Университетке қабылдау: ата-ана баласын үлкен қаладағы өмірге қалай дайындауы керек?

Университетке қабылдау: ата-ана баласын үлкен қаладағы өмірге қалай дайындауы керек?

Кеше ғана аулада футбол ойнап, тізесін жаралап келетін ұлыңыз бен басына ақ бантигін тағып мектепке баратын қызыңыз чемоданын жинап, бөтен қалаға аттанды ма? Әрине, балаңыз әлдеқашан өз жүрісіне жауап бере алатындай жасқа жетсе де, кез келген ата-ана алаңдаушылыққа бой алдырады. Бұл заңды құбылыс. Осы орайда біз психоаналитиктер ұсынған бірнеше кеңесті бөліскелі отырмыз. Қажетін алыңыз. Балаңызды ересек өмірге қалай дайындау керек екенін және оларға еркін өмірдЕ жамандыққа ұрынбауға көмектесетін кеңестерге құлақ асыңыз. 

Қорқыныш қайдан пайда болады? 

Психоаналитиктердің пікірінше, кез келген қорқыныш пен үрей бейсаналы түрде пайда болады. Егер адам бір нәрседен қорқатын болса, бұл оның осындай тәжірибені өз басынан өткергенін және қандай да бір себептермен басқаларды одан қорғауға тырысатынын білдіреді. Яғни, студенттің әкесі не анасы өзі студент болған кезде оны ортасы қабылдамай, ыңғайсыздық пен жалғыздық сезінген болуы мүмкін, немесе, керісінше, студенттер тобының «жүрегіне» айналып, сол «билігін» асыра сілтеп пайдаланғаны үшін өкінетін болуы мүмкін. Жиырма жыл бұрын осындай тәжірибе алған студенттің анасы не әкесі баласына алаңдаулы болары анық. 

Күн сайын бізге теледидар мен электронды ақпарат құралдарынан қорқынышты жаңалықтар жетіп жатады. Мысалы, «студенттер оқыс оқиғаға ұшырады», «студент бейтаныс адамдардың қолынан зардап шекті» деген контексттегі мақалалар алаңдаушылық сезімін тудырады. Тіпті ең ақылды және саналы деген адамдардың өзінің осындай тақырыптардан кейін жүйкесі сыр береді, автоматты түрде баласының телефон нөмірін тере бастайды. Бірақ, басқа адамның, әсіресе студенттің өмірін тәулік бойы бақылау мүмкін емес. 

Ата-аналарға қалай дайындалу керек 

Егер баланың жеке басының дамуының барлық алдыңғы кезеңдері сәтті өткен болса, яғни, бірінші сыныптан бастап оқу үдерісіне ата-ана өз үлесін қосқан болса, демек баланың білім алу үшін басқа қалаға көшуіне қарсы болмауы керек. Қорқынышқа бой алдырмауы керек. Бұл жерде олар өз баласына сенетін болса да, ата -аналар жасөспірімнің бөлек кетуіне алаңдайтыны рас. Бірақ баласы түбі тәуелсіз өмір кезеңіне өтетінін ұққан ата-ана оған дайындыққа ерте бастайды. Әбден баласы аттанар күн жақында ғана есін жиып, баласын әлі сәби көріп жүргендер, әрине, дайын емес болғандықтан ғана қорқынышқа бой алдырады. Баланың бөлек кетуіне бірнеше жыл бойы моральды тұрғыда дайындалып жүрген болсаңыз да, оның дәл кететін күні жүрегіңіз шыдамастай күйге түспес үшін бірнеше ай бұрын қоныс аудару процесін ұйымдастыруға көшіңіз: заттарды тасымалдау үшін жүк сөмкелерін дайындаңыз, онымен қалта ақшасын, өмір сүруге қажетті ақшаны талқылаңыз, жаңа жерге қоныстануға көмектесіңіз. 

Онымен «қауіпсіздік, сенім, жауапкершілік» туралы әңгіме қозғаңыз. Ештеңе жасырмай, айтып жүруін сұраңыз. Ата-аналар «ол әлі бала» деп баласының ересек екеніне сенуден үзілді-кесілді бас тартса да, бұл шындық. Сондықтан, уайымдауды доғарыңыз - бәрі міндетті түрде жақсы болады. Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да, ол өз өмірін сүруі тиіс. Өмірдің осы кезеңіндегі өзіңіз туралы және достарыңыз туралы әдемі естеліктерді еске алып, балаңыздың да жолы ашық боларына сеніңіз. 

Баланы қалай дайындау керек 

Қазіргі студенттер - жаңа мыңжылдықта туылған балалар. Олар тумысынан компьютер мен интернетпен таныс. Олар ата-аналарына сирек сұрақ қояды, өйткені қазір бәрін олардың қатысуынсыз табуға да, сатып алуға да болады. Қазіргі студенттер ересек өмірді, ата-анасынан алыста өздіктерінен шешім қабылдап, еркін жүруді бала кезінен аңсайды. Осындай жағдай орын алмас үшін, яғни, балаңыз сіздің қамқорлығыңыздан бас тартуға асықпас үшін оған өмірдің жаңа кезеңі керемет екенін және сіз оның тәуелсіздігін қолдайтыныңызды жеткізуге тырысыңыз. Бірақ өмірден мысал келтіре отырып, әр әрекеті үшін жауапкершілік сезінуі керек екенін құлағына құйыңыз. Мысалы, сабағын дұрыс оқымай, диплом алмаса, өзі ұнатпайтын іспен айналысып, аз жалақыны қанағат тұтуға тура келетінін ескертіңіз.

Сіз студент кездегі өз тәжірибеңізбен бөлісіңіз, бірақ «Мен білемін, бұл мен үшін солай болды, сенде солай істе» деген позициядан емес, «Мен сенің қалай істейтініңді білмеймін, бірақ менімен осылай болды. Қандай жағдай болса да, мен сені қолдаймын ...» деп айтыңыз.

Баланың еркін өмірге аяқ басуы трагедия емес. Алғашқы алты айда ол әр демалыс сайын ата-анасына барғысы келеді. Кейін үйренісіп кетеді.

А. Оралқызы