- Негізгі бет
- Бесқару
- Әлемдегі ең үлкен...
Әлемдегі ең үлкен револьвер
Рышард Тобис – поляк азаматы, әлемдегі ең үлкен револьверді жасаушы һәм иесі. Оның бұл қаруы ескі 'Remington' револьверінің үлгісінде жасалған. Алып қарудың ұзындығы – 126 см, ал салмағы – 45 кг. Естеріңізде болса, әлемдегі ең кішкентай револьвердің ұзындығы 5,5 см, ал салмағы 19,8 грам болған еді.
Рышард Тобис (Ryszard Tobys) Польшаның ішкі провинциясында (Piotrkowo Drugie, Poland) өмір сүреді. Бұл азамат әлемдегі ең үлкен револьверді жасағаны үшін Гиннес рекордтар кітабына «Ең үлкен тапаншаны» жасаушы ретінде кірген.
Ол ең үлкен тапаншаны құрастыру үшін 2500 сағат жұмсаған екен. Бірақ, құрастырушы оған еш өкінбейтінін айтқан. Себебі, осы еңбегінің арқасында Рышард мырза бүкіл әлемге танымал болды.
Тобистың тапаншасы – 1858 жылғы 'Remington' револьверінің дәлме-дәл көшірмесі. Өзінің үлкен көлеміне қарамастан, оғын 50 метр қашықтықтағы нысанаға дөп тигізеді. Бақытты поляк азаматының бұл еңбегін World Record Academy ұйымы әлемдік рекорд деп тіркеуі одан ары қуантты. Және бұл тапаншаның атағы шартарапқа тарала бастады.
Қарапайым тапаншаларға қарағанда бұл қарудың тұрпаты тым қорқынышты. Ұзындығы 126 см тапанша 28 мм оқпен 50 метр қашықтыққа дәл атады. Ал салмағы тіпті адам нанғысыз, бір қап үнмен барабар: 45 кг. Мұндай қасиеттерді бойына жинаған қаруды жай тапаншалар секілді бір қолға ұстап ату мүмкін емес. Оны атпастан бұрын, қаруды арнайы тіреуішке орналастыру керек. Алып тапаншаның атылғаннан кейінгі кері тебілісі де жай болмасы анық.
Сондықтан да, бұл тапаншаны күнделікті өмірде қолдану ыңғайсыз. Ол – колекциялық қаруға жатады.
Тобистің жасаған жаңа қаруы қара оқ-дәрімен атылады. Өйткені, поляк азаматының үлгі етіп алған негізгі револьвері де (Remington') қара оқ-дәрімен атылған екен.
Револьверді оқтау да оңай емес: машақаты көп жұмыс, оны оқтау үшін екі адам керек. Біреуі 45 килограмдық алып қаруды ұстап тұрады да, ал екіншісі оқ қорабын оқтайды. Жоғарыда айтқанымыздай, ату да оңай емес. Қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, абайлап атпасаңыз, мертігіп қалуыңыз мүмкін.
Бірақ, Рышардтың мақсаты – ең ыңғайлы тапанша, әлемдегі ең үлкен қаруды жасап, Гиннес рекордтар кітабына ену еді. Поляк азаматы бұл мақсатына жетті. 2500 сағаттық маңдай тері оның затын әлемге таныстырып, атын тарихқа таңбалап кетті.
Сурет: xn--h1apn.net, tobys-rusznikarstwo.pl, st.pixanews.com.
Е. Жұмабайұлы