Мінездің түрлі міндері

Мінездің түрлі міндері

Адам баласының мінезі сан алуан. Әлемде қанша адам болса сонша мінез бар. Мінездері ұқсас адамдар бар ғой деген қарсы ой қылаң берер. Алайда "әр адам - бір әлем" екенін ұмытпаған жөн. Адамға туа бітті берілетін мінез бар да, жүре пайда болатын мінез бар. Әрине кім болмасын "жақсы адам" болуға ұмтылары анық. Егер бойыңызда сіз ұнатпайтын мінез болса тезірек арылуға тырысыңыз. Жәй тырысып қана қоймай соған күш салыңыз. Ұлылардың мінездің түрлі міндері туралы айтқан пікірлеріне құлақ түріңіз. Мүмкін бұл сізге көмектесер...

  • Жаман мінез-құлық – рухани кесел. Бұл кеселді жою үшін тән кеселін емдеуде қолданылатын дәрігердің тәжірибесіне еліктеу керек.

әл-Фараби

  • Басқа адамдардың айтқан пікірін иемденіп кету – надандық болар еді, мұның өзі ниеті арам адамға лайық қылық болар еді.

әл-Фараби

  • Егер адам өз бойында жоқ нәрселерді өзіне жатқыза беретін болса, онда ол адамда көлгірсушілік пайда болады.

әл-Фараби

  • Залымдар қанауда халықты санасыз,

      Бетінде қаны жоқ, кілең имансыз.

В.Гете

  • ...өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың құнын, гүлін бұзады.

Абай Құнанбаев

  • Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық,

      Аздырар адам баласын.

Абай Құнанбаев

  • Тұрлаусыздың қолынан не келеді!

     Ынтасыз қайтіп өнер үйренеді?

Абай Құнанбаев 

  • Бес нәрседен қашық бол:

     Өсек, өтірік, мақтаншақ,

     Еріншек, бекер, мал шашпақ.

Абай Құнанбаев

  • Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – зұлымдық.

Абай Құнанбаев 

  • Адам баласының ең жаманы – талапсыздық.

Абай Құнанбаев

  • Егер сені ешкім қадір тұтпаса, мұның себебі өзіңде екенін ұмытпа.

Ф.Додридж

  • Жабығушылық дүниеге жалқаулықпен ілесе келген.

Ж. Лабрюйер

  • Өз уақытын – ұзақ дегенде бір сағатқа рәсуа қылуға бел байлаған адам – өмірінің бар қадір-қасиетін түсінуге шамасы жетпеген тоғышар.

Ч.Дарвин

  • Үмітсіз адам – зәкірсіз корабль іспеттес.

Э. Тельман

  • Ең үлкен қате – ешқашан қателеспеймін деп ойлау.

Т.Карлейль

  • Әзілсіз ақымақтар ғана тіршілік етеді.

М.М.Пришвин

  • Төсектің жиналмауы тек қана етек ала бастаған салақтықты көрсетпейді, сонымен бірге ол белгіленген режимге менсінбей қараушылықты көрсетеді.

А.С.Макаренко 

  • Жаманның көңілі – көкте, жерде басы.

Жамбыл Жабаев

  • Жағымсыз, тынымсыз бір сорақы тыпырлап, жалбақтап, дөңгеленіп құйтыңдағанда өзін табаға салып пісіріп жатқандай бұлтыңдайды.

Мұхтар Әуезов

  • Опасыздық – ойсыздық.

Бауыржан Момышұлы 

  • Өзіне-өзі ғашық болушылық, бұл – адамның үлкен соры. Бұл ең алдымен  өзімшілдікті, өзімшілдік – күншілдікті туғызады.

Мұхтар Әуезов 

  • Жаман адам жақынға да жатындай.

А.П.Чехов 

  • Қорбиып тұрған бір байғұс

     Өлі жүнді таймен тең...

     Бір жаманға сөз айтсаң,

     Құлағына кірмейді,

     Не айтқанын білмейді...

     Шаруа десең жирендеп

     Өсек десе сүйреңдеп...

Дулат Бабатайұлы

  • Бір сынаған жаманды,

      Екіншілей сынама...

      Ермін деген жігітті,

      Кеңшілікте сынама.

Махамбет Өтемісұлы 

  • Бірезу болма өзімшіл,

      Мініңді тапса, кім сынап,

      Аяғына, бар жығыл.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

  • Бөгде адамның жетістігіне қуана білмеген адамға әлеуметтік өмірдің мақсаты да жат.

А.П.Чехов

  • Мәдениеттілік пен сырттай жылтырақтық екі түрлі нәрсе.

Р.Эмерсон

  • Ешкімге күнім түспейді деп кеудесін керген адам қатты қателеседі, бірақ өзгелер менсіз күнін көре алмайды деп кердеңдеуші адам одан бетер қате жасайды.

Ф.Ларошфуко

  • Жаманға айтқан ақылың, Ағып кеткен селмен тең.

Шал ақын

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: www.rb.ru

Н. Айдархан