Түнде ұйықтамасаңыз, кофе ішпеңіз

Түнде ұйықтамасаңыз, кофе ішпеңіз
Фото: blog.car-fin.ru

Кейде белгілі бір жағдайлармен түнде ұйықтамай жүретін кезіміз болады. Ертесіне не істеп, не қойып жүргенімізді білмей, ұйқы мен өңнің арасында шаршап жүреміз. Мұндай жағдайда не істеу керектігін білесіздер ме? Олай болса, мына кеңестерімізге құлақ түріңіз.

Маңызды шешім қабылдамаңыз

Түнде ұйықтаған кезде адамның күндіз көрген, естіп-білген ақпараттары жадында сақталып, миы тынығуы тиіс. Ал ұйықтамаған адамның есте сақтау қабілеті бұзылып, дұрыс шешім қабылдай алмайды. Түнгі ұйқыны «өткізіп» алған адам маңызды мәселелерге келгенде сәл кідіргені дұрыс. Жұмыс үстелінде ұйқыны ойлап отырып, айналадағы әріптестерінің сөзіне де құлақ аспай қалады. Сондықтан, ұйықтамаған кезде қойылған сұраққа ат үсті қарамай, жауапты кешірек беретініңізді ескертіңіз. Оны естен шығармау үшін қойын дәптеріңізге жазып қойыңыз.

Дұрыс тамақтаныңыз

Ұйықтамаған адамның ағзасы көмірсу мен қантқа сұранып тұрады. Яғни, көп тәтті жегісі келіп тұрады. Бұған жол бермеуге тырысыңыз. Мүмкіндігіңізше ақуызға бай таңғы ас ішкеніңіз жөн. Мысалы, жұмыртқа, ет секілді тағамдарды ішіңіз. Ақуыз кешке дейін қуат береді. Сонымен қатар, майлы тағамдардан аулақ болыңыз. Жеміс-жидек, көкөніс жеңіз. Энергетикалық сусындарды да ішпеңіз: олардың құрамында да қант барын ұмытпаңыз.

Кофеге салғырт қарамаңыз

«Кофе ұйқыны ашады» деген қағидамен 2 шыны кофе ішу сіздің жағдайыңызда – үлкен қателік. Себебі, кофе мүлдем ұйықтамаған адамның жүйке жүйесін әлсіретеді. «Уды у қайтарады» демекші, бұл мәселені шешу үшін тынығып демалу керек.

Күнмен дос болыңыз

Егер сіз қараңғы жерде отырсаңыз, ағзаңыз ұйқыны қалай береді. Ағзаға күндізгі уақыт екенін білдіретін ақпарат бармағаннан кейін сіздің санаңыз да «ұйықтау режиміне» еніп кететін болады. Бұл жағдайда күннің көзінде жүріп, жаттығу жасау керек. Ағзаңыз теріңіз арқылы күннен түскен D дәруменімен «қоректенуі» тиіс.

Жаттығыңыз

Бұл жағдайда денеңізден хәл кетіп, аяқтарыңыз баспай қалуы мүмкін. Өзіңізді сергек сезіну үшін, денені ояту үшін сирек қозғалып, жаттығу жасау керек. Ол үшін жаттығу залына барудың қажеті жоқ. Жұмыс үстелінде де, түскі ас кезінде де, жолда жүріп келе жатып та жаттықсаңыз болады.

Мүмкіндік болса, көз іліп алыңыз

Он бес минуттық ұйқы да жетіп жатыр. Бастысы шаршаған көзге тыныштық беру. Ми сергек болуы үшін оған да тыныштық бере тұрыңыз.

Г. Берік