Бұл қызық: әлемдегі ең кішкентай револьвер

Бұл қызық: әлемдегі ең кішкентай револьвер

Сіздердің назарларыңызға әлемдегі ең кішкентай револьвер – SwissMiniGun C1ST тапаншасын ұсынбақпыз. Бұл алты зарядты қос қызметті алтыатардың жалпы ұзындығы небары 5,5 см болса, ал салмағы 19,8 грамм. Ал бағасы, көлемінен бірнеше есе үлкен екеніне алдағы уақытта көз жеткізетін боласыздар.

SwissMiniGun C1ST алтыатары – швейцарлық La Chaux-de-Fonds компаниясының өнімі. Бұл компания, негізінен, зергерлік бұйымдар мен сағаттар өндіреді. Тапанша жай ғана жәдігерлік бұйым емес, кәдімгі алтыатарлар секілді қызметке қабілетті. La Chaux-de-Fonds компаниясының шығарған кіп-кішкентай тапаншасы 2.34 мм калибрлі оқпен ата алады және оғының салмағы да, сәйкесінше, жеңіл – 0,13 грамм. Оқтың ұшу жылдамдығы – секундына 122 метрге дейін. Ал қуаты - 0.97 Дж. Гиннес рекордтар кітабы SwissMiniGun C1ST алтыатарын жұмысқа қабілетті ең кішкентай тапанша деп таныса керек. Бірақ, шындығына келгенде, бұдан да кішкентай тапанша бар деседі. Ол – қос қызметті, оқтары 2 мм калибрлі Xythos тапаншасы.

Швейцарлық SwissMiniGun C1ST револьвері аңыз болған 357 Colt Python тапаншасының үлгісімен, аса үлкен үйлесімділікпен жасалған екен. Тапанша арнайы терімен қапталған.

Бұл тапаншаның сатылымға шыққанына үш жылдан астам уақыт болған. Осы күнге дейін 300 дана алтыатары сатылған. Сатып алушылар көбіне Таяу Шығыс және Қиыр Шығыс өңірінен екен. Тапанша шектеулі топтамамен шығарылады. Әр жыл сайын алтыннан жасалған 25 дана, күмістен 100 дана сатылады. Бұл тапаншаны қатты қажет етіп жүрген жандар әлемнің кіп-кішкентай алтыатарын сатып алу үшін үш айдай уақыт кезекте тұруы қажет.

Тұтынушы өз қалауына қарай, SwissMiniGun C1ST алтыатарын безендіру үшін ағаштан, гаухардан не болмаса бағалы тастардан жасатып алуына болады. SwissMiniGun C1ST тапаншасының әр оғының бағасы 10 АҚШ доллларын құрайды. Яғни, бұл тапаншамен ату арзанға соқпайтыны белгілі. 

АҚШ-та бұл тапаншаны заңды түрде сатып алу мүмкін емес. Ал енді жазбамыздың ең қызықты сәті туған тәрізді. Әлемнің кішкентай ғана алтыатарының бағасы – 6 мың АҚШ доллары. Және бұл тек қарапайым түріне ғана. Ал әшекейлесеңіз, 10 мың АҚШ долларын іздей беріңіз.


Сурет: inspirefusion.com, smartplanet.com, retardzone.com

Е. Жұмабайұлы