Өзімшіл адамдар қандай болады?

Өзімшіл адамдар қандай болады?

Өзімшілдік қасиетін бойына дарытып, өзінен өзгенің жағдайына бас ауыртпайтын, тіпті бас ауыртпақ түгілі өзгенің жағдайын ойлап та көрмеген адамдардың бары рас. Олар үшін өмірлік заңдылық – өзін тойдырып, тек өз қажеттілігін өтеу ғана. Өзімшіл адамның белгісі қандай болады?

Өзімшіл адамдар  қанағатсыз болады. Олар үнемі тек өз жағдайын ғана ойлай берсе де, өз керегінің түбіне ешқашан жете алмайды. Барды бағалаудан жұрдай келетін өзімшілдер үнемі қанағат деген сөздің қадірін білмей өтеді. Өйткені өзімшіл адамдар өздерін үнемі тойдыра алмайды. Тойған күннің өзінде «тойдым» деп айтпайды.

Өзімшіл адамдар өзгенің халіне бейқам қарайды. Оларды ешқашан жетім-жесірлер мен жыртық-жамаулар алаңдатпайды. Шарасыз күйде жүргендер бақытсыздыққа ұшыраса, «өз тағдырынан» деп ойлайды. Бастысы – өз басын көлеңке шалмаса болғаны. Ал қалғанының халі ол үшін «Екі қойың – бір сом»...

Өзімшілдер қарызға ақша бермейді. Олар біреу қарызға ақша сұраса, «жоқ» деген жауапты айта салудан тайсалмайды. Өйткені олар қарыздан қорқады. Қарызы қайтпай, құр шығынға батып қаламын ба деп уайымдайды. Алдында қанша адам жағдайын айтып, ақша сұраса да, «ақша жоқ» деп бар дүниені жоққа шығара салудан шімірікпейді.

Өзімшілдер туыс болып жарытпайды. Олар өз ата-анасының алдында өмірлік қарыздар екендігін мойындамайды. Мойындаған күнде де оларға моральдық та, материалдық та көмек көрсетуге асықпайды. Өзі туылып, өзі өсе салғандай ата-ананы қуантып разылығын алғанның дұрыс екендігін ұғынбайды. Өзімшілдер өз бауырларына да көмек бергісі келмейді. Үйленген соң әркім өз отбасын асырау үшін еңбек етеді деп ойлайды.

Өзімшілдер тиынға тісін сындырады. Мұндай адамдардың арасынан сараңдары да кездесіп жатады. Олар кез келген жағдайдан ақы төлемей сытылып шығып кетудің жолын іздейді. Өйткені олар қалтасынан көк тиын да шығарғысы келмейді.

Өзімшілдер өзгенің қалтасындағыны да қызғанады. Өзімшілдердің бәрі бірдей тек өз жағдайымен ғана мақтанбайды. Олар, сонымен қатар, өзгенің де қалтасындағы дүниеге көз салып, өзгеге бұйырмай менің аузыма топ ете қалса екен деп аңдып отырады.

Өзімшілдер махаббатта тәкаппар келеді. Олар тек өзін ғана сүйгенді қалайды. Қанша сүйіп тұрса да, сезімін ақтарылып айтпайды. Сонда да өз ұнатқан адамын қармағына іліп алуға шебер. Олар жыртық аңдар секілді: жемтігін өзге біреу іліп әкеткеніне шыдай алмайды. Өйткені әлемдегі ең кереметтер тек менің ғана қолымда болуы керек деп ойлайды.

Сурет: Асхат Казиев

Ұқсас жазбалар:

Бастығыңыз өзімшіл ме?

Мінездің түрлі міндері

 

 

А. Әбілхан