Марғұлан Ақан. Аялдама. (Әңгіме)

Марғұлан Ақан. Аялдама. (Әңгіме)

Басы...

– Ал, келдік! Мінекей, бауырым. КазГУ деген осы деді. 
– ҚазҰУ деңіз аға! 
– Қазіргі атауы ғой. Кезінде Киров дейтінбіз. 
– Жоқ, енді бұл егеменді елдің болашағын дайындайтын ұлттық университет! 
– Әп бәрекелді! Ал жолың болсын! 
– Рахмет ағасы! Ақ жол! Көліктен түсті де есікті жауып, кетіп бара жатқан қызыл көлікке ризашылықпен қарап тұрып: 
– Ойбай, тоқта! Тоқта-деп, жүгіре кетті. Орнынан қозғалып кеткен көлік тағы бір көліктің арасына кіріп жоқ болып кетті. Тер-тер болып келе жатқан Бейбарыс іштей қынжылып келеді. Жаңа көлік ішінде сөйлесіп отырып, артқы орындық жаққа қойған бір қойдың санын ұмытып кетіпті. Бейбарысты қынжылтқан ет емес, анасының көңілі еді ғой. 
Көз алдында орындалған арман шалқасынан жатыр. Алатаудың етегінде бой көтерген үйлерге қарап әлі тамсанып келеді. Қуаныштан жарылардай болып тұрған кеудесін қанша тоқтатайын десе де дүрсілі баяулар емес. Жасыл желекке оранған ғимараттардың ішімен жүріп отырып, қаптаған адамдар жаққа қарай беттеді. 
– Кешіріңіз, университетке қабылдайтын жер қай жағында? 
– Приемный ма?! 
– Жоқ! Қабылдайтын жер. 
– Енді сол приемный ғой. Анау тұстан солға бұрыл! 
– Рахмет! Мен осында грантқа түстім? 
– Енді? 
– А? Жоқ, өзім... Бейбарыс өзінің қуанышына бұлардың ортақтаса алмайтынына көзі жетті. Кеше ғана бүкіл ауыл болып той жасап шығарып салып еді. Қалаға келіп ешкім емес екенін сезіне бастаған секілді. Көп тобырдың арасына келіп тұра қалды. Толған адам. Бәрінің қолында бір-бір парақ қағаз. Әрі-бері сандалып жүр. Бейбарыс та күні бойына сандалып ақыры жатақханасын алды. 
Ауыр сөмкелерін арқалап қалашықтың ішімен жатақханасына қарай бет алып келе жатыр. Жолай өзі секілді қанша ма жастарды көрді. Бәрі бір ағыспен ағып келе жатқан ағаштар секілді. Бәрінің қолында жүк. Көздерінде от. Бұл от өшпейтіндей болып көрінеді. Тіпті мәңгі лаулап тұратын секілді. Жалындаған жастықтың оты деген осы болар. Жатақхана алдына келген бетте алдынан бір топ жігіт жылы шырай танытып Бейбарысты күтіп алды. 
– Ассалаумағалайкум! 
– Уағалайкумассалам! Қалайсыңдар жігіттер? 
– Жақсы! Первашсың ба? 
– Иә, бірінші курспын. Сендер ше? 
– Біз екінші курстың жігіттері боламыз. Танысып қой, мынау ағаларың деп шетінен таныстық басталып кетті. Жігіттердің жүзінен жылылық көрген Бейбарыс көңілі орнына түсіп, жатақхана алуға кезекке тұрды. Айналасында дәл өзі секілді жүктерін арта келген қыз-жігіттер. Өңдерінен ауылдың табы көрініп-ақ тұр. Қалаға келіп әбден үркіп қалған Бейбарыс үшін, енді бәрі қалыпқа түсе бастағандай. Бәрі өзіне таныс, бұрыннан етене жақын бауырларындай көрінді.  

Жалғасы бар...

М. Ақан