Қарызға ақша сұраса қалай "жоқ" деу керек?

Қарызға ақша сұраса қалай "жоқ" деу керек?
Фото: freepik.com

Қарызға ақша сұрау — жиі кездесетін мәселе. Оны сұрайтын адам ғана емес, оны беретін адам да кейде қиналып қалады. Өйткені, кей адамдар "жоқ" деп айта алмайды. Сол себепті біреудің көңіліне қарауға мәжбүр болады. Бұл — дұрыс емес. Өзгеге көмектесемін деп, өзіңізді жайсыз жағдайда қалдыруға мүлде болмайды. 

Сізден қарызға ақша сұрады, сіз шешім қабылдайсыз: 
А нұсқасы. Адамға көмектесіп, өзіңіздің бақытты сезінсеңіз, бұл — альтруизм. Өзіңіздің мүмкіндігіңіз жететін соманы қарызға беруге болады.
Б нұсқасы. "Жоқ" деп айта алмайсыз."Бетін қайтарсам мен туралы не ойлайды?", "Ренжіп қалса ше?", "Маған көмек керек кезде бас тартса ше?" деген сұрақтар мазаласа, демек сіз өзіңіздің жеке шекараңызды қорғап білмейсіз. Ұятты бірінші орынға қойып, өзіңіздің қолайсыз жағдайда екеніңізді ұмытасыз. Ондай жағдайда не істеуге болады, бірге білейік. 

1. Адамға емес, өтінішке "жоқ" деп отырғаныңызды түсініңіз.
Өтініш бар болғаны өтініш. Адам сізден тек мүмкіндікті сұрап отыр. Егер сіздің өзіңізде бұл мүмкіндік болмаса, қалай көмектесесіз? "Жоқ" деу — қарым-қатынасты бұзу емес. Егер түсінігі мол адам болса, бұған қалыпты нәрсе ретінде қарайды.  

2. Осы ойыңыздан бас тартпаңыз.
Манипуляция жасап, кейде тіпті "құрбан" рөлін ойнап, сізді райыңыздан қайтаруға тырысатын адамдар болады. Олар "бір сұрап едім, оған да жоқ дедің", "жақын адамыңның ақшаны қызғанып" деген тіркестерді қолдануы мүмкін. Ондайға алданбай, өз ойыңызда соңына дейін тұрыңыз 

3. Жаңа әдетке жаттығыңыз.
Ешқашан ешнәрседен бас тартпай үйренген болсаңыз, енді жаймен "жоқ" деуге жаттығыңыз. Бірде өзгеге, бірге басқа бір танысыңызға "жоқ" деп көріңіз. Олардың реакциясын бақылаңыз. Әркімге өзіңіздің ойыңызды қалай жеткізу жолын қарастырыңыз.  

"Жоқ" дегенді былай жеткізуге болады.
— Қарызбен жағымсыз жағдайлар көп болды. Содан бері қарызға ақша бермеймін. Сенімен қарым-қатынастты бүлдіріп алғым келмейді. 
— Мен қарыз алмаймын, қарыз бермеймін. Түсіністік танытқаныңа рақмет.
— Не үшін қарыз бере алмайтыныңызды ашық айтыңыз: Мысалы, несие төлеймін, өзге жоспарларым бар, біреуге берген кезде белгілі бір пайызы жойылып кетеді немесе кез келген уақытта алынбайтын депозитте жатыр. 

Т. Есқали