Ұнамайтын жұмысты жақсы көру

Ұнамайтын жұмысты жақсы көру
Фото: amur.kz

Статистикаға сүйенсек, бес еркектің төртеуі жұмысына риза емес екен. Отбасы күнкөрісінің жауапкершілігі ер азаматтар мойнына көбірек жүктелетін болғандықтан, олардың көбісі қандай жұмыс болса да, тезірек басын тығып алуды ойлайтын болса керек. Екі қолға табылған бір күректі тастамай, нанын тауып жүрсе болды. Алайда шынайы көңілмен, махаббатпен істемеген іс өне ме?

Ер адамдар өз жұмысына көңілі көншімеу себебі:

– тапқаны танауын сүртуге жетпейді, яғни жалақыға жарымаған;
– істеген қызметіне сай еңбекақы төленбейді;
– жанға жайлы жағдай жасалмаған;
– уақыты қолайсыз;
– әріптестер жағымсыз.

Мұндай жайттан құтылу үшін, бәріне қолды бір сілтеп, бизнеске бет бұруға болады. Ешкімге бағынғысы келмейтін, басына құрық түсіп көрмеген асаудың табан тірейтін қазығы – жеке кәсіп. Ал бизнестің белінен басу кез келгеннің қолынан келмейді. Онда не істеу керек? Амал жоқ, сүйкімсіз жұмысты сүйікті іске айналдыру қажет. Адамның өз ойы бәріне жететін күшті құрал екенін әр материал сайын жазамыз.

Ұнамсыз істі қалай жақсы көруге болады?

Өзіңіз шын мәнінде немен айналысқыңыз келетінін анықтаңыз. Қазіргі жұмысыңыз бен сүйікті жұмысыңыз арасындағы байланысты, ұқсастықты іздеп табуға тырысыңыз. Бұл іс сол жұмысқа апарар саты деп біліңіз.

Бастығыңыз күн сайын зіркілдеп, жүйкені жіптей жұқартатын жан болса, оған басқа көзқарас қалыптастырыңыз. Күнделікті жұмысқа деген құлшынысыңызды кемітуіне жол бермеңіз. Ол сіздің бастығыңыз емес, тапсырыс берушіңіз, тұтынушыңыз деп ойлаңыз. Келесі тапсырыс түспей тұрғанда, осы істі жылдам бітіруім керек деген көңілді ойға ғана орын беріңіз.

Жұмыс уақыты аяқталған бойда кеңседен шығып кетуге тырысыңыз. Жұмыстан кейін өзіңізге арнайтын бос уақытыңыз артқан сайын, көбірек демалып, күнделікті жұмыстан жалығу сезімі бәседей түседі.

Сүйікті ісіңізді қатар алып жүріңіз. Киім тоқу, өлең шығару, сурет салу, кітап оқу деген секілді елден ерек хоббиіңіз болса, оған арнайы уақыт бөліңіз. Қызмет етіп, ақша табумен қатар, жаңа бастама қолға алғаныңызға да шаттанбай қалмассыз.

Айналадағы адамдармен арақатынасыңызды өзгертіп көріңіз. Жаныңыз жақтырмайтын жандарға мейрам, атаулы күн секілді себептерді пайдаланып, тіл табысуға тырысыңыз. Жақын араласқанда кез келген адам бойынан жақсы қасиет көруге болады.

Өзіңізді жігерлендіріңіз. Жұмысқа барған әр қадамыңызды мақсатқа жетелейтін жол деп есептеңіз. Осы әрекетті орындап көрсеңіз, ұнамсыз жұмысты да жақсы көріп кетуіңіз әбден мүмкін. Бәрі өз қолыңызда!

@. @assel_assanova