Қалай миллионер болмау керек?

Қалай миллионер болмау керек?
Фото: mdzol.com

Әдетте "Миллионер болу жолдары", "Қалай миллионер боламын" деген секілді тақырыптар көп кездеседі. Бүгін сіздерге қалай миллионер болмау керек екені туралы айтамыз. Бір күні ұйқыдан ояна сала миллионер болғыңыз келді. Бұл ой бұрыннан да жиі мазалайтын, бірақ дәл осы күні сәті келіп тұрғандай көрінді. Сол кезде мынадай әрекеттерге бармаңыз.

Жұмысты бұрынғыдан да көп істеу
Табысыңыз бұрынғыдан сәл артар, бірақ ақшадан да маңызды құндылықтарыңыз тасада қалып қоймай ма? Ешқандай бос уақытыңыз бомлайды, оның барлығын жұмысқа жұмсайсыз. Демалыс күнін ұмытып қаласыз. Отбасыңызға сізді көру, сөйлесу арман болады, ал өз түріңізді айндан тек көз іскен, өңі қашқан, қалжырап біткен кейіпте көресіз. Үздіксіз жұмысқа жексе, жылқы да өледі. Мүмкін, аздаған ақша жиналар, бірақ өмір солай өте береді. Өз денсаулығыңыз бен отбасыңызды сақтаңыз. Әрине, жұмыс істеу керек. Бірақ ол отбасыңыз бен өзіңізден алдыңғы орынға шығып кетпеуі тиіс. Бір іске деген асқан құлшыныс, толған энергия ұзақ уақытқа бармайды.

Интернет беттерін парақтап, "миллионер болудың 1001 әдісі" деген жазбалар оқу
Интернет – қарым қатынас пен ақпарат алмасуға арналған бұқаралық алаң. Бұл жерде "бұқаралық" деген сөзге баса назар аударыңыз. Интернет қолданушылардың 99 пайызы дәл өзіңіз секілді қарапайым адамдар. Олардың сізге үйреткісі келіп жазған ақылын өзіңіз де білесіз. Тегін ас қақпанда ғана болатынын естен шығармаңыз.

Интернетте әртүрлі пирамидаларға кіру не интернет-казино ойнау
Кез келген пирамиданың түпкі мақсаты әр жаңа қатысушы есебінен баю. Егер сізге бастапқы сомаға 100-1000 теңге құю арқылы миллионер боп кетуді ұсынса, сіз секілді 1000 адам 1000 теңгеден қосқанда ғана миллион шығатынын есте ұстаңыз. Бұл құрыққа түссеңіз, ары қарай өзіңіз секілді 1000 ақымақты алдауға дәтіңіз жетер ме еді? Ал құмар ойындардың жайы да түсінікті. Өмірдегі ең соңғы ақымақ қана адал ойын автоматын не бағдарламасын қоюы мүмкін. Кез келген "сыңарқолды алаяқтың" көздегені кездейсоқ ұтыс емес, халықтан жымқырып, өзі пайда табу. Ойын сайттары туралы айтудың өзі артық. Интернетте тәжірибемен келген өз сайтың не блогың болмаса, өзге жолмен ақша табуыңыз екіталай. Видеодағы көрілім арқасында келетін жарнамадан ғана тиын-тебен түсуі мүмкін, басқалары бос сөз.

Алдыңғы пунктің жалғасы ретінде бәс тігуді айтсақ болады. Букмекерлік орталық жұмыс істеп тұр ма, демек бәс қойғандардың көпшілігі ұтылып, букмекер иесі табысқа кенеліп жатыр деген сөз. Өз букмекері бар адамнан басқа бәс тігу арқылы пайда табатын бірде бір адам жоқ шығар. Кейде қомақты ұтысқа кенелетіндер бар, бірақ олар оған дейін қанша шығынға ұшырағанын кім білсін?! Қалай болғанда да құмар ойынның аты құмар ойын, ол адамды одан сайын құрдымға алып кетпесе, басқа пайдасы жоқ. Маңдай термен келмеген оңай ақшаның берекесі жоқ.

Дүкенге жүгіріп, "Бай әке, кедей әке" не "Миллионды түсінде де көрмегендерге 1 ай ішінде баю" деген секілді кітаптар сатып алу
"Миллионер болу үшін" деген кітап авторлары сол туынды мазмұнында айтылған әдістер мен кеңестер арқылы емес, осы кітаптарды сату арқылы байыған. Мұндай кітапты оқығанда тек тез келетін миллиондар туралы тәтті қиялға батасыз, нәтижесінде түк шықпайды.

Ешқандай тәжірибесіз, жоғары білімсіз үйде отырып ақша табу
Мамандықтың түр-түрі болады. Үйде отырып-ақ жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ мұндай жарнама берушілер әдетте жұмыстың өзі туралы тіс жарып ештеңе жазбайды – бұл да кезекті өтірік. Қандай іспен айналысатынын көрсетпей жатып, қомақты жалақы ұсынып қызметкер іздеудің не мәні бар? Олардың бар мақсаты – адамның сеніміне кіріп, өзіне жұмыс істету.

Бизнес бастауға несие алу не қарызға ақша сұрау
Бастапқы капиталсыз іс бастау қиын, әрине. бірақ егер идея жақсы болса, ол онсызда жүзеге асады. Ал идея нашар болса, алған несиеңіз желге ұшып кетеді. Ақшаны жинап, бизнеске инвестиция жасау керек, бірақ бұл қарызға алынған не соңғы ақша емес, артық мөлшерде жиналған, тәуекелге бел бууға тұрарлық қаражат болуы тиіс.

Өзіңіз секілді жақыныңызды жұмысқа тарту
Бір нәрсені бастау жалғыз өзіңізге қиын көрінуі мүмкін. Мұндай жағдайда жақын досыңыздың не туысыңыздың қолдауын қажет етіп, онымен серіктес болуды қалайсыз. Ол қазір сіздің жақын досыңыз. Егер шынында да миллионер боп кетсеңіз, ол бәсекелесіңізге, дұшпаныңызға да айналып кетуі ықтимал. Жақын қарым-қатынасты бұзғыңыз келмесе, барлығын өзіңіз бастауға тура келеді.

Идеяңызды біреумен бөлісу
Әлемде көп ақша өнеркәсіптік тыңшылықпен байланысты. Бәсекелестер бір-бірінің жоспарының сырын ашқысы келеді. Егер жай ғана әңгіме арасында өзге біреуге идеяңызды айтып қойсаңыз, күндердің күнінде оны біреудің жүзеге асырғанына куә боласыз.  

Тағы бір әдіс, мақаланы оқығаннан кейін осы кеңестерді тыңдамау. Сәттілік тілейміз!

@. @assel_assanova