Еңбек демалысынан шаршап ораласыз ба?

Еңбек демалысынан шаршап ораласыз ба?
Фото: pixabay.com

Көптеген адам ұзақ уақыттық демалыстан кейін жұмысқа бірден кірісіп кетуге қиналады. Көңіл күйі болмай, жұмысқа қабілеттілігі де төмендеп кеткендей сезінеді. Бұл жағдай демалыстан кейінгі синдром деп аталады. Оған бірнеше себеп бар. Демалыстан кейін сағаттық белдеу, тамақтану тәртібі секілді бірнеше ресурсты қайта қалпына келтірмеген болуыңыз мүмкін немесе шынында да қайта оралғыңыз келмейтіндей жұмысыңызды жек көресіз.

Сеніміңіз ақталмауы

Біз кейде жыл сайынғы демалысымызды көктем секілді, жаңа жыл секілді асыға күтеміз. Осы уақытқа жаңа жоспарлар дайындаймыз, мақсаттарымызды айқындаймыз, сол күннен бастап өмірім түбегейлі өзгереді деп сенеміз. Санамызда ғажайып демалыстың картинасын саламыз, ешқайда бармай жатып «теңіз жағасында күнге қыздырынып рахаттанып демалып жатамыз». Бірақ барлығы ойдағыдай болмай қалады да, ауылға туыстарға кетеміз. Сонымен демалыс аяқталған соң түк қызық болмағандай көңілсіз күй кешеміз. Демалыста теңізді жағаламадым екен деген барлығы жаман болды деген сөз емес қой, жақындарыңызды көріп қуанып қайттыңыз, күнделікті қайталана беретін тірліктің шекарасынан шығып, өзгерістер орнаттыңыз, жұмыстан бір сәтке миыңыз тынықты, жаңа нәрселерді көрдіңіз – осының барлығы жаман ба? Бір жыл бойы кеткен күшіңізді қайтару үшін осы демалыстан не күтесіз, өзіңізден нақты осыны сұраңыз. Мүмкін жай ғана тыныштық қажет шығар, мүмкін денсаулығыңызға, сырт келбетіңізге күтім көрсетіп, демалыста салондарда өткізгіңіз келеді? Ғарышқа ұшсам деген сияқты емес, қалтаңыз бен шамаңызға қарай жоспарлап, орындауға тырысыңыз. Сонда демалыстан бақытты күйде ораласыз. Жұмыс істеуге де құлшынысыңыз артып тұрады.

Сағаттық белдеу ауысып, күн тәртібі бұзылуы

Демалысты шетелде өткізсеңіз, қызығушылықпен әртүрлі нәрcені жей бересіз, елге оралған соң бұл асқазан-ішек жолдарында қиындық туғызуы мүмкін. Демалыста да өз денсаулығыңызға көңіл бөлуді ұмытпаңыз. Ал сағаттық белдеуге келер болсақ, бір ортадан екіншіге үйреніп кету оңай емес, біріне бір апта қажет болса, енді бірі екі күнде үйренеді. Шетелде болатын уақытты үнемді пайдалану үшін кеш жатып, ерте тұруларыңыз да мүмкін. Шетелден жексенбі күні келіп, дүйсенбі жұмысқа шығуыңыз керек болса, әрине, ұйқысы қанбаған адам бірнеше апта демалғанын ұмытып қалады. Мұның барлығынан шығатын қорытынды жұмыс басталардан 2-3 күн бұрын келіп, барлығын бұрынғы қалпына түсіріп алыңыз, сонда жұмысқа да оңай кірісіп кетесіз.

Ұнамайтын жұмыс

Егер демалыс аяқталған сайын жұмысыңыз сізге сәйкес емес екенін байқасаңыз, дүйсенбі келе сала, жұманы күтсеңіз, дүйсенбіден дүйсенбіге әрең шыдасаңыз – басқа жұмыс іздейтін уақыт жетті. Жұмысыңыздан ләззат ала алмайсыз, үнемі шаршап қайтасыз, тапсырманы орындағаннан басқа өз құлышынысыңызбен артық ештеңе істегіңіз келмейді. Барлығы да солай жүр ғой деп ойлайсыз ба? Қателесесіз.

Көпшілігі еңбек демалысы аяқталар кезде жаңа жұмыс іздеуді ойлайды. Себебі жұмыс күні байқалмаған келеңсіздікті демалыста байқайсыз. Достарыңыздың барлығы жұмысына шаттана барады, ол жұмысқа емес, сүйікті ісі оған қызмет етіп, ақша өзінен өзі құйылып отырғандай көрінеді. Ал сізде олай емес пе? Өзіңізге ұнайтын жаңа жұмысқа орналасыңыз. 20 жастан асса да әлі өмірден өзіңізді таба алмай жүрсеңіз, бұл қалыпты жағдай. Адам өмір бойы лайықты орнын іздейді. Жаныңыз жай табатын істі тапқанша әр машықты үйреніп, әр түрлі жұмысты байқап көріңіз. Зейнетке шығарда ұнамайтын іске өміріңізді арнадым деп өкініп отырғанша, тұрақсыздық болса да өзіңізді әр салада байқап көрудің еш сөгеттігі жоқ.

@. @assel_assanova