Кеңес. Коронавирустан қорықсаңыз...

Сіз тұратын қалада не елді-мекенде коронавирус жұқтыру дерегі тіркелмесе қауіп жоқ деуге негіз емес. 

Қауіпсіз жерде болғаныңызға қарамастан ауру жұқтырып алам ба деген үрей бойыңызды билеуі мүмкін. Уайым, күйгелектік, әр нәрседен күдіктену, назарды басқаға бұра алмау – қорқыныштың белгісі. Күні бойы тек коронавирус туралы ақпарат естіп, теледидардан көру үрейді үдете түседі. Мұндайда жұмысқа деген құлшыныс азайып, еңбек өнімділігі төмендейтіні анық. Оған қоса ұйқыңыз бұзылып, жақындарыңызды уайымдау да бар. Қорқыныштан арылу үшін және өзіңізді қалай ұстау керегі жөнінде психологтардың төмендегі кеңесіне құлақ асыңыз:

- Маза бермей жүрген ойларыңызды анықтаңыз. Үрейдің түп-тамырын анықтауға тырысыңыз;

- Неден қорқып жүргеніңізді анықтаған соң оған бойұсынып, қабылдауға тырысыңыз. Қажет болса жақындарыңызбен өзіңізді мазалап жүрген жәйтті бөлісіңіз. Мұндайда көңіліңіз ауланып, үрейіңіз сейіле түседі;

- Тек ресми жаңалықтар мен БАҚ-ты оқып, миыңызға артық ақпарат жинаудан аулақ болыңыз. Жалған ақпарат көбіне қорқынышты әрі негативі көп болып келеді. Сол себепті әлеуметтік желі арқылы келетін жаңалықтарды сараптап, фейк ақпаратқа мән бермеңіз;

- Жақындарыңызды барынша ақпараттандыруға тырысыңыз. Кәрі не жас болғанына қарамастан пандемия туралы тек шындықты айтып, барынша түсіндіруге тырысыңыз;

- Арагідік жаңалықтарды қараудан бас тартыңыз. Бойыңызды сергітіп, ойыңызды позитив жаңалық толтырыңыз;

- Жақындарыңызбен көбірек әңгімелесіп, қуанышты жаңалықты бөлісіңіз.