Ғалымдар COVID-19 пандемиясының балаларға кері әсерін айтты

Ғалымдар COVID-19 пандемиясының балаларға кері әсерін айтты
Фото: sickkids.ca

Аустралиялық зерттеу COVID-19 пандемиясының балалардың психикасына, оқу нәтижелеріне және физикалық белсенділігіне теріс әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Бұл туралы  Xinhua жазды.

Аустралияның медициналық журналында (MJA) жарияланған зерттеуді аустралиялық Мердок балаларды зерттеу институты (MCRI) жүргізді. Мақаланың жетекші авторы Шарон Голдфельд балалар шектеу мен қоғамдық денсаулық сақтау шараларына байланысты онлайн оқу, экран алдында көп уақыт өткізу, белсенді өмір салтын жоғалтатынын айтты.

Психикалық қысым адам денсаулығына әсер етеді, дейді сарапшылар. MCRI жүргізген жеке зерттеу вирус жұқтырған кейбір балалар мен жасөспірімдердің стигма мен күйзелісті бастан кешіргенін көрсеткен.

Зерттеуге сәйкес, қашықтан оқыту кезінде жетістіктер арасындағы айырмашылық үш есе жылдам өскен. 5 000 мұғалімнің тек 35 пайызы ғана оқушылардың карантин кезінде жақсы оқығанын хабарлады, ал мүмкіндігі шектеулі оқушылардың сабаққа қатысуы төмендеген.

Зерттеу сонымен қатар отбасы табысының төмендеуі немесе жұмысынан айырылу, ата-ананың психикалық денсаулығы мен күйзеліс тамақтануға, қауіпсіздікке және бала күтіміне әсер ететінін көрсетті.

Бұған дейін ғалымдар пандемияға байланысты балалардың психикалық дамуы баяулап, олар ойын ойнауға, мультфильм көруге және желіде сөйлесуге көбірек уақыт бөлетінін анықтаған.

Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) есебіне сәйкес, COVID-19 пандемиясына байланысты 2019 жылдан бері кедейшілікте өмір сүретін балалардың саны 100 миллионға өскен.

Т. Раушанұлы