Қыздың көз жасына қалған «салт»

Бүгіндері әлеуметтік желілердің басты тақырыптарының біріне айналып отырған мәселе – «Қыз алып қашу». Салт пен санадан шатасып, дәстүрден жабайылық жасап алып жүрген бүгінгі жауапсыз ұрпақ адам ұрлығына ұқсайтын әрекетке барып жүр. Бұл – қызды өзінің және ата-анасының келісімінсіз алып қашып кетіп, зорлықпен некесін қидыру. Мұндай әрекетке қандай жігіттер барады? Қыздың келісімін бейбіт жолмен алып, ата-анасынан ақ бата сұрауға батылы жетпейтін жігіттің мұнысын қалай түсінуге болады?

Құсын зорлықпен қолына қондыратын жігіттердің психологиясы қандай?

Мұндай әрекетке баратын жігіттердің көбі жауапсыз, әрі өз-өзіне сенімсіз. Олар өздерінің бітім-болмысымен немесе басқа да бейбіт әрекеттерімен қызды «сындырып» алуға дәрменсіз келеді. Сөйтеді де сөзін екі етпейтін желік қуған жолдас жігіттерінің көмегіне жүгінеді. Қыздың келісімімен отау құрған жігіттің мұндайлардан шапаны жоғарыда ілулі тұрары сөзсіз.

Сүйгенін зорлықпен алып қашатын жігіттердің кейбірі әлеуметтік теңсіздіктен қорқады. «Байдың қызын» өзіне материалдық тұрғыдан тең келмейтінін алға тартып, келісім бермейтінін біліп осы әрекетке барады. Бірақ заң қуғандар қызының құқығы үшін сотқа шағым түсіріп, мұны қылмыс көріп жатса, жағдай қиындай түседі. Өйткені бұрынғы заманмен салыстырғанда мұндай істің көбі сот отырыстарымен аяқталып жатады.

«Алып қашуға» қалай дайындалады?

Бүгіндері қыз алып қашуға дайындалатын желіккендер төмендегі саймандар мен адамдарды арнайы сайлап қояды. Бірінші – жылдамдығы жақсы темір тұлпар, екінші – қызды алып шығатын адам (құрбысы, жеңгесі, көршісі немесе т.б), үшінші – қызды көлікке салатын қара күш иелері, төртінші – осы «траго-комедияны» түсіріп тұратын «оператор» сымақ біреу, бесінші – қызды көндіретін жеңгелер, алтыншы – табалдырыққа жата кететін әже. Соңғысын түсінбей отырсыз ба? Жеңгелері мен жігітіне көнбеген қыздың аттаған табалдырықтан шығып кетердегі соңғы кезеңі – осы. Болашақ келіндерінің келісімін ала алмай, басына орамал сала алмай жүрген пысықтар қыз шығып бара жатқан кезде табалдырыққа жасы ұлғайған әжені жатқыза салады. «Үлкен кісіден аттасаң, кете бер» деп шамына тиеді. Аттап кетсе, «Жолың болмай қалғыр!» деп қарғайды. Аттай алмаса, қалады...

Жұрт не дейді?

Қазақтың бұл «дәстүр» сымағын сырт ел тек адам ұрлығы деп қана түсінеді. Сырт көзге достарына қалаған қызын әпереміз деп көкіп, адамшылық шекарасынан асып кететін ер адамдардың бұдан басқа айналысар ісі жоқтай көрінеді. Жер-жерде тарап жатқан трагедиялық «Алып қашу» туралы видеолар бізге абырой әпермейіні рас. Қазақтың бұл әрекетін олар жабайлық деп түсінеді. Қыздың құқығы тапталатын, содан жігіттің ләззат алатынын олар хайуанаттар бағынан әлдеқандай көрініс тамашалағандай жандары түршіге көз салады. Олар мұны біздің салтымызбен шатастырады. Сөйтеді де бізден безеді, жиіркене қарайды.

«Біз де осылай келгенбіз»

Бұл жеңгелердің болашақ келіндерін осы үйде қалып, қайнысына үйленуге үгіттейтін ең өтімді сөзі. Иә, олар да дәл осы жолмен келген шығар. Бірақ солай келгендердің бір мақтанарлығы – бала-шағалары ғана. Басып алып қашып кетудің құрбанына айналған арулардың көбі жандарына рахат таба алмайды. Мүлде ұнатпайтын ер адамға көндігіп, онымен бүкіл өмірін өткізуге келісім береді. Бірін бірі білмейтін, мінездері мен болмыстары сай келмейтін жұп өзара жарасым таба алмай қиналады. Дүниеге махаббатсыз бала келеді. Отбасында сәл кикілжің шыға қалса «Мен саған қалап тиген жоқпын» деген әңгімелер айтыла бастайды. Ұрыс-керістің арасында өскен баланың да психологиясы құртылады. Осындай отбасылардан «Қалаған қызыңды басып алып қашып кету арқылы үйленуге көндіруге болады екен ғой» деп ойлайтын ұл балалар өсіп жетіледі. Осындай қу тіршіліктің күйбеңімен өзінің болмысын жоғалтып, жәй ғана әйелге айналған жеңгелер табалдырығын аттаған жазықсыз қызды көндіруге көшеді. Оны да өзі секілді тұрмыстың құрбаны болып, өзі секілді махаббат пен сүйіспеншіліксіз отбасын құруға үгіттейді.

Бірақ...

Иә, алып қашудың арқасында жандары жарасқан талай жұп барын біз де білеміз. Бірақ мұндайлардың көп емес екендігін мойындайық. Болған күнде де біз олардың ішкі жан-дүниелдерінде не болып жатқанын білмейміз ғой. Біз олардың оңашада көз жасын сығып алып, бала-шағасының толыққанды отбасында өсіп жетілуі үшін қандай болса да қиындыққа төзіп жүргенінен хабарсызбыз ғой.

Дат!

Мұнымызбен алып қашудың құрбаны болып, амалсыз  жат табалдырықты аттаған қыздың шашбауын көтеріп, «Тұр да, қайт үйіңе» дегіміз келмейді. Әркімнің өз жолы, өз тағдыры бар. Өмірдің маңызды бұйрығы және жаңа өмірдің бастауы саналатын үйлену дәстүріне әлдекімдердің көз жасын араластырмайықшы, жігіттер!