Баланың ішкі мотивациясын қалай оятуға болады?

Баланың ішкі мотивациясын қалай оятуға болады?
Фото: lifehacker.com.au

Балаға ақша берудің салдары туралы "Ақша мен бала" мақаламызда тәптіштеп айтқан болатынбыз. Енді балаға ақша бермей-ақ, оны жақсы оқуға ешқандай "марапаттарсыз-ақ" қалай ынталандыруға болатыны туралы ізденіп көрейік.

Ішкі және сыртқы мотивация?

Біз ішкі мотивация туралы ойланбаймыз. Мысалы, сіз бірдеңені қаласаңыз оны істейсіз. Балалар да солай, олар өздеріне ұнайтын әнді қуана-қуана тыңдайды, өз қолымен бірдеңе жасайды немесе шытырман оқиғалы романдарды оқиды, өйткені олар соны ұнатады.

Ал, сыртқы мотивация дегеніміз не? Сыртқы мотивация баланы қолдан ынталандыру, оған "сен мынаны істесең немесе сабақ оқысаң ақша берем яки ұнатқан нәрсеңді сатып алып берем" деп айту. Яғни оны "мәжбүрлі түрде" бірдеңе істеуге итермелеу.

Психолог Альфи Кон "Сыйақымен марапаттау" кітабында ата-аналарға ғана емес, мұғалімдерге де сыртқы мотивацияны пайдаланып, баланы оқыту қате екенін ескертеді.  Кейбір ата-ана баласына "жақсы оқысаң зообаққа апарам, ақша берем" деп дәмелендіреді. Бала сіз айтқандай еркінен тыс жақсы оқиды, ал уәде етілген нәрсеге қолы жетпесе, қатты ренжиді.

Мұғалімдер балалардың үлгерімі үшін түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Сабаққа айдың, аптаның, күннің үздік оқушысы деген жарыстар енгізеді. Әдетте, мұндай марапаттарды ылғи екі-үш оқушы иеленеді. Себебі олар онсыз да жақсы оқитын оқушылар. Ал қалған балалар тіпті оған талпынбайды да. Мұның соңы балалар психологиясында "мен өмірде жолы болмайтын, ылғи "екінші болатын" адаммын" деген түсінік қалыптасады.

Балаға тек сыртқы мотивация беру неліктен нәтиже бермейді?

Егер сіз балаға "жақсы оқысаң армандаған смартфонды сатып алып берем" десеңіз ол шынында да жақсы оқиды. Сонымен қатар, ол өзін-өзі қорғау инстинктін тудырады. Бала мәселені шешудің шығармашылық әдісін емес, ең сенімді және қысқа жолдарын іздей бастайды. Бұл үлкендерде де бар қасиет. Мысалы, сіз доктарантураға түскіңіз келеді. Қатты қызығасыз. Бірақ оған түсуіңіз үшін ағылшын емтиханынан өтуіңіз керек. Ал сіз ағылшын тілін білмейсіз. Не істеу керек?!

Мұндайда ішкі мотивациясы бала кезінен жақсы дамыған адам ағылшын тілін оқиды, бір жыл болсын, екі жыл болсын оқып, тілді меңгеріп шығады. Содан соң ғана өзі армандаған докторантураға тапсырады. Ал бала кезінен тек сыртқы мотивациямен оқыған бала мұндайда таныс-тамыр іздейді, ағылшынға уақыт жоғалтқысы келмейді. Оның мақсаты қалағанына қандай да жолмен қол жеткізу.

Бала да дәл сондай. Оны сыртқы мотивациямен ынталандырсаңыз "неліктен мен бақылауды өзім жазуым керек. Оны үздік оқушыдан көшіріп алғаным, сенімдірек емес пе?" деп ойлайды. Мысалы оның қалағаны смартфон болса, баланы "бақылауды дұрыс жаза алмасам, смартфоннан айрылып қаламын" деген қорқыныш басып тұрады. Сондықтан ол мәселенің ең сенімді жолын іздестіреді. Марапат үшін баланы оқуға ынталандырудың салдары осындай болуы мүмкін.

Оқуға деген қызығушылыққа не әсер етеді? Оның мынадай үш тәсілін ұсынамыз:

1. Кішкентай балалар оқуға дайын және бұл үшін олар ештеңе талап етпейді. Олардың ішкі мотивациясы күшті: олар оқуға қызығушылық танытқандықтан үйренеді.

2. Ішкі мотивацияны оқу үшін қолдайтын балалар тиімді оқиды. Кейбір балалардың ішкі мотивациясы шынында да оқуды немесе белгілі бір пәнді ұнатпауы мүмкін. Мұндай мектеп оқушылары бір пәннен тек төмен баға алса, басқа салаларда өзін жақсы жағынан көрсетеді. Мысалы, олар өздерінің сүйікті әншісінің ондаған әнін жаттай алады да, математика сабағында көбейту кестесін еске түсіре алмайды немесе фантастиаклық шығармаларды жақсы оқып, классикалық романдарды оқымауы мүмкін.  Себебі оларға сол қызық. Ішкі мотивацияның мәні дегеніміз осы. Баланы бейімі бар салаға қарай ынталандыру керек.

3. Сыйақы ішкі мотивацияны жояды. Психолог Кэрол Эймс пен Кэрол Двек ата-аналар немесе мұғалімдер балаларға қандай да бір сыйақы беріп сабақ оқытса, баланың сол салаға деген қызығушылығы бірден төмендейтінін анықтаған.

Неден бастау керек?

Баланың оқуға деген ішкі мотивациясын ояту ұзақ процесс және ол көбіне ата-анаға байланысты. Біз алдымен мазмұн, баламен одақ құру, балаға таңдау еркіндігін беру туралы ойлануымыз керек.

1. Мазмұн. Бала біздің өтінішімізді орындамаған кезде, біз оның мінез-құлқына әсер ету тәсілдерін іздейміз. Оның орнына сіздің талабыңыз қаншалықты дұрыс екенін ойланыңыз. Егер балаңыз физикадан "4" пен "5" алмаса, қорқатындай ештеңе жоқ.

2. Баламен одақ құру. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана баламен дұрыс сөйлеспейді, оларға тек бұйрық береді. Баланы үнемі қолдау керек. Сондықтан кез келген нәрсе, мейлі ол кішкентай елеусіз нәрсе немесе оқиға болса да ол туралы балаңызбен сөйлесіңіз. Бірге талқылап, оны түсіндіріп, қажет болса жоспар құруға көмектесу керек. Дос ретінде сөйлесуге тырысыңыз. Егер балаңыз ғарышкер немесе футболшы боламын десе мұны ескеріңіз. Онымен бұл жайлы сөйлесіп, талқылап неге ғарышкер немесе футболшы болғысы келетінін сұрап, оны талқылау керек.

3. Таңдау еркіндігі. Бала процестің бір бөлігін сезінуі керек, сонда ол проблеманың шешімін табуға жауапкершілікпен қарайды. Егер балаңыз мінезі өзгеріп, ашушаң, тұйық болып бара жатса, оның себебін сұраңыз. Әдетте, мұндай жағдайда біз "жұрттың балалары..." деген сынды ақыл айтуға шеберміз. Мұның орнына сіз бір уақ балаңызды тыңдап көріңіз. Оның жауабы сізді таң қалдыруы мүмкін.

Ішкі мотивацияны қайдан іздейміз?

Баланың мінезін түзету оңай емес, дегенмен бұл бағыттағы әрекеттер нәтиже бере алады.

1. Балаңызды қабылдауға үйреніңіз. Мысалы, қызыңыздың бір мәселелер туралы шешімі ұнамауы мүмкін, бірақ сіз оны қабылдауыңыз керек. Басқаша айтқанда, бұл еркелету емес, түсіну.

2. Ашық әңгімелесу. Балаңызбен қандай жағдайда болса да ашық сөйлесіңіз. Оның қандай проблемаға бар екенін сұраңыз. Шешімін бірге іздеңіз.

3. Балаға өзінің өмірдегі мақсаты туралы қорытынды жасауға көмектесіңіз. Көбіне баланың ішкі мотивациясының жоғынан ол формулалар, шексіз ережелер мен теоремалар не үшін қажет екенін түсінбейді. Балаңыз мектепті бітіргеннен кейін не істегісі келетіні туралы қорытынды жасау өте маңызды. Мұны түсінуге ата-анамен ұзақ әңгіме, кәсіби бағыт туралы кеңестер және жасөспірімдерге арналған кітаптар көмектеседі.

4. Оқыту процесін баланың қызығушылығы негізінде құрыңыз. Оқу барысында баланың шынайы қызығушылықтарын (ішкі мотивациясын) мектептегі сабақтармен байланыстыру керек. Бұл процесс ата-анадан еңбекті талап етеді. Мысалы, сіз балаға оның сүйікті фильмін пайдаланып ағылшын тілін үйрете аласыз. Компьютер ойындарын ұнататын жасөспірім бағдарламалауға және онымен байланысты білімге қызығады. Сол салаға бейімі бар. Сондықтан оның ішкі мотивациясын осы салаға қарай бейімдеу керек.

Маңызды міндеттердің бірі – баланың ішкі мотивациясын ояту. Ал баласының болашағын ойлайтын кез келген ата-анаға бұл тіпті де қиын мәселе емес.

Т. Раушанұлы