Жігіттерге қатаң түрде тыйым салынады!

Жігіттерге қатаң түрде тыйым салынады!
Фото: amur.kz, Евгений Шикин

Ер мен әйел табиғатынан екі бөлек жаратылыс. Сондықтан өмірде әрқайсысының өз міндеті мен өз жолы бар. Әйел жаратылысына қанша қарсы шықса да, ер адам бола алмайды. Сол секілді ер жігіттер де қыз ғұмырға қанша қызықса да, әйелге ғана тән нәзіктікке ие болмайды. Бұл – ешқандай да дәлелдеуді қажет етпейтін түсінік. Сол секілді жігіттердің кейбір қыздарға ғана тиесілі шекараны аттауына «қатаң тыйым» салынады. Бұл қай шекара?

Қыздардың сөмкесін рұқсатсыз ашуына! Иә, қыздар қауымының сөмкесінен іздеген затыңның біразын тауып алуың мүмкін. Өз сөмкелерінде бірнеше заттың болатынын қыздардың өздері де мойындайды. Бірақ жоғыңызды іздеп, сол сөмкеге сіз қол салмай-ақ қойыңыз. Өйткені әйелдер қауымы өзінің жеке заттары салынатын қол дорбаларын жігіттер қауымы ақтарғанын қаламайды. Сондықтан да жігіттерге қыздардың сөмкелерін қарауға қатаң түрде тыйым салынады.

Қыздардың әңгімесіне жөнсіз килігуіне! Қыздардың өз араларындағы әңгімелері түрлі тақырыпта өрбиді. Оны жігіттердің көбі түсіне бермейді. Ал түсіне алғандары түсінгендері үшін өкінеді. Эмоцияға бай нәзік жандылар әртүрлі тақырыпта қыздар арасында пікірлесіп отырғанда жігіттердің жөнсіз килігіп, құлағын тосып отыра қалғанын ұнатпайды. Олардың ұнатпағанын көздерінен немесе кейбірінің жанама сөздерінен де байқауға болады. Олар өзара жиналғанда, әрине, көбіне әйелдерге қатысты тақырыптың төңірегін шарлайды. Ішінде түрлі «жанр» да болуы мүмкін. Сондықтан қыздар қауымы өзара әңгіме-дүкен құрып отырған кезде және сол дүкендерінің «саудасы қызып» жатқан тұста қастарына отыра қалып әңгімеге киліге кететін жігіттерге қатаң түрде тыйым салады.

Ерлі-зайыптының бөлмесіне бет-алды кіруіне! Жұптасқан жастардың жатын бөлмесіне ескертусіз кіруге болмайтынын кез келген саналы адам білуі керек. Сол секілді олардың төсек-орнына отыруға және жатуға болмайтынын айта кеткіміз келеді. Көбі мұндайға аса мән бермей жатады. Бірақ бұл ескеруді қажет ететін нәрсе саналады. Күйеуіне қарағанда әйелі өз жатын бөлмесіне өзгелердің топырлап кіріп алып, төсегіне жайыла отыра кеткенін аса жақтыра қоймайды. Сондықтан да қыздар қауымы ерлерге жас жұбайлардың жатын бөлмесіне кіруге, төсек-орнына отыруға және жеке заттары тұратын сөрелерін ақтаруға қатаң тыйым салады.

Жөнсіз қазан-ошаққа араласуына! Әрине, кей жағдайда ас үйде ерлердің көмектеріне жүгініп те жатамыз. Ал енді кейде оларды «өз кеңсемізден» тіпті көргіміз келмейді. Жөнсіз қазанның қақпағын ашып, тамақ аңдып, өзінше ақыл айтқысы келетін ерлерді өздері де тамақ жасаудан құралақан емес әйелдер қауымы аса ұната бермейді. Сондықтан оларға ас үйге жөн-жосықсыз бас сұғып, әр нәрсеге араласып сүйкімсіз көрінбеуге қатаң түрде тыйым салады.

Ұқсас жазбалар:

Жігіттікке сын

Бұзақы жігіттер қыздарға несімен ұнайды?

А. Әбілхан