- Негізгі бет
- Стиль
- Иіссуды дұрыс қолданудың...
Иіссуды дұрыс қолданудың сегіз тәсілі
Ер адамның стилдік имиджін қалыптастыруда оның киім киісімен қатар иіссу да үлкен рөл атқарады. Тіпті, психологтар ер адамның иіссуына қарап, оның мінез-құлқын дөп басып айтып бере алады екен. Сондықтан да, бүгінгі жазбамызды осы тақырыпқа арнап отырмыз. Біз бүгін "киім үстінен иіссу себуге бола ма, ашылған иіссу қанша уақытқа дейін жарамды және ол өзінің алғашқы жағымды иісін не үшін жоғалтады" деген сияқты бірқатар сұрақтарға жауап береміз.
1. Иіссуды киімнің үстінен себуге болмайды. Біріншіден, әтір иісі тек терімен жанасқанда ғана сыртқа шығады. Екіншіден, киіміңізде дақ болып қалуы мүмкін.
2. Негізінде, иіссуды таза әрі құрғақ терінің үстінен себу керек. Әсіресе, тері демалатын жерлерге: құлақ арты, мойын және білекке сепкен дұрыс.
3. Иіссуыңызды жиі ауыстырып, жаңадан қолданып жүрсеңіз, неғұрлым аз көлемде шашқаныңыз дұрыс. Себебі, біз бір шашқанда шектен тыс мөлшерде құйып аламыз да, мұрынымыз үйреніп алған соң, уақыт өте сезбей қаламыз. Сондықтан, иіссуды аздап шашып, жаныңыздағы жолдасыңыздан "иісі шығып тұр ма, жоқ па" деп сұрап алыңыз.
4. Егер, уақыт өте келе қаншалық көп сепкеніңізбен, үстіңізде жағымды әтір иісін сезе алмасаңыз, онда сіздің мұрыныңыз ол иісті қабылдамай қалған. Мұндай жағдайда, оны келесі бір иіссумен уақытша ауыстыра тұрыңыз.
5. Ал егер екі әтірді ауыстырып қолданып жүрсеңіз тіпті жақсы, онда жоғарыдағыдай кедергілерге тап болмайсыз.
6. Ашылмаған құтыдағы иіссу 3-5 жылға дейін жарамды. Ал егер ашылған болса, оны 1 жылдан артық қолданбағаныңыз дұрыс.
7. Иіссудың ең қауіпті үш дұшпаны бар. Олар – жарық (қандай болмасын жарық түрі, ішіне электрлі жарықта кіреді), жылу және ылғалдылық. Осы аталған үшеуі иіссудың өзіндік иісін жоғалтуды тездетеді. Сондықтан, иіссуыңызды барынша жарық және жылы жерден аулақ ұстағаныңыз жөн болар.
8. Жаңа иіссу сатып аларда мына қағида есіңізде болсын. Иіссуды тек 3 кезеңнен өткізіп барып бағалағаныңыз дұрыс. 1-кезең 1 минутқа созылады, ол иіссуды шашқандағы алғашқы иісі. Екінші кезең бірінші кезеңнің артынша туады. Ол иіссудің терімен жанасқаннан кейінгі химиялық реакция түскеннен соң шығатын иісі. Ал үшінші кезеңге тек 10 минуттан кейін ғана жетеміз. Бұл иіссудың қорытынды және негізгі иісі болып есептеледі. Егер иіссу осы үш кезеңнен де сүрінбей өтсе, онда ойланбай сатып алуыңызға болады.
Оқи отырыңыз:
1. Екі минутта галстук байлау тәсілі (Видео)
2. Арнайы кештерге арналған киім
3. Ерлер костюмін қалай таңдаған дұрыс?
4. Джинсы туралы қызықты деректер
Сурет: bm.img.com.ua
Е. Жұмабайұлы