Рухтың күші мен еңсеру
Паралимпиада ойындарының майталман спортшылары
Паралимпиадалық ойындар – мүгедектігі бар адамдардың жарысы ғана емес. Паралимпиада спортшылары ерлігімен және табандылығымен ерекше қажеттілігі бар адамдарды ғана емес, бүкіл адамзатты қанаттандырады.

Jusan-ның «Шексіз мүмкіндіктер» жобасында біз талайлаған жетістікке жеткен паралимпиадашы атлеттер туралы топтама жасадық. Адамсенгісіз күш-жігері мен ерлігінің арқасында бұл спортшылар көрсеткен нәтиже ешбір жанды бей-жай қалдырмайды.

Америкалық жүзгіш Триша Зорн – Паралимпиада тарихындағы ең табысты спортшы. Жарысқа қатысқан жылдары ол жекелей 55 медаль жеңіп алды, оның ішінде 41 алтын, 9 күміс және 5 қола.

Чемпион көздегі нұрлы қабығы ішінара немесе толық болмауымен сипатталатын сирек кездесетін генетикалық ауру – аниридиямен дүниеге келген.

Кейінірек оған жасанды қабық орнатылған, бұл оған кейбір заттарды көруге мүмкіндік берді. Көру қабілетінің жақсаруы оның спорттағы шектеулер санатына әсер еткен жоқ. Сиднейдегі Паралимпиада ойындарында Зорн өзінің мүгедектік санатында 8 әлемдік рекорд орнатты.
Ол спорттық жетістіктерінен бөлек, мүгедек балалармен жұмыс істеп, жаттықтырушы қызметімен де белсенді айналысады. Триша Зорнның есімі Халықаралық паралимпиадалық Даңқ залына енген.
Зүлфия Ғабидуллина Паралимпиада ойындарында Қазақстанға алтын әкелген алғашқы спортшы болды. Тарихи жеңіс 2016 жылы Рио-де-Жанейро ойындарында болды, сол кезде Зүлфия 100 метрге еркін жүзуден медаль жеңіп алды.

Чемпион балалық шақтағы жазатайым оқиғадан мүгедек болған екен. Бес жасында оны мотоцикл қағып кеткен. Спортшының айтуы бойынша, оның табанды мінезі жақындарының қолдауы мен ықпалының арқасында дамыпты: «Мені туыстарым мені қолдады, бірақ ешқашан өкінбеді. Мен қашанда, қайда жүрсем де басқалармен терезем тең болды».

Зүлфияның қоржынында 230-дан астам медаль және 12 әлемдік рекорд бар. Ол, сонымен қатар, Токиодағы соңғы Паралимпиада ойындарына қатысты. Зүлфия бүгінде спортпен шұғылдануды жалғастырады, әлі де спортшылар мен жанкүйерлерді өзінің талантымен қанаттандыра бермек.
Британдық жеңілатлет Стивен Миллер өз мансабында Паралимпиада, әлем және Еуропа чемпионаттарының чемпионы және жүлдегері болды. Стивен церебралды сал ауруымен дүниеге келген, ол паралимпиадашы Норман Бернспен кездескеннен кейін үлкен спортпен айналысуды ұйғарыпты, ол кейіннен оның жаттықтырушысы атанған. Паралимпиаданың алғашқы алтынын спортшы 1996 жылы Атланта ойындарында алған. Ол кезде 16 жастағы жасөспірім еді, осылайша кейіпкеріміз ең жоғары марапатқа ие болған британдық ең жас паралимпиадашы немесе олимпиадашы атанған. 2013 жылы Миллер мен оның әйелі «SMILE Through Sport» қорын құрған (Спорт арқылы күлімсіреу).

SMILE (Sport, Movement, Inclusion, Learning, and Enjoyment) сөзі – «Спорт, қозғалыс, Инклюзия, оқыту және Қуаныш» деген мағынаны білдіретін аббревиатура. Қордың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың спорттық іс-шараларға қатысуын ынталандыру.

Поляктың теннисші қызы Наталья Партыка оң қолсыз дүниеге келген. Ол алғаш рет Паралимпиадаға небәрі 11 жасында қатысқан. Осы жылдар ішінде ол Паралимпиада ойындарының 6 алтын, 2 күміс және 2 қола медалінің иегері болды. Сонымен қатар, теннисші Паралимпиадаға да, Олимпиадаға да қатысатын аз спортшылардың қатарынан. Наталья мансабын сәтті жалғастырып келеді: ол небәрі 33 жаста және алда оны көптеген жарыс пен жеңіс күтіп тұр. Оның тенниске деген адалдығы мен табандылығы жеңе алмайтын кедергілердің жоқ екенін дәлелдейді.
Қазақстандық шаңғышы Александр Колядин Пхенчхандағы Қазақстан паралимпиадалық құрамасы үшін тарихи алтын медалін жеңген. Спортшы қысқы Паралимпиада ойындары тарихындағы алғашқы қазақстандық чемпион атанды. Жас кезінде Александр шаңғы жарыстарымен айналысып, Республика құрамасында ойнады, бірақ спорттан кетуге мәжбүр болған. 1997 жылы болашақ паралимпиадашы жол апатына ұшырады, содан кейін ол оң аяғынан айырылды. Ұзақ оңалтудан өткен Александр спортқа оралып, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болды. Паралимпиадалық аренада жеңіске жету үшін оған бірнеше жыл қажет болды. Пхенчхандағы жетістіктері мен алтын медалі үшін Александр Колядин «Құрмет» орденімен марапатталды.
Арба жарысынан шабандоз Танни Грей-Томпсон – Ұлыбританиядағы мүгедектігі бар ең табысты спортшылардың бірі. Спортшы омыртқа бифидасымен дүниеге келген. Спорттағы 16 жыл ішінде ол Паралимпиада ойындарының 11 алтын, 4 күміс және 1 қола медалін жеңіп алды, сонымен қатар, 30 әлемдік рекорд орнатты. Танниге спортқа қосқан үлесі үшін Ханым атағы берілді. Мансабын аяқтағаннан кейін Грей-Томпсон саясатпен айналысуға шешім қабылдады. Оның бай спорттық және саяси тәжірибесі оған мүгедектердің мүдделерін тиімді қорғауға және олардың өмірін жақсартуға мүмкіндік береді.
Пауэрлифтер Давид Дегтярев Токиодағы жазғы Паралимпиада ойындарында жалғыз алтын медаль жеңіп алып, біздің құраманың жұлдызы болды. Ол пауэрлифтингті 2016 жылы ғана бастағанына қарамастан, бірнеше жыл ішінде әлемдік деңгейдегі кәсіпқой бола алды. Паралимпиадада Давид салмағы 174 келі штанганы көтеріп, 54 келіге дейінгі санатта жеңіске жетті. Спортшы алтын медаль алған сәт Қостанайдағы тұрғын үйлердің біріндегі муралда бейнеленген. Бұл оның мәңгі есте қалар жетістіктерін мойындау.
Біз атап өткен әр спортшының өзіндік ерекше және әсерлі хикаясы бар. Бұл тек спорттық жетістіктер туралы ғана емес, сонымен қатар, батылдық, табандылық және жеңіске деген ұмтылыс туралы хикаялар. Паралимпиадалық спортшылар өз мысалымен әрбір жанның да нәтижеге жету мүмкіндігі бар екенін дәлелдейді. Барлық мүмкіндігімізді пайдаланып, үздік әрі күшті бола түсу үшін қиындықтардан тайсалмауымыз керек.