаққа естілген сайын үміті басым. Дәл сізді таңдап тұрғандай. Екі қолына көтерген зілдей жүгі бар Бейбарыс поездан түсе салып тәшкіге қарамай желіп келеді. 
Дос, тәшкі керек пе?! 
– Жоқ, рахмет! Мені күтіп тұр. Шынында ешкім күтіп тұрған жоқ. Тек жанына келіп тұрған жас баланың месін қайтарып тастағысы келмеді.. Маңдайынан аққан тер. Вокзалдың келесі бетіне өтіп, қалаға қарай шыға келгені сол еді, сөмкелерін тастай салып бір айғайлап алды. 
– Уа, Алматы! Мен келдім. Мен сенің бір ұлыңмын, қарсы ал! Жанынан өткен адамдар біртүрлі қарайды. Тапа-тал түсте айғай салып тұрған адамның қылығын ерсі көрген болса керек, әйтпесе Бейбарыстың бұл дауысын соңында сағынып даласы қалды, ауылы мен жұрты қалды. Тек жақтырмай тұрған паң қала. Жолдың жиегіне шығып такси ұстауға ыңғай бергені сол еді: 
– Такси ме бауырым? Қайда? –деп бір топ жүргізуші жамырай кетті. Тіпті біреуі сөмкесін қолынан жұлып алып, көлігіне беттеп барады. Бағанадан ештеңе демей тұрған Бейбарыс: 
– Рахмет! Мен әлі қайда баратынымды айтқан жоқпын, сөмкені орнына қойыңыз! 
– Әй, енді айтсаңшы қайда барасың? 
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне-деп, көтеріңікі тонымен айтты. Тоны көтерілмей қайтсін, Қазақстандағы көшбасшы университетке грантқа түсті. Ата-анасына күш салмай өз қалауымен, өз таңдауымен түсті. Бұл үлкен мақтаныш қой. 
– 1500 теңге. Кеттік, басқа ешкім алмаймыз. 
– Мың жарым? Аға-ау, сол ақшамен қазір ғана ауылдан келіп тұрмын ғой. Ұялсаңыз нетті... 
– Бұл саған ауыл емес, Алматы! Барсаң бар, бармасаң қой! Зекіп тастаған жүргізуші жаңа ғана асты-үстіне түсіп жатқан секілді еді, қолына көтеріп тұрған сөмкелерін тастай салып, өз жөніне кетті. Бейбарыстың денесі дір ете қалды. Ауылдан келгені қазір, енді қуанайын деген осы еді, құлқын ақша қысқан қоғамның бір өкілі келіп кеудесіне таспен ұрғандай болды. Анасы кетерде салып берген қойдың бір саны, бауырсақ, киім-кешегі мен жарты қап кітаптарын көтеріп Бейбарыс жол бойымен желіп келеді. 
Әй, қу дүние! Алақандай ғана Алматы не тәйір. Тау-тасты талай жаяу аралап, тау кезіп кеткен жоқпыз ба?! 15 00 теңгені біреудің қалтасына салғанша, өз қалтамда қалдырайын. Тарттым жаяу! 
Сәл аяңдағаннан кейін Бейбарыс іштей ойланып, тоқтай қалды. «Алматыны алақандай деп жүрген ауылдың жындылары, мен болсам бүгін келдім, адасып кетсем қайтемін. Қой, не де болса осы жерден көрейін. Ұяты бар біреу тоқтар» деп, қолын сермей кетті. Әрі-бері сермеліп тұрған қолды, биіктен жемтігін көрген құзғындай ұшып келіп тоқтаған көліктің терезесі ішке түсіп ар жағынан: 
– Куда? – деді. 
– Ау? 
– Қайда? 
– А, сөйтсеңізші, жүзіңізге қарасам қазақ секілдісіз, ыңғайсызданып қалдым ғой. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға. 
– Қанша? 
– 200 теңге бола ма?! 
– Не? Әрі ойнашы балам! Бар автобуспен бар! -деп, тағы біреуі зекіп тастады. Кетіп бара жатқан көліктің артынан ұзақ қарап қалған Бейбарыс тағы да іштей сөйледі: «Мә, біздің ауылда 200 теңге деген ақша! Сендерге ақша болмаса. Мыналар өзі қайдан келген адамдар, әлде мына Алматы бірден Алматы болып салына салды ма екен?!» Күмілжіп отырып, біраз жерге жетті. Өз ойының жетегімен жетектеліп жүріп, «Ұлттық кітапхананың» тұсына келген кезде, терезелі үйдің сыртындағы жазуға көзі түсті. 
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы. Па, шіркін! Мағауин мен Әбіш осы жерден шықпайды деуші еді ғой, мен де ертең солардай боламын-ау ә. Бір жетіп алайын университетіме. Саған міндетті түрде келемін-деп, жолдан тағы көлік тоқтатты. Бұл жолы тозығы жеткен қызыл көлік Бейбарысты ақыры 300 теңгеге ала кетті. Көлік ішінде отырып барар жеріне жетуге асық болды. 

Жалғасы бар... 

М. Ақан