- Негізгі бет
- Алғашқы көмек
- Бұлшықетке ине еге...
Бұлшықетке ине еге аласыз ба?
Сырқаттанған адамды емдеп алудың бір жолы – ағзаға дәрі егу. Бұлшықетке екпе жасаудың заңдылықтарын біліп жүргеннің артықтығы жоқ. Өзіңізді де, өзгені де емдей алатын боласыз. Олай болса, жамбасқа (бұлшықет) дәрі егудің әдіс-тәсілдерін біле жүріңіз.
Дәріні қантамырлары мен жүйке жүйесінен алшақ қатты бұлшықетке егу керек. Бұл – сізге қойылар басты шарт. Адамның жамбасында бұлшықет қалың, есесіне қантамырлары аз болады. Сол себептен, дәріні жамбасқа егеді. Жамбасқа дәрі егу үшін 3 не 5 кубтық шприц қолданылады. Ине теріге енгенде бұлшықет ұлпасы, қантамырлары арқылы қанға дәрі таралады.
Алғашқы дайындық
Ағзаға дәрі екпес бұрын ең алдымен жеке гигиенаны қатаң сақтау керек. Бірінші қолды мұқият жуу қажет. Содан кейін, дәріні, тазартылған шприцті, шыны ампуланы кескішті, мақтаны, спирттелген дәкені дайындауға болады. Науқастың жанына батпау үшін ұзын әрі жіңішке инені пайдаланған жөн.
Инені денеге салу
Егер инені өзіңізге емес, өзге адамға салатын болсаңыз, оның етпетінен жатқаны дұрыс. Бұл жағдайда бұлшықет бос тұрады. Инені өзіңізге салатын болсаңыз, етпетіңізден жатқаныңыз дұрыс, бірақ өзіңізге ыңғайлы болу үшін тұрып та салуға болады. Жамбасты көзбен төрт бөлікке бөліп, шеткі және ең үстіңгі бөлігіне дәрі егеді. Өйткені, бұл бөлік жүйке жүйесінен де, қантамырларынан да алшақ орналасқан.
Мына амалдарды орындау аса қиын емес:
1. Шприцті орамасынан алып, оған инені сұғыңыз.
2. Дәрі ампуласына мұқият зер салыңыз: атауы мен құрамына назар аударыңыз.
3. Ампуланы спирттелген мақтамен сүртіңіз.
4. Оны ампула кескішпен ашыңыз. Есіңізде болсын! Ампуланы өзіңізден алшақ ұстап ашыңыз.
5. Шприцпен ампула ішіндегі дәріні керекті мөлшерде алыңыз.
6. Спирттелген мақтамен бөксені сүртіңіз.
7. Шприцті жоғары көтеріп, шприц ішінде ауа қалмайтын етіп тамшысын шығарыңыз.
8. Жамбасқа инені тігінен салып, шприц ішіндегі сұйықтықты жіберіңіз.
9. Ақырындап шприцті алып, мақтамен егілген жерді жаймен уқалаңыз.
Тек бір-ақ рет екпейсіз, дәрігердің берген белгілі бір емдеу курсы бойынша бірізділікті сақтау керек. Кейбір дәрілер, мысалға айтқанда, B дәрумендері айтарлықтай ауыр болуы мүмкін. Егер ұзақ мерзімді емдеу шарасы кезінде дәрі егетін болсаңыз, бірде оң жағыңызға, бірде сол жағыңызға салдырыңыз. Сонымен қатар, егу арақашықтығы 1-2 см болғаны шарт. Егер жамбас ауыратын болса, оған йодпен тор (йодная сетка) сызып шығыңыз. Бұл жамбасқа таралмай қалған дәрінің тез таралуына және ауруын басуға көмектеседі.
Е. Жұмабайұлы