Маңызы зор жиын

Маңызы зор жиын
Фото: vk.com

Бейбіт уақытта жинақталған тәжірибе ел басына күн туғанда сенімді әрекетке айналары хақ. Қазақстан армиясында жауынгерлік қызметтен бөлек жұмылдыру жұмыстары да ерекше маңызға ие, білдей бір қызмет десе де болады. Ол Қазақстан күштік құрылымдарының бәріне ортақ сала, сондықтан да осы сала қызметкерлерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуы да маңызды.

Осындай мақсатпен Алматы облысы Ұзынағаш ауылында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің оқу орталығында тамыздың 14-і күні  республикалық күштік құрылымдар, яғни Ішкі істер министрлігінің Алматы, Астана қалаларындағы және облыстардағы Ішкі істер департаменттерінің, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен Төтенше  жағдайлар комитетінің қызметкерлері және Ұлттық ұланның жұмылдыру бөліністерінің әскери қызметшілерімен алғаш рет республикалық көлемдегі жұмылдыру қызметі бойынша оқу-әдістемелік жиын болып өтті.

Жиын барысында қызметкерлерге соғыс уақытында жеке құрамды, яғни бұрын әскери қызметін өтеген запастағы әскери қызметшілерді жұмылдыру-жинақтау жұмысы бойынша жеке құрамды қабылдау пункті мен техникаларды қабылдау пунктінің жұмыстары, оның ішінде шақырушыларды қалай қарсы алу, әскери мүліктермен жабдықтау, денсаулықтары мен моральдық-психологиялық жағдайын тексеру, қажетті қару-жарақ пен техниканы және қорғаныс құралдарын тапсыру, соңында оларды сапқа тұрғызып, бөліністерге бөлу жұмыстары тәжірибе жүзінде көрсетілді. Сондай-ақ, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің өкілдері қазіргі уақыттағы қолданыстағы заманауи өрт сөндіру техникаларын, оның ішінде өрт сөндіруге қарсы қолданылатын құрылғылардың жаңашылдығын айтып таныстырды. Бұнымен қоса жиын қатысушыларымен теориялық және практикалық сабақтар да өткізілді.

Жиынның жаңашыл тұстары мен маңыздылығына тоқталған Ұлттық ұлан Бас штабы бастығының орынбасары – ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстар басқармасының бастығы полковник Юрий Бондарев жиынды қорытындылау барысында оның жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып өткізілгендігін атап өтіп, жоғары баға берді.

Бір күнге созылған жиын барысында қатысушылар жұмылдыру жұмыстары бойынша тәжірибелерімен алмасып, өздерінің кәсіби даярлықтарының деңгейін жоғарылатты. Әрбір жиын қатысушысы жұмылдыру жұмысын ұйымдастыруда қажет маңызды тың мағлұматтарға қанығып, біліктілік тұрғысында танымын кеңейтті. Енді олар оқу-әдістемелік жиын барысында көргені мен түйгенін өздерінің кәсіби салаларында ұтымды қолданатын болады. 

Айдос Байшағыров, 28237 әскери бөлімі 

А. Оралқызы